Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

17 сарбазды еске алу рәсімі өтті

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан Ұлттық ұланының тәжік-ауған шекарасында қаза болған 17 жауынгерін еске алу митингісі болып өтті. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі хабарлады.

17 сарбазды еске алу рәсімі өтті

Халықаралық келісімге сәйкес, Ішкі әскердің, яғни Ұлт­­тық ұлан­ның әскери қызмет­шілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қа­тысты. Осы жылдары кезекті ауы­сым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауын­герлік тапсырманы орындады. 

Памир тауындағы Пшихавр шатқалында 1995 жылдың 7 сәуі­рінде болған қарулы қақтығыс кезінде Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33-і жараланған еді. Қаза болған сарбаздардың есімдеріне көше, мектеп атаулары жер-жерлерде берілді. Әскери бөлімшелерде ескерткіштер ашылды. Мәселен, Естелік аллеясы Ұлттық ұлан бас қолбасшысының бастамасымен және Астана қаласы әкімінің қолдауымен 2009 жылы сәуір айында ашылған. Ал 2014 жылы осы жерде ескерткіш орнатылды. Енді міне, дәл осы ескерткішке Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының генералдары мен ардагерлері, жеке құрамы, Парламент және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, Астана қаласы әкімдігі басшылығы, ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, қаза болған жауынгерлердің туыстары, интер­националист-ардагерлер келіп, есіл ерлерді естеріне алды.

Ұлттық ұлан бас қолбас­шысы­ның орынбасары, генерал-майор Альберт Мат­кари­мов шара барысында қаза болған жауын­герлердің ерен ерліктері туралы сөз етті.

– Қыршынынан қиылған 17 тағдырды қайтара алмаймыз. Бірақ олардың ерлігін әр кезде еске сақтауымыз керек. Олар – Отан үшін өз өмірін қиған ержү­рек ерлер. Қызмет барысында қаза болған әскерилердің отбасыларына көмек көрсету Ішкі істер министрінің бастамасымен қолға алынды. Қаза болған 17 жауынгеріміздің де отбасыларына үнемі көмек көрсетілетін болады, – деді  ол.

Сондай-ақ, жиында қаза бол­ған жауынгерлердің жақындары мен қаруластары марқұмдар туралы естеліктер айтты. Содан кейін, жиналған қонақтар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ша­ра­ның ресми бөлімі біткен соң, жұрт­шылық Естелік аллеясында 17 жауынгерге арналған ескерт­кішке гүл шоқтарын қойды.