Қазіргі таңда көрші мемлекеттердің азаматтары, сонымен қатар, Мақтаарал, Сарыағаш және Шардара аудандарының 12 елді мекенінің тұрғындары А-15 «Жызақ – Жетісай – Сарыағаш –Жібек жолы» автожолы арқылы қатынайды.
Аталған автожолмен Қонысбаев кедендік өткізу бекеті арқылы өтетін Өзбекстан, Ауғанстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия және т.б. елдердің халықаралық транзиттік жүк көліктері де қатынайды. Мәселен, 2016 жылы осы жол арқылы 42 000-нан астам транзиттік жүк көлігі өткен. Оның үстіне, Мақтаарал ауданында жылына 1 млн тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа әкету, оған сырттан құрылыс және басқа да материалдарды әкелу үшін келетін ауыр жүк көліктері де жолға нормадан артық салмақ түсіруде.
«Жызақ – Жетісай – Сарыағаш – Жібек жолы» автожолы үшінші санаттағы жол болып табылады. Оның өткізу қарқындылығы нақты қалыптасқан жағдайдан көп төмен болып отыр. Мәселен, қолданыстағы Қазақстан Республикасының 3.03-09-2006 Нормативтер және қағидалар жиынтығына сәйкес үшінші санаттағы жолмен тәулігіне 3 000 көлікке дейін өтуі қажет. Алайда, қазіргі таңда аталған жолмен бір тәулікте өтетін көлік саны 27 000 көлікті құрап, нормадан 9 есе асып отыр. Соның салдарынан 2015-2016 жылдары осы жолда 343 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 505 адам жарақат алып, 77-сі қайтыс болған.
Осыған байланысты ұзындығы 56 шақырым болатын бірінші санатты айналма жол салу және күніне 120 жүк көлігі өтетін Қонысбаев кеден бекетіне дейінгі 68 шақырым жолды жаңарту қажеттігі туындап отыр. Бұл айналма жолдың жаңа құрылысы техникалық-экономикалық негіздемесін облыстық бюджет есебінен дайындауға әзір екендігі туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан 2017 жылғы 2 ақпанда Үкімет басшысына №24/859 хат жолданған. Алайда, мәселе әлі шешілмей отыр, ал уақыттың созылуы аталған жолдың тасымалдау-пайдалану сапасының нашарлауына алып келетіні әрі көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауында транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есеге көбейту тапсырмасына сәйкес, аталған жолды болашақта шетелдік транзиттік көліктер үшін ақылы ету мәселесін де қарастырған дұрыс.
Асылбек СМАҒҰЛОВ,
Мәжіліс депутаты