Канаданың Монреаль қаласында өткен кеште қос боксшы алғаш болып шаршы алаңға шықты. Жекпе-жек алты раундқа есептелген.
Айқас бастала салысымен отандасымыз шабуылға ұмтылып, мексикалықты қыспаққа алумен болды. Бірінші раундта-ақ қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірді. Екінші раундта осы көрсеткішін қайталады. Абылайханның кезекті соққыларынан кейін Кристиан төртінші рет нокдаун алып, орнын көтеріле алмай қалды.
25 жастағы Құсайынов осымен алтыншы жекпе-жегін өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Оның бесеуін мерзімінен бұрын аяқтады. Кәсіпқой бокста дебютін 2015 жылы Қытайда өткізсе, қалғаны Канадада ұйымдастырылды. Ал 30 жастағы Арразола 13 жекпе-жегінде есе жіберіп отыр. Сондай-ақ, 23 рет жеңіске жетіп (16 нокаут), екеуінде тең түскен.
Айта кетейік, Монреальдағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық Батыр Жүкембаев мексикалық Космен Ривераны жеңіп, IBO International белбеуінің иегері атанды.