Бизнес • 11 Сәуір, 2017

Немістер Қазақстаннан жылына 5 тонна алтын өндірмек (іскерлік басылымдарға шолу)

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар ресейлік банктерден алыстай бастады. Жамбыл облысынан ірі алтын кен орны ашылады. Алматы сәулетшілері қала орталығына биік үй салмауды дұрыс санайды. Мұнай өңдеу зауыттары сатылатын болды.

Немістер Қазақстаннан жылына 5 тонна алтын өндірмек (іскерлік басылымдарға шолу)

Кapital.kz: Ресейлік банктер қазақстандық тұтынушыларынан айырылуда

Бір жылда ресейлік банктердің Қазақстандағы төрт еншілес ұйымы кредиттерінің жиынтық көлемі 161 млрд теңгеге азайды. Қазақстан екінші деңгейлі банктерінің қарыз портфелі 2017 жылғы ақпанның аяғында 15,14 трлн теңгеге дейін 3,1%-ға қысқарды. Бір жылда ресейлік банктердің Қазақстандағы төрт еншілес ұйымы кредиттерінің көлемі 11,3%-ға, 1,43 трлн теңгеден 1,27 трлн теңгеге азайды.

Елдегі банктердің жалпы қарыз портфелінің жалпы көлемнен олардың үлесі бір жылда 9,1%-дан 8,4%-ға дейін қысқарды. Соның ішінде Сбербанк несиелерінің көлемі 135,7 млрд (12,6%) жоғалтып, 940,3 млрд теңгені құрады. 2016 жылғы мамырдың аяғында триллионерлер тізімінен шығып, шілденің соңында бұл тізімге қайта кірді, ал келесі айда тізімнен біржолата шығып қалды. 

Қазақстандағы екінші ірі ресейлік Альфа-Банк қарыз портфелі 2017 жылғы ақпанның соңында 33,2 млрд теңгеге (20,9%) азайып, 125,7 млрд теңгені құрап отыр. 

2016 жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 2017 жылғы қаңтар-ақпанда өсім көрсеткен жалғыз ресейлік банк – Хоум Кредит Банк. Оның қарыз портфелі бір жылда 21,3 млрд (21,1%) теңгеге өсіп, 122,1 млрд теңгені құрайды. 

Forbes.kz: Неміс инвесторлар Қазақстаннан алтын іздейді

Aurum Deutschland AG компаниясының үлескер компаниясы «Aurum Deutschland» ЖШС  Жамбыл облысы Қордай ауданында тау-кен-металлургия кешені жобасын бастады. Кен орнынан аталған компания 100 тонна алтын өндірмек. 

2016 жылы басталған геологиялық барлау жұмыстарын «Латон-Геосервис» ЖШС бастаған. Барлау жұмыстары 2021 жылға дейін жалғаспақ. Ал биыл жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталады. 2019 жылы тау-кен-металлургия комбинатының құрылысы қолға алынбақ. 

Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін Гагаринское, Шоқпар, Қаратас, Ырғайты, Тасполы, Майбұлак, Шығыс кен орындарынан алтын өндіріле бастайды. 

Жоба толығымен іске қосылғаннан кейін жылына 5 тонна алтын, 120 тонна күміс шығарылады. Осының арқасында Aurum Deutschland компаниясы Қазақстанда алтын мен күміс өндірісі бойынша көлемі жағынан үшінші ірі компания болмақ. 

Vlast.kz: Алматы сәулетшілері ескі орталықта зәулім үй салуға алаңдаулы

Urban Forum Almaty жобасының қатысушылары жұртшылыққа ашық хат жазды. Хатта олар Алматы қаласындағы Төле би көшесінен төменірек Панфилов көшесінің бойына көпқабатты тұрғын үй құрылысы қолға алынғанына алаңдаушылық білдірген.

Олардың пікірінше, жаңа құрылыс қаланың тарихи сәулетін бұзып тұр.  

«Биік ғимарат маңайдағы аласа үйлерге күн түсірмейді, Панфилов көшесі бойындағы көлік кептелісін тудырып, қозғалысты бөгейді. Сонымен қатар, бұл маңайға мұндай биік үйлердің салынуы қала орталығында қалыптасқан тарихи ғимараттардың көрінісін бұзады» делінген ашық хатта.  

Алматының ескі орталығында 30-жылдары салынған тарихи ғимараттар бар.

Қала сәулетшілері шаһар басшылығына биік ғимараттарды қаланың басқа жерлеріне салуды ұсынады.

Айта кетейік, Алматы қаласындағы Панфилов – Төле би – Бөгенбай батыр – Фурманов көшелері арасында Exclusive Construction компаниясы  Panfilov атты жаңа тұрғын үй құрылысын қолға алған болатын. 19 050 шаршы метр аймақты алатын нысан 2018 жылы салынып бітуі тиіс.

Lsm: Мұнай өңдеу зауыттары жекешелендіріледі

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Атырау мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру әдістерін әлі нақтылаған жоқ, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі. 

Зауытты жекешелендіру жұмыстары әу баста 2016-2020 жылдар аралығына жоспарланған. Әзірге нақты қай кезде сатылатыны белгісіз.  

«Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жекешелендіру туралы нақты шешім шығысымен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы әлеуетті инвесторлар іздей бастайды. Зауыттың бағасы инвесторлардың сұранысына қарай белгіленеді. 

Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау мұнай өңдеу зауыты «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компанясы» АҚ-тың серіктес кәсіпорны саналады. 

Бүгінде АМӨЗ жаңғырту жұмыстары қарызға алынған қаражат есебінен жүргізілуде. Ал оны қайтаратын қаржы мұнай өңдеу тарифтері есебінен төленеді. Қосымша қарыз алу жоспарда жоқ. 

Қазақстан Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың пікірінше, елдегі үш мұнай өңдеу зауыттары да жекешелендірілуі әбден мүмкін. 

Дайындаған Бауыржан Мұқанов, 

"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар