Аймақтар • 11 Сәуір, 2017

Он жеті оғланға обелиск орнатпақ

300 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

​Осыдан тура 22 жыл бұрын Тәжік-ауған аумағында ТМД елдерінің ішкі шекарасын күзетуде, үкімет тапсырмасын орындау барсында Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты.

Он жеті оғланға обелиск орнатпақ

Осы орайда Қарағанды қаласында биылғы жылдың 7 сәуірінен бастап, 7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесіне дейін «Ерлік» атты айлық акция өтпек. 

Аталмыш акция облыс орталығындағы Жеңіс саябағында 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерге арналған «Ерлік күні» митингісінен бастау алады.  

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Еркін Ботақанов «Ардагерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды филиалымен иықтаса, ерлікпен қаза тапқан батырларға арналған обелиск орнату жөнінде Қарағанды қаласының әкімшілігіне ұсыныспен шығып отыр. 

Тарихтан білетініміздей, халықаралық келісімге сәйкес, Ішкі әскердің, яғни қазіргі Ұлттық ұланның әскери қызметшілері 1993 жылдың маусымынан 1999 жылдың тамызына дейін тәжік-ауған шекарасын күзетуге қатысты. Осы жылдары кезекті ауысым түрі бойынша 20 құрама рота құрылып, 2 мыңнан астам сарбаз бен сардар жауынгерлік тапсырманы орындады. 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшихавр шатқалында болған қарулы қақтығыс кезінде Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тауып, 33-і жараланған еді. 

Бұл сұрапыл шайқаста қарағандылық қаһарман, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының тумасы Еркебұлан Мақажанов та ерлікпен қаза тапқан болатын. Еркебұлан Мақажановтың өшпес ерлігін ескере отырып, туған ауылында көше атауы беріліп, оқыған мектебі мен тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. 

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 15 сәуірдегі «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының тәжік-ауған учаскесіндегі шекарасын қорғауды күшейту туралы» қаулысына сәйкес, жауынгерлік міндеттерін орындау кезінде өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері туралы айту бүгінгі жас ұрпақ үшін де, ертеңгі Отан қорғаушылар үшін де аса қажет іс. Есіл ерлерге орнатылмақ белгі де он жеті оғланды еске салып, боздақтарға тағзым яки құрмет болмақ.  Әрине, ешкім де, ешқашан да ұмытылмақ емес. Бұған дейін де Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан бас қолбасшысы және Астана әкімдігі бірлесе отырып, «Отан-Ана» монументі жанынан ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерге Аллея ашқан болатын, ал 2014 жылы обелиск орнатылды. Сонымен қоса, Қарағанды қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының ауласында жоғарыда аталған 17 сарбаздың есімдері алтын әріппен жазылған «Жауынгерлік Даңқ» мемориалы орнатылды.  

Жалпы, 1992-2001 жылдары тәжік-ауған шекарасы учаскесіндегі ТМД елдерінің шекарасын күзетудегі жауынгерлік әрекетке 9 мыңдай әскери қызметші қатысыпты. Шекарада қаруланған топтармен қақтығыс, заставаларға әртүрлі шабуылар, террорлық әрекет және диверсиялардың  нәтижесінде барлығы 43 казақстандық сарбаз қайтыс болса, 100-ден астамы жараланды. 

Кеншілер астанасында өтпек жоспарлы іc-шараға шаһар башылығы, мәслихат депутаттары, ҰҚК шекара қызметі, Қорғаныс министрлігінің «Астана» және Қазақстан Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылықтарының өкілдері мен бөлімдерінің жеке құрамдары, сонымен қоса, тәжік-ауған, ауған соғысының ардагерлері, патриоттық клуб оқушылары, облыстағы ЖОО студенттері, мектеп оқушылары қатыспақ.


Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Соңғы жаңалықтар