Аймақтар • 11 Сәуір, 2017

ШҚО-да жәрмеңкеде жалған баға қойған шенеуніктер әшкереленді

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» деген сөз осындайда айтылса керек. Өскемен мен Семейде апта сайын ауылшаруашылық жәр­меңкелері ұйымдастырылып, қала тұрғындары өңірдің әр ауданынан әкелінген ет, сүт өнімдерін арзан ба­ғаға сатып алып жүретін. Алайда, облыс орталығы – Өскеменде өтетін жәр­меңкелер кезінде ет бағасын қол­дан өзгертіп, халықты алдап кел­ген шенеуніктердің ісі әшкере болды.

ШҚО-да жәрмеңкеде жалған баға қойған шенеуніктер әшкереленді

Өткен сенбіде, яғни 8 сәуір күні Глубокое ауданының ауылшаруа­шылық жәрмеңкесін аралаған кезде аймақ басшысы Даниал Ахметовке қала тұрғындары сөредегі ет баға­сының мың құбылатынын айтып, мұңдарын шаққан болатын. Мәселен, сиыр етінің бағасы 1300 теңгеден сатылады деп көрсетілгенімен, шын мәнінде 1500 теңгеден саудаланған.

«Халықтың шағымы орынды болып шықты. Барлық жәрмеңкелерде Өскеменнің алыпсатарлары өздерінің еттерін саудалаған. Бұған жол берген шенеуніктердің барлығы жазаланатын болады. Сөреге жалған баға қойған Глубокое ауданының әкімі мен оның орынбасарына, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысына қатаң сөгіс жарияланды. Жәрмеңкені алыпсатарлардан тазарту үшін жергілікті полицияға тапсырма берілді», – деді өңір басшысы облыс әкімдігінің кеңейтілген жиынында.

Азамат Қасым,

"Егемен Қазақстан"

ӨСКЕМЕН