Кино • 11 Сәуір, 2017

Тұмар патша туралы фильм

666 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сақ халықтарының байырғы заманда ел билеген атақты әйел патшасы Тұмардың көркем бейнесін кинода сомдау туралы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Бірақ төрт құбыланың тұтас билеушісі атанған парсының әйгілі патшасы Кирдің басын алған сақ патшайымының көзсіз ерлігін экрандауға келгенде кинорежиссерлер әлдеқандай себептермен кірісе қоймайтын.

Тұмар патша туралы фильм

 Екі жарым мың жыл бұрынғы оқиғаны жаңғыртып, аты аңызға айналған таңғажайып Тұмардың өз халқының бостан­дығы үшін күрескен ерлігі мен әйелге тән махаббатын өнер тілі­мен сөйлету оңай шаруа емес. Міне, енді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бо­йын­ша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Сатайфильм» киностудиясымен бірлесе отырып, биылғы жылдың ең ірі жобасы – «Тұмар» атты тарихи жобаның түсірілімін қолға алып, дайындық жұмыстарын бастап та кетті.

Бұған дейін «Рэкетир», «Адас­қандар», «Ликвидатор», «Жау­жүрек мың бала» атты фильм­дерді сәтті түсіріп, «Анаға апа­рар жол» туындысын Әлия Назарбаевамен бірге шығарма­шылық бірлікте жүзеге асырған режис­сер Ақан Сатаевтың «Тұмар» ту­ралы туын­дысы тағы да екі жақты жауап­кершілікпен атқарылмақ.

– Бұл ауқымды жобаның авторы – Әлия Нұрсұлтанқызы. Өзде­ріңізге белгілі, «Анаға апарар жол» фильмінде бірлесіп, табыс­ты жұмыс жасадық. Енді, міне, мен және менің түсіру тобым аса қызығушылықпен және үлкен жауапкершілікпен осы тарихи жобаға кіріскелі отырмыз. Бүгінгі күні тарихи материалдармен танысып, сценарийді жазу және талдау, жобаның өндірісін жос­парлау, түсіру тобын құру, ғалым-кеңесшілерді жобаға тарту, алдын ала түсірілім локацияларын таңдау сияқты дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Ақан Сатаев.

Режиссер жақын күндері рес­публикалық кастинг жарияла­натынын хабарлады. Фильм тү­сірілімі басталмай тұрып, бар­лық актерлер қару-жарақ асынып, ат­қа жайдақ мініп, садақ тартып, соғыс өнерінен сауаттарын ашу үшін алдын ала дайындықтан өте­тін болады. Фильм түсіру жұ­мысы биылғы жылдың қазан айында басталып, 2018 жылдың ақ­панына дейін жалғасады. Кино­туындының сценарийін жазуды Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов қолға алған. Айта кетсек, түсіру жұмыстарына елі­міз­дің алдыңғы қатардағы кино мамандары қатысады, сонымен қатар, шетелдік мамандар, оның ішінде скрипт-доктор және ком­пьютерлік графика шеберлері жұмыл­дырылатын болады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