Әлем • 11 Сәуір, 2017

Сириядағы соғыс: G7 елдері Ресейге санкция салмауы мүмкін

463 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

​Италияның Лукка қаласында G7 елдері Сириядағы химиялық шабуылды талқылады, деп жазады ВВС.

Сириядағы соғыс: G7 елдері Ресейге санкция салмауы мүмкін

Аталған елдердің сыртқы істер министрлері АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонды Сирияны қолдаудан бас тартуға көндірмек. Тиллерсон «Үлкен жетілік» саммитінен соң Сирия бойынша келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге барады деп күтілуде. 

Дегенмен, жиын барысында G7 Ресей мен Сирияға қарсы жаңа санкциялар енгізуге байланысты ортақ келісімге келе алмады. Сонымен қатар бұл елдердің барлығы Сирияның президенттік билігіне Асад келгелі жағдайдың ушыға түскенін айтты.

Британ үкіметінің өкілдері Ресей мен Сирияға қарсы санкция енгізу үшін алдымен өткен аптадағы химиялық шабуылды толығымен зерттеу керектігін айтуда. G7 тобының басқа мүшелері де химиялық шабуылдың нақты әрі бұлтартпас дәлелі болмай, санкция салуды кейінге қалдыратын болып шешті. Ал Италияның сыртқы істер министрі Анджелино Альфано G7 Сауд Арабиясы, Иордания, Катар мен Түркиямен кеңескенін атап өтіп, бұл келіссөздерді «саяси жетістік» деп бағалады.

Өткен аптада Ресей АҚШ-тың Сирияға жасаған шабуылын «агрессиялық әрекет» деп айыптаған болатын. Соған қарамастан АҚШ мемлекеттік хатшысы өзінің ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен, тіпті, президент Владимир Путинмен де кездесуі мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, Тиллерсон Асад пен Мәскеудің арасын алшақтата алмайды. Себебі, Асад – Ресейдің Таяу Шығыстағы маңызды әскери жақтасы. Сондай-ақ Ресей Сирия президентінің билікте қалуы үшін әскери, саяси және қаржылық қолдау көрсетіп келеді.

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар