11 Сәуір, 2017

​Велосипед те күй талғайды

679 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Велосипед – адам күшімен қоз­ғалатын, жедел жүруге арналған көлік құралы. Сонау ХІХ ғасырда ойлап табылған бұл екі доңғалақты көліктің саны қазіргі кезде мил­лиардтан асады екен. Осыған орай оны пайдаланушылар қатары да аз емес. Өйткені, қос доңғалақты көліктің тиімді жағы көп.

​Велосипед те күй талғайды

Жалпы, велосипед жедел жүрісі­мен ғана емес, оны тебу кезіндегі дене­­шы­н­ықтыру қозғалысымен ерек­ше­ленеді. Денсаулыққа пайдалы әрі жүріп-тұруға қолайлы және өзге көлік түрлеріне қарағанда, тиімді бол­ған­дықтан да велосипед өтімді. Ең бас­тысы, экологиямызды сақтауда оның орны мүлде бөлек. Сондықтан оны көпшілік болып пайдалану өр­ке­ниетті елдерде әлдеқашан жолға қо­йыл­ған. Соңғы жылдары біздің ел де бұл үр­діске қосылып, халқымыздың бі­раз бөлігі вело­сипедті тақымға қысты.

Алайда... әр нәрсенің өз орны бар, дейді атам қазақ. Мәселен, көшеде трамвай қозғалуы үшін оған арнайы темір жол тартылуы керек. Сол сияқты небір автокөліктердің жүрісі үшін арнайы тасжол салынып, түрлі айы­рым белгілерімен қамтамасыз етіледі. Тіпті, жаяу жүргіншілерге арналған табанжолдар, яғни тротуарлар төселеді. Сонымен, жол жүрісі заңы бойынша әр көліктің (велосипед те көлікке жата­ды) өз жүрер жолы бар. Бірақ біз­дің елдегі жағдай басқаша. Соған орай қос доңғалақты көлікке отырған қазақстандықтардың өтініші бар.

Қазір тек елді мекендерде ғана емес, қалаларымызда да велосипед жүр­­гізушілер қатары молайып келе­ді. Және оның пайдалы екенін жұртшылық жақсы біледі. Тек жергілікті биліктің сол үр­дісті қос­тап, көше қиылыстары ма­ңын­да, халық көп шоғырланатын жер­лер­де, ірі сауда үйлерінің қасын­да, т.б. тұстарда арнайы велосипед тұ­рақ­­­тарын ашып қойғаны және онда жалға берілетін қос дөңгелекті көлік­тің тізіліп тұратындығы көңіл қуантады. Мәселен, Астана­да вело­шейринг жүйесі бойынша қоғамдық велосипедтер орындары орнатылды. Бұл жақсы бастама болды. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, сол қос доң­ғалақты көлікке отырған қазақ­стан­дықтар үшін әлі күнге вело­сипед­ке арналған арнайы веложолдар жоқ. Біз бұл арада қалада орнатылған көптеген қоғамдық велосипедтер стан­салары арасын бір-біріне жалғайтын арнайы веложолдың жоқтығын айтып отырмыз. Өркениетті елдерде мұн­дай жолдар жаяу жүргінші жүретін тро­туарлардың қатарында бөлек орна­ласқан. Оларда веложолмен жаяу жүргіншілерге жүруге де қатаң тыйым салынады.

Ал мұндай жолдарды көргіңіз кел­се, мәселен, ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай Астананың «Жасыл бел­деуі» аумағының оңтүстік-батыс бөлігінде ашылған, яғни жалпы ұзын­дығы 23 шақырымға созы­латын жаңа веложолды барып, тамашалауға болады. Сол сияқты Есіл өзені жаға­лауының кейбір жерлерінде, парктерде үзік веложолдарға деп лайықталған тұстар бер екенін білеміз. Сол сияқты Ақтау қаласында да ондаған миллион теңгеге веложол салынып, артынша-ақ бүлініп қалғаны бар. Бірақ олардың бәрі демалыс кезін­дегі қыдырыс үшін қажет. Ал адам­дардың көпшілігіне веложолдар көлік қатынасы үшін керек. Ондай жол жоқ. Сондайда әуелі қаланың ана басы мен мына басына, яғни төрт бұры­шын түгел қамтитындай вело­жол­дар салынып, содан соң ғана қоғам­дық велосипедтері бар стансалар орнатылса, қандай ғанибет болар еді дейді тұрғындар.

Жолдың жиегімен кетіп бара жатқан велосипедшіні жеңіл немесе жүк көліктерінің қағып кеткені туралы талай жазылды. Елімізде велосипедшілер жол-көлік оқиғаларына жиі ұшырайды екен. Мәселен, 2015 жылы – 69, 2016 жылы 50 велосипедші жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Онда бірнеше адам қаза болған. 62 адам жарақат алған. Айта берсе, велосипедке отыратын адамның көшеде емін-еркін, қауіпсіз жүруіне кедергі келтіретін жайттар жоқ емес. Өйткені, велосипед өзге көлік түрлеріне теңестіріледі. Сондықтан велосипедші көлік жүр­гізуші ретінде жол жүрісі ережесін сақтауы тиіс. Ол жолдың тек оң жақ шетімен ғана қозғалуы керек. Егер жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, онда жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі. Бірақ жолдың мұндай тұстарындағы ойдым-ойдым ойықтардан, өзге көлік­тердің ығыстырып жол бермеуінен, жол жүрісі ережелерінің дұрыс сақ­тал­мауынан велосипедшінің жүйке­сі тозып бітеді. Ал тротуармен мүлде жүруге болмайды.

Демек, заман талабы мен өрке­ниет­ті уақыт үрдісіне сай, велосипедшілер­дің жайы мен қауіпсіздігін түпкілікті ескеретін мезгіл жеткені анық.


Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан»