Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

Ауғанстан делегациясының алғысы

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елордада Қазақстан мен Ауғанстан сыртқы саясат ведомстволарының арасындағы саяси кон­суль­тацияның кезекті раунды өтті. Қазақстан деле­га­ция­сына Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов жетек­шілік жасаса, Ауған­стан делегация­сын осы ел Сыртқы істер министрінің орынбасары Хекмат Халил Карзай бастап келді.

Ауғанстан делегациясының алғысы

Ақылбек Камалдинов ауған­стандық әріптестеріне Қазақ­стандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырулар туралы, Елбасының Жолдауы жө­нінде баяндап берді. Ол еліміз­де өткізілетін халықаралық ша­ра­ларға, атап айтқанда, Шан­хай ынтымақтастық ұйы­мы­ның саммиті, Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымы, ЭКСПО-2017 сынды шараларға Ауғанстанның қатысуы маңызды екенін айтты. Ыстанбұл процесі, Ауған­стан бойынша аймақтық эконо­микалық ынтымақтастық, БҰҰ-ның Орталық Азия экономи­касына арналған бағдарламасы сынды Ауғанстанға қатысы бар көптеген халықаралық және аймақ­тық бағдарламаларға елі­міз­дің белсене қатысып жат­қанына да тоқталды.

Өз кезегінде, Хекмат Халил Карзай Қазақ­станның БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі болып сайлануына орай құт­тық­тауын жеткізді. Ол осы сайлауда Ауған­станның еш ойланбастан Қазақстан үшін дауыс бергенін, алдағы уақытта еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі бастамалары мен жұмысын қол­дауға әзір екенін айтты.

– Біз Қазақстанның Ауған­станға көрсеткен көмектері үшін алғыс білдіреміз. Ауған елі қиын­дыққа ұшырағанда сіздер демеу болып, қалыптасқан про­блемаларды шешуге көмек бер­діңіздер. Сіздер ауған жас­тарына көптеген стипендия тағайын­дап, Қазақстанның бетке ұстар оқу орындарында білім алуына жағдай жасадыңыздар. Ауған жастары түрлі ғылым салалары бойынша сапалы білім алуда, олар күні ертең өз елін алға сүй­рейді деп сенемін, – деді Хек­мат Халил Карзай.

Айта кетейік, 2009 жылы Қазақ­стан Мемле­кет­тік білім беру бағдарламасының аясында ауған­с­тандық мың студентке біздің елімізде жоға­ры және орта-техникалық білім алуға жағдай жасалған болатын. Сондай-ақ, сол елде әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін гуманитарлық көмек көрсеткен еді.

Хекмат Халил Карзай Қазақ­стан­ның 2 миллион доллар инвестициясы үшін алғыс білдіріп, бұл қаржы біраз мәселені шешу­ге көмектескенін айтты. Оның айтуынша, Ауғанстанның Ұлт­тық бірлік үкіметі елдегі ахуалды тұрақтандыру үшін барлық күш-жігерін жұмсауда.

Консультация кезінде тарап­тар Ауғанстан Ислам Рес­­пуб­ликасының президенті Мохам­мад Ашраф Ганидің 2015 жылы Қазақстанға жасаған рес­ми сапары аясында қол жет­кізіл­ген келісімдердің жүзеге асы­рылу барысын талқылады. Халық­аралық күн тәртібінде тұрған өзге де өзекті мәселелер бойынша өз­ара пікір алмасты.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар