Медицина • 07 Сәуір, 2017

Оңтүстіктен солтүстікке...

742 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы биыл оңтүстіктен қоныс аударатын 300 отбасын қабылдауға дайын.  Ол үшін 600 баспана, 1 мыңға жуық жұмыс орны мен  35 мың гектар егістік жер  әзірленген. Шығыс Қазақстан облысының Рейдер және Шемонайха аудандарына көшіп келетін 150  отбасына тұрғын үй берілетін болады. Жалпы, бүгінде шығыс өңірінде бос жұмыс орны 2 мың 105-ке жетіп отыр. Сондай-ақ, Қостанай облысы биыл оңтүстіктен қоныс аударатын 30 отбасын қабылдауға ниетті. Ал Павлодар облысы 100 отбасы үшін 473 бос жұмыс орнын ұсынбақ.

Оңтүстіктен солтүстікке...

Бұл деректер  Шымкентте өткен «Өңіраралық еңбек ұтқыр­лығын дамытудың бизнес-форумы» барысында жария етілді. Жалпы, елімізде ішкі ең­бек миг­рациясына соңғы жылдары ерекше көңіл бөліне бас­тады. Ал биылғы бастамалар мен нәти­желі іс-шаралардың негізі Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан бастау алып отыр. Жолдауда «басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігі» айтылған болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғы­ша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиім­ділігін бағалаудың негізгі кри­­терийінің бірі болатынын ес­керт­ті. Осы орайда, Үкімет Ел­басы тапсырмасы бойынша «Нәти­желі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасын» іске асыруға кірісті. Елі­міз­дің Қостанай, Павлодар, Сол­­түс­тік Қазақстан, Шығыс Қазақ­­­стан облыстарынан келген де­ле­­гацияның қатысуымен Мақ­та­­арал мен Сарыағаш аудан­да­рын­да жұмыссыздарға арнал­ған «Өңір­аралық бос жұмыс орын­дары жәрмеңкесінің» ұйым­дас­ты­рылуы да бағдарлама шең­берін­де атқарылған іс-шараның бірі. Халқы тығыз қоныстанған Оң­түс­­тік өңірінде алғаш рет өткі­зіл­­ген еліміздің 4 өңірі жұмыс беру­­ші­­лерінің бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде солтүстік, шы­­ғыс өңірлерінен келген өкіл­дер жер­гілікті тұрғындарға бос жұ­мыс орындарын ұсынып, жасала­тын жеңілдіктер жөнінде мағлұ­мат берді. Мысалы, Солтүс­тік Қазақ­стан облысы ауыл шаруа­шылығы бас­қармасы басшы­сының орынбасары Алтынбек Абдоллаевтың айтуынша, бүкіл Қазақстан бойынша ең үлкен егістік жері бар өңір еңбек күшінен тапшылық көруде. Сол себепті 300 мыңнан астам тұрғыны бар Мақтаарал ауданынан жұмыс ізде­ген азаматтарды солтүстікке тарт­қысы келеді. «Біздің ұсыныс­тары­мыз ұнап, жұмыс істеу үшін солтүстікке көшетіндерге үй, жер беріліп, кәсібі, шаруашылығы әрі қарай дамуы үшін түрлі көмек­тер көр­сетіледі. Сондай-ақ, педа­го­ги­ка­лық, техникалық, тағы басқа да маман­дықтар бойынша бос орын­дар көп. Былтыр Оңтүстік Қазақ­стан облысынан 200-дей отбасы көшіп барды. Бүгінде олар өздері­нің отбасылық кәсібін дамытып, қанат­тарын кеңге жайып отыр», – де­ді А.Абдоллаев. Сондай-ақ, жәр­мең­кеде мақтааралдық жастарға «Сер­пін» бағдарламасы бойынша сол­түстік өңірлердің жоғары оқу орын­дарында грантпен оқу мүм­­кін­діктері түсіндірілді. Осы ара­­да айта кетелік, «Серпін» бағ­дар­­ла­масы шеңберінде 5627 жас сол­түс­­тік­тегі оқу орындарында бі­лім алуда. Аудандағы кездесулер нәти­­жесінде 97 мақтааралдық азамат от­басы­мен солтүстік өңірлерге көшу­­ге ниет білдіргені мәлім болып отыр.

