Аймақтар • 11 Сәуір, 2017

Тұқым мәселесі шешімін тапты

1053 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Ақтөбе аймағында көк­тем жай шығып келеді. Қардың көбесі тек наурыз айының соңына қарай сөгілді. Дегенмен, көктемгі тіршілік өзінің хабарын берді, қат-қабат науқандық жұмыстар бел алып келеді. Соның ең бастысы көк­темгі егіс науқаны екені бел­гілі. Бұған облыс диқандары әзір ме?

Тұқым мәселесі шешімін тапты

Бұл мәселеде бірінші кезекте тұ­қым мәселесі тұратыны белгілі жай. Ашығын айтқанда, Ақтөбе ай­­ма­ғында мұның алдындағы жыл­­дарда сапасы төмен тұқымдар егу тә­жі­ри­бесі болғанын жоққа шы­ғару­ға бол­майды. Ал биылғы көктем­­дегі егістіктің жай-күйі қандай.

Бұл орайда, біріншіден айтайын дегеніміз, көктемгі егіске қажетті тұқым толығымен құйылып алын­ған. Бүгінгі күнге дейін қолда бар тұқымның 47 пайызы бірінші клас­ты, 35 пайызы үшінші клас­ты. Оның бәрі де кондициялық мөл­­шерге жеткізілген. Биылғы жылы аймақта шығымдылығы тө­мен тұ­қымдар түгелдей жойыл­ған. Өт­кен күзден бері атқа­рыл­ған жұ­мыстар нәтижесінде шы­ғым­­­ды­лығы төмен тұқымдар то­лы­­­ғы­­мен ауыстырылған. Со­лай бола тұрса да, қазіргі күні шығым­дылығы жоғары деп сұрыпталған тұқымның өзі қайта тазартылуда.

Облыстың егін шаруашылығы саласында кейінгі жылдары әрта­раптандыру жұмыстары жүр­гізіліп келеді. Соған орай дәнді дақылдардың бірқатар түрлері азайтылса, керісінше, өзге бір түрлері ұлғайтылған. Бұл орайда, бірінші кезекте шығымдылығы жоғары тұқымға назар аударылып келеді. Дақылдар бойынша қажетті тұқымдар жөнінде айтар болсақ, олардың қай-қайсысы да жеткілікті. Биылғы көктемгі егіске 40 мың тонна тұқым қажет деп есептелген. Қазіргі күні мұның бәрі толық құйылып алынған. Өңірде 384 мың гектар дәнді дақыл егістігі болады деп күтілуде. Бұл – өткен жылғы мөлшермен салыстырғанда  43 мың гектарға артық.

Аймақта дәнді дақылдар егіс­ті­гінің қай түрі де жеткілікті. Деген­мен, соның ішінде арпа егістігіне басымдық берілуде. Сондай-ақ, биыл өткен жылғы мөлшерге қара­ғанда бидай егістігі де 30 мың гек­тарға ұлғайған. Мал азығындық және майда дақылдарға қажетті тұқымдардың жай-күйі де айрықша назарда болып отыр. Өңірде мұн­дай бағыттағы дақылдардың тұқы­мы жеткілікті. Ал, майлы дақыл­дардың тұқымын қаладағы өсім­дік майын шығаратын кәсіп­орын­­дар қамтамасыз етеді. Негізі­нен күнбағыс егілуде. Дегенмен, май­да дақылдардың өзге түрлері өте аз екенін айтуға тура келеді.

Облыс бойынша биыл 4600 гек­­тар алқапқа майлы дақыл­дар егілмек. Бұл өткен жылмен са­лыс­­тырғанда 2200 гектарға ар­тық. Көктемде себіледі деп күті­ліп отырған майлы дақылдар егісті­гінің алқабы 206 мың гектарға жет­кізілмек. Бұл – өткен жылғы мөл­­шер­мен салыстырғанда 29 мың гек­тарға жоғары.

Мұның алдындағы жылдарда көктемгі егіс науқаны туралы әңгіме болғанда, тек біржақты дақыл­дық егістер туралы ғана ай­ты­лып, картоп және көкөніс мәсе­­лелері ұмыт қалып жатушы еді. Әйтсе де, кейінгі кезде бұл сала­ларға деген көзқарас өзге­ріп келе­ді. Бұған қатысты талап та күшей­тілген. Соның арқа­сын­да аймақта картоп пен көкөніс өнім­дерінің көлемі де молайып келеді.

Яғни, өткен жылы 6100 гектар жерге картоп егілсе, биыл оның көлемі 180 гектарға ұлғайған. Өңір­­де картоп тұқымы жеткілікті. Об­­лыста картоп өсірумен «При­городный» шаруашылығы айналысады. Мұнда көкөніс өнімдерінің көлемі 4218 гектар болады деп жос­­парланып отыр. Бұл – өткен жыл­ғы мөлшермен салыстырғанда әлде­қайда жоғары.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы



Соңғы жаңалықтар