Сол сауалға жуырда министрден жауап келді. Онда Қазақстандағы цирк өнерінің дамып келе жатқанына биыл 47 жыл болатындығын айта келіп, оның мамандарын Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрадалық цирк колледжі дайындап жатқанын айтыпты. Өзінің 50 жылдық өмірінде бұл оқу орны 360 маман дайындап шығарған екен. Ал 2009 жылдан бастап Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Цирк режиссурасы» деген мамандық бойынша жоғары білімді мамандар дайындауды қолға алыпты. Осы жағы болмаса, цирк өнеріне жоғары білімді болудың тіпті, міндетті де емес екенін депутатқа жауап астарлап берілген сияқты.
Сенатор Әли Бектаевтың жергілікті полиция қызметіндегі олқылықтарға назар аударып, Премьер-Министрге жолданған сауалы «Егеменде» жарияланған. Жуырда сол сауалға жауап келіп, онда былай делініпті: «Қазіргі уақытта, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүдделі мемлекеттік органдар ЖПҚ жұмысына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде және қызметтің қалыптасуына қарай еліміздің өңірлерінде құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында оның функциялары мен өкілеттіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады.
Үкіметтің 2017 жылғы бірінші жарты жылдыққа арналған жұмыс жоспарында ЖПҚ жұмысын ұйымдастыруды жетілдіру және тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар көзделген».
Сондай-ақ, сенатор Мұрат Бақтиярұлының аң мен құстарды атуға шектеу шараларының қарастырылу тиімділігі төмен екендігі айтылып, дабыл көтерген сауалы да жарияланған еді. Оған Премьер-Министрден мынадай жауап келді: «Үкіметтің жауабы мүдделі мемлекеттік органдармен қаралып, пысықталғаннан кейін ұсынылады.
Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер және жануарлар дүниесінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының шеңберінде аңшылық шаруашылығы субъектілерінің жабайы жануарларды ерiксiз және жартылай ерiктi жағдайларда өсiруін ынталандыруға бағытталған нормалар қарастырылғанын хабарлаймын».