Ал Сарыағаш ауданында өткен жәрмеңкеде 800-ге жуық бос жұ­мыс орындары ұсынылды. Нәти­жесінде, сарыағаштық 124 отбасы жұмыспен қамтып, жағдай жасайтын өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірді. Аудандардан бастау алған жәрмеңке Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында жалғасты. Солтүстік өңірлердегі 636 жұмыс беруші оңтүстікқазақстандықтарға білім беру, денсаулық сақтау,  мем­лек­еттік басқару, ауылшару­ашы­лық пен құрылыс салалары бо­йын­ша 1785 бос жұмыс орнын ұсынды. Оңтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі Жансейіт Түймебаев жәр­меңк­е Елбасы қойған міндет­терді бірлесіп жүзеге асыру мақ­сатында өткізіліп отырғанын, оңт­үс­тікте табиғи-климаттық және гео­графия­лық жағдайының қолай­лығы адам индексінің дамуына оң әсерін тигізетінін жеткізді. Өңірде халық саны соңғы он жылда жыл сайын 2 пайызға өсіп, бүгінде 3 миллионға жуықтаған. Оның ішінде ауылды жердегі тұрғындар 1 млн 571 мың адамға жетіп, жалпы халық­тың 54,9 пайызын құрап отыр. Яғни, халық санының өсуі өз кезе­гін­де жұмыспен қамтуға әсерін тигі­зу­де, бұл бағытта сұраныс бар сол­түс­тік өңірлермен байланыс­ты ны­ғай­ту маңызды. Облыс орта­лы­ғын­дағы іс-шараның ашылуы кезін­де Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Тамара Дүй­сенова оңтүстікте еңбек күші ай­тар­лық­тай артық болса, сол­түс­­тік өңірлерде жұмыс қолы­ның тап­­шы­лығы сезілетінін айтып өтті. «Сон­дықтан, аталған жәр­мең­ке Оң­түс­тік тұрғындарына өз ма­ман­дығы бо­йын­ша жұмыс табу­ға көмек­те­седі деген үміт бар. Осы орай­да, мем­­лекет, жол шы­ғын­дары мен бір жыл бойы баспа­на жалдауға ке­те­тін шығынды өтеу­ге субсидия бө­ле­тінін атап өт­кен жөн. Еңбек күші артық өңі­р­лер­ден жұмыс қоры тапшы аймақ­тар­ға қоныс аудару жұмыскер мен жұмыс берушінің өзара қызы­ғу­шылығы бойынша ерікті түрде жүзеге асатынын атап өткім келеді», – деді министр.  

Жұмыс іздеушілерге ерекше мүмкіндік жасаған жәрмеңкелер «Еңбек нарығының мобильділігін арттыру» өңіраралық бизнес-форумына ұласты. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түй­ме­баев, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Қостанай, Павло­дар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары әкім­­дері­нің орынбасарлары, Оңтүс­тік Қазақстанның қалалары мен аудандарының әкімдері, өңірлер­дегі жұмыспен қамтуды және әлеу­меттік бағдарламаларды үйлес­тіру басқармаларының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының басшылары, жұмыс берушілер және тағы басқа да тараптар қатысқан форумда облыстардың еңбек нары­ғындағы мүмкіндіктері мен жос­парлары әңгімеленді. Мысалы, облыс әкімі Ж.Түймебаев жыл соңына дейін күнгейден теріскейге 400 мың тоннаға жуық бақша, 250 мың тонна көкөніс, 15 мың тонна жеміс-жидек, 15 мың тонна жүзім жөнелтуге мүмкіндіктің бар екенін, сәйкесінше, ол жақтан бидай, картоп, малазықтық жем өнімдерді алуға болатынын, өңіраралық кооперативтер жүйесін қалыптастыру жолдарына мән беру қажеттігін жеткізді. «Бүгінде Оңтүстіктің бақ­шалық өнімдері онсыз да мың­даған шақырымға тасымалданып, Ресейге өткізіліп жатыр. Ал сол көкөністі өсіруді солтүстік өңірлерде жолға қойып, шекара асыру әлдеқайда тиімді болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, шаруалар солтүстіктен оңтүстікке жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін де молынан дайындап, осында жіберуіне мүмкіндік туа­ды. Бұл өз кезегінде еліміздегі азық-түлік нарығын реттеуге оңды ықпал ететіндігі сөзсіз», – деді Ж.Түймебаев. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі күні Қазығұрт ауданындағы «Амангелді» корпорациясы Ақмола облысында 5 мың гектар бидай дақылын өсі­румен айналысып келеді. Қо­сым­ша Ақмола, Қостанай облыс­тарында 10 мың гектар, ал «Тілеу­берді» серіктестігі 12 мың гек­тар жер алуға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы «Алтын дән» ЖШС  Ақмола облысы Егіндікөл ауданында 60 мың гектар бидай егеді. Осы орайда облыс басшысы өңірдегі ұн өндірумен айналысатын кәсіпорындарды өңіраралық байланыс орнатуда белсенді іске көшуге шақырды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»