Қазақстан • 07 Сәуір, 2017

«Түзелмейтін қателіктің» астарлы ақиқаты

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Швед суретшісі Туве Крабо бүгінде Гетеборг қаласында тұрады. Ол Қызылжар өңірінде өз шығармаларына арқау болған көрмеге қатыса алмаса да, Швецияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Христиан Камилл арнайы келді.

«Түзелмейтін қателіктің» астарлы ақиқаты

Алдымен С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебеп кітапханада швед ақыны Гуннар Экелефтің «Мельнская элегия» атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Оны елшінің әйелі Надежда Волнова орыс тіліне тәржімалап, оқырман қауымға ұсыныпты. Елші мәдени ошаққа ХVІІІ ғасырда жарық көрген жәдігерлерді сыйға тартты.

Көркемөнер мұражайында белгілі суретшінің құрметіне ұйымдастырылған экспозиция «Түзелмейтін қателік: алғашқы жарылыс» деп аталады. Акварель бояуларымен және қара сиямен салынған туындылар Абай жерінде атом бомбасынан зардап шеккен бейбіт тұрғындардың ауыр халі мен тіршілігі жайлы баяндайды. Тубе Крабо ажал ошағына айналған сынақ алаңы туралы жан-жақты мағлұмат жинағаннан кейін Қазақстанға сапарлаған.Техногендік зілзала орын алған жерлер оның қиялына қанат бітіріп, ғажайып дүниелер туған. «Шаған көлі» деп аталатын картина табиғаттың мамыражай тыныштығын көзге елес­теткенмен, астарында ядролық жарылыстардың сұмдық салдары жатқанын аңғару қиын емес.

– Көрмедегі суреттердің қай-қайсысы болсын Қазақстанға ті­келей қатысы бар. Былтыр Семей полигоны жабылуының 25 жыл­дығына орай осындай игі шаралар Астана мен Семейде ұйым­дас­ты­рылып, екіжақты ынты­мақ­тас­­тықтың арқасында Қызылжар же­­рінде жолымыз түйісті, – дей ке­ліп, елші Қазақстанның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мү­шесі болғанын ерекше атап көр­сетті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы


Соңғы жаңалықтар