Біздің бұл мәселені қозғауымызға өңірлерде болып, сайлаушылармен кездесулер өткізген кезде олардың еліміздің тарихының маңызды мәселелерін көтергендігі себеп болды. Адамдарды қазір тек экономиканың жағдайы ғана қызықтырмайды, сонымен бірге, олар тарихи мұраны сақтауға да мүдделілік танытып отыр. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргіннің салдарынан ұлтымыздың көптеген саяси қайраткерлері мен зиялы қауымның таңдаулы өкілдері «халық жауы» деген жаламен атылып кетті және ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.
Міне, осындай қилы заманда қазақ халқы тағдыр тәлкегімен Қазақстанға келіп бас сауғалаған басқа этнос өкілдеріне шынайы қайырымдылық көрсетіп, олардың ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне толеранттылықпен қарап, өз бойындағы ғажап гуманистік қасиеттерді айқын танытты. Ендеше, осы айтылған жайлардың негізінде, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне сәйкес жалпыұлттық бірлікті нығайту, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және ортақ тарихи мұрамызды насихаттау мақсатында Мәдениет және спорт, Дін істері және азаматтық қоғам, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне, Астана және Алматы қалалары мен облыстардың әкімдіктеріне төмендегідей қоғамдық-саяси шараларды өткізу туралы тапсырма берілуін ұсынамыз:
– үстіміздегі жылы ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргіннің басталғанына 80 жыл толуына арналған ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;
– білім беру мекемелерінде ашаршылық және жаппай саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдармен кездесулер және ашық сабақтар өткізу;
– жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін мәңгі есте қалдыруға байланысты ономастикалық жұмысты жандандыру және оларға арналған мемориалдар мен ескерткіштер орнату жұмыстарын жалғастыру;
– кітапханаларда жаппай саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдардың қатысуымен оқырмандар конференцияларын, аталған тақырып бойынша музейлерде көрмелер ұйымдастыру, кинотеатрларда көркем және деректі фильмдерді көрсету, театрларда пьесаларды сахналау;
– оқушы және студент жастардың «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған музей-мемориалдық кешеніне және басқа музейлерге, сондай-ақ, жаппай саяси қуғын-сүргінге қатысты тарихи орындарға экскурсияларын ұйымдастыру;
– мемлекеттік тапсырысты орындайтын бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай саяси қуғын-сүргін және одан құрбан болғандар мен зардап шеккендер туралы телерадиохабарлар мен жарияланымдар дайындау керек.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Мәжіліс депутаты