Әлем • 11 Сәуір, 2017

Сирия: сарапшылар не дейді?

190 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Сирияны қанатты зымырандармен атқылауы өткен аптадан бері халықаралық саясаттағы басты тақырып болып отыр. Дональд Трамптың бұл шешімін қуана қолдаушылар да, қатаң сынаушылар да бар. Бірақ бәрін ойландырып отырған күрделі сұрақ: Енді не болмақ?

Сирия: сарапшылар не дейді?

Cирияға зымыран шабуылы дегенде, АҚШ-тағы соңғы президент­тік сайлау науқанын еске түсіретін екі нәрсе бар. Біріншісі – Трамптың ол сайлауды «АҚШ күш-қуатын сырт­қы жанжалдарға емес, ішкі проб­ле­ма­ларды шешуге жұмсауы тиіс» деген ұранмен жүргізуі. Екіншісі – республикалық кандидат пен Ресей президенті Владимир Путин ара­сын­дағы түсініксіз сыйластық және осыған байланысты «Трамп­тың президент болуына Ресейдің де ықпалы бар» деген пікірдің пайда болуы.

Ал соңғы бірнеше күндегі жағ­дай қандай? АҚШ сыртқы саясатын өзгертеді, халықаралық мәселелерге көп килікпейді деген жаңа президент Мәскеу тікелей қолдап отырған Сирия­ның әскери базаларын бомбылады. Және қай кезде? Қытай басшысы Си Цзиньпин Трамппен алғаш рет кездесу үшін АҚШ-қа ресми сапармен келген күні.

7 сәуірдегі оқиға әлемдік қоғам­дас­тық үшін күтпеген жағдай болды. Мұны саясаткерлердің, сарап­шы­лардың пікірі анық көрсетеді. Ресми пікір негізінен екі түрлі болды. Батыс басшылары Трампты бірауыз­дан қолдады. «Өз халқын газға тұн­шық­тырған Асадқа бұл лайықты жауап», деді олар.

Мәскеудің реакциясы сәл кеш­теу шықты. Владимир Путин АҚШ соққысын «агрессия» деп бағалады, бұл жағдай «Ресей-Америка қатынас­тарына айтарлықтай зардабын тигізе­тінін» айтты.

Иран Сыртқы істер министрі Жавад Зариф «Вашингтон химиялық қару қолданды деген жалған айыптау негізінде әскери күшке жүгінді», деп мәлімдеді. 

Қытай бұл оқиғаға қа­тыс­ты әзірге ресми мәлімдеме жаса­ған жоқ. 

Ал сарапшылар «Неге бұлай бол­ды?», «Трамп жаһандық мәселе­лер­ге кіріспекші ме?», «Ахуал енді қалай өрбиді?» деген сұраққа жауап іздеді. Соның ішінде Обаманың кезінде АҚШ Сириядағы жағдайға ара­ласпап еді, енді міне қайта оралды, ол үшін Асадтың химиялық шабуылын пайдаланды деген пікірлер көбірек айтылды.

Бүгінге дейін Трампты үздіксіз сынап келгендердің көбі оның бұл шешімін жоғары бағалады. «Трампты қанша жек көрсе де болады, бірақ бұл жолы оның дұрыс жасағанын мойындау керек. Тіпті, бұзылған сағаттың өзі тәулігіне екі рет дұрыс уақытты көрсетеді емес пе?», дейді The Guardian.

Сарапшыларды бұл оқиғадан кім не ұтады деген сұрақ та мазалап отыр. Ресейлік саясаттанушы Григорий Голосов бұл жөнінде былай дейді: «Асад АҚШ пен Ресей арасында Сирия бойынша келісім жоқ жерде ғана жаны қалатынын жақсы біледі. АҚШ Сирияға құрлықтан басып кірмейді, мұны да түсінеді. Ал әуеден жасалған шабуыл онша қауіпті емес. Асад ДНР-ЛНР сияқты қуыршақ емес, оның өз ойыны бар. Идлибке химиялық шабуыл АҚШ пен Сирия арасын­дағы «келісімді» мүлдем жоққа шығар­маған шығар, бірақ қатты қиында­тып жібергені анық. Асад дегеніне жетті. Ал Ресей не ұтты?».

Енді не болады дегенге келсек, бұл да күрделі сұрақ. «Саясаткер ретінде Трамптың алдағы әрекетін болжау мүмкін емес екен. Ол Асадқа көзқарасын айналасы бірнеше күн ішінде өзгерте салды. Ендеше, алда не болатынын болжау қиын», дейді ВВС-дің Таяу Шығыстағы шолушысы Джереми Боуэн.

Британдық Times газетінің ха­барына қарағанда, Мәскеу Сирия пре­зиденті  Башар Асадты қол­дауын қоймаса, Лондон Ресейге санк­ция­ларды күшейтуді талап етпек. Ал Ресей мен Иран Сирияға шабуылдар қайталанған жағдайда әскери күшпен жауап беретінін білдірді. Ресейдің Лондондағы елшілігі Батыс Мәскеуге ультиматум қоймағаны дұрыс, оның соңы нағыз соғысқа апарып соғады, деп мәлімдеді.

Осы аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Мәскеуге барады. Ол «Үлкен жетіліктің» атынан Ресейге Асадпен байланысты үзу, Сириядағы әскерін әкету жөнінде ультиматум апарады деген болжам бар.  Сонымен қатар,  бұл кездесуде Владимир Путинге «Үлкен жетілікке» қайта кіру туралы ұсыныс жасалуы мүмкін. Қырымды қосып алғаны үшін Ресей «Үлкен сегіздік» қатарынан шығарылған болатын. Бірақ Путин қайта оралғысы келеді деген пікір айтылып қалып жүр. Бірақ ол үшін Ресей Сириядан кетуі керек.

«Ресей ультиматумға көнбейді. Бірақ Сирияның көп нәрсеге кедергі болып отырғанын Мәскеу түсінеді», дейді Daily Telegraph.  

Ал Сирияға шабуылдан кейін не өзгерді? Ресей Сириядағы операция­лар кезін­де авиациялық ұшулардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, төтенше оқиға­ларды болдырмау туралы АҚШ-пен арадағы меморандумды тоқтатты.

Жерорта теңізінің Сирия жағалауына қанатты зымырандармен қаруланған «Адмирал Григорович» әскери кемесін жіберді.

Ұлыбритания сыртқы істер ми­нистрі Борис Джонсон 10 сәуірге бел­гі­ленген Ресей сапарынан бас тарт­­ты. «Сириядағы оқиғалардан ке­йін ахуал күрт өзгерді. Маған қазір «Үлкен жетілік» кездесуі алдында АҚШ және өзге де елдермен байла­ныс­ты жалғастыру маңызды», деді ол. Джонсон «орыстарға айқын әрі келісілген үндеуді» сол кездесуден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон жеткізетінін айтты. Оның бұл шешімі Мәскеу тарапынан қатаң сынға ұшырады.

Ержан Әбдіраман, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар