Олай дейтін себебім: ұлттық арнадан апта сайын берілетін көкпар ойыны туралы репортажда «көкпаршы» сөзінің орнына «палуан» дейтін сөз үнемі айтылады. Осы сөзді о баста Рамазан Сәттібаев дейтін жігіт жиі қолданып жүрді. Бірді-екілі жерде, радио мен телехабардың тілі жөнінде журналистер сұрақ қойғанда Рамазанның «жаңалығын» жұқалап сынап кеттім. Жұқалап дейтін себебім, Рекеңді ат ойындарын насихаттауда біраз еңбек сіңірген, ат танитын адам ретінде құрметтеймін. Солай бола тұра бұл жігітке «көкпаршы» деген сөздің неге ұнамайтынына таңмын? Көкпаршыны қазақ екі бастан қадірлеген. Керек десеңіз аты шыққан көкпаршының есімімен бүкіл ауыл-аймақты атаған. Оған көптеген мысал келтіруге де болады. Жә, оны әрі қарай қазбаламай-ақ қоялық...
Ал, енді осы әңгімеге түрткі болған мақаланың авторы – Бекен Қайратұлы көкпар мен көкпар аты жайлы хабары мол, сөзді де орынды қолданады екен. Әсіресе, Рамазанның ашқан «жаңалығын» бір рет те пайдаланбағандығы сүйсіндірді. Яғни, «көкпаршы» сөзін бір мақалада сегіз рет қолданады. Тіпті, он рет пайдаланса да орынды деп ойлаймыз. Өйткені қазіргі телерепортаждағы әлгі жағымсыз «жаңалық» осылай қайталана берсе, «көкпаршы» сөзінен көз жазып қаларымыз анық. Себебі бұл сөзді көкпар жайлы репортаждардан бір рет те естімеппін. Ат спорты мен көкпар ойыны туралы берілімдерді жүргізушілердің көбі дерлік қазір көкпаршыны «палуан» дейтін болды. Сонда деймін-ау, «көкпаршы» сөзі несімен ұнамайды екен? Біле-білген адамға ол – мақтау, мадақ сөз емес пе? Аталған мақала авторы да көкпардың жауынгерлік өнер екендігін әдемі жеткізеді. Сол өнерді керемет игерген ат үстіндегі ер-азаматты жердегі палуанға теңеуді тапқырлық дейміз бе? «Палуан» сөзі кәдеге аспай, архаизмге айналып жатса бір сәрі. Аллаға шүкір, оның да пайдаланылатын жері жетіп - артылады емес пе.
Сөз демекші, «өнер алды – қызыл тіл» деп қазекем бекер айтпаған болу керек. Бүкіл өнер біткеннің алды – осы қызыл тіл екенін ескертіп кеткен бабаларға мың да бір рахмет! Ендеше, сөз қолданыста «жаңалық» ашудан бұрын әркім елге айтпағын ойланып-толғанып алғаны жөн болар еді. Әйтпесе бақуатты деген сөзді «бай» мен «қуаттыға» айналдырғаннан не ұттық. Қазақ мақтаныш ететін әулетті «бақуатты жандар» екен деген.
Сөз біледі деген, телевизияға көп еңбегі сіңген досымның – Нұртілеудің осы тіркесті алғаш айтқан кезінде кешіріммен қарағанымыз рас. Өйткені телеөнерде ондай-ондай «атың шықпаса, жер өрте» болып тұрады. Сол арқылы ерекшеленіп, аудиторияны жаулайды. Мысал керек пе, онда Лари Кингті, Уинфри Опраны, Владимир Познерді атауға болады.
Ларидің ұзын жеңді көйлек киіп, оның жеңін әдейі түріп, шалбар тартқыш тағынып отыратыны бекер емес. Оны да өзіндік ерекшелік қалыптастырудағы әдіс деп қабылдау керек. Сонысымен дүниежүзіне танылды. Опра екі көзін камерадан аудармай сөйлеу арқылы тыңдаушысын арбап отырады. Біздің Нұртілеудің, әсіресе, «Бетпе-бет», «Көршілер» деген авторлық бағдарламаларындағы сөз саптауы, хабар жүргізу мәнері өзіне жарасты. Ал «бай, қуатты» болайық деген тіркесі де кезінде қызды-қыздымен айтылып кеткен шығар деп түйдік. Айтылған сөз – атылған оқпен тең. Оны қайтара алмайсың. Өткенді қаузағымыз да келмеді. Бірақ, осы «әттегенайды» енді айтпасқа болмас. Сөз ұстаған, аты шыққан (телевизияға сіңірген еңбегімен) білікті журналисіміздің баяғы «жаңалығын» әлі күнге дейін қайталай беруі, тіпті жаңа арнаға барып «бай, қуатты» болайық деп тағы сондай хабар жүргізуін қолдай қою қиын. Қайта бұрынғысын жастыққа теліп, кезінде имидж қалыптастырудың бір тәсілі болды ғой. Әйтпесе «бақуатты» деген сөзді білмейді деп ойламаңыздар дегенді айта жүруі артық етпес еді.
Ал енді мақтап отырған мақала авторының да сөз саптасы жайлы бірер мысал келтірелік. Өйткені бұл автор да сөз білетін жандар қатарына жататын сияқты. Ол көкпар мен көкпардың аты, оның ер-тұрман жабдықтары жайлы көп мәліметтер береді. Онысы өте орынды болған деп қабылдадық. Бірақ өз жанынан шығарғандай етіп жеткізгеннен гөрі сүйенген деректерін келтіріп, өз ойын өзгелердің еңбегімен байытып отырғаны артық болмас еді. Оның үстіне академик Смет Кеңесбаевтың басшылығымен шыққан сөздік бар екендігін де ұмытпауымыз керек. Қазақ халқының сөздік қоры, сөз қолданысы кім көрінгеннің алдына салып айдап жүре беретін жекеше малы емес. Ол – бүкіл елдің ең бағалы байлығы. Ол – таза, кәусар дүние.
Б.Қайратұлы мақтаулы мақаласында: «ақылды ат», «жүрегі жақсы жылқы» деген тіркестерді қайталап қояды. «Ақылды» сөзі адам баласының өзіне де талғап айтылатынын неге ескермейміз. Ендеше жануарға одан гөрі үйретілген, епті, оңтайлы деген сияқты анықтауыштарды пайдаланған дұрыс шығар. Сол сияқты көкпарға «қызбел», «ұрыншақ» ат таңдайды дегені де қисынға келе бермейді. Көкпарға белді ат керектігі бесенеден белгілі. Сондықтан қисынсыз әңгімені өрбітіп, көкпардың түрін қолдан көбейтудің де керегі шамалы. «Ат арқасы» деген тіркесті де жиі қолданады екен. Ер аттың арқасына емес, желдікке, аттың қапталына түседі. Әлгі тіркесті дәл солай ұғынсақ, ат та, сөз де жауыр
болады. Сол сияқты жүгеннің құрамына (авторша айтсақ) сағалдырық, сулық, желкелік, кеңсіріктік кіргенде маңдайлық неге кірмеуі керек. Ол бүкіл ат әбзелінің әсемдік айшығы емес пе еді. Ондай айшықты өмілдірікке де, құйысқанға да тағатын еді ғой. Әсіресе ат маңдайындағы айшық сонадайдан көз тартатын-ды. Қазіргі жүгендерде, өкінішке қарай, ол мүлде жоқ.
Дегенмен Бекеннің мақаласын оқып, бұлақтың кәусар суын ішкендей ләззат алдық. Осы басылымнан Ұларбек Нұрғалымның ән мәтіні жайлы, қос жүйріктер тағдыры туралы бұдан бұрын жазған мақаласын оқығандағы әсерімізді де ашық айтуымыз керек. Ұлттық құндылықтарымызды, көне тарихымызды, ана тілімізді дәріптейтін, салт-санамызға жүгінетін осындай дүниелер жиі жарияланса, ел газеті – «Егеменіміздің» «аға» деген аттан атаға айналар шақ та ұзай қоймас.
Намазалы Омашұлы