Шара барысында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов аталған акция 1 ай бойы жүргізіліп, оның аясында ҰОС ардагерлері, аса мұқтаж жалғызбасты тыл еңбеккерлері мен қариялардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің жедел шешілуі қолға алынатынын, сондай-ақ ҰОС батырларына арнап орнатылған ескерткіштер мен мемориалды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ардагерлерге деген қолдаулар партия және жасотандықтар мен еріктілерден құралған топтар тарапынан жан-жақты көрсетілетінін атап өтті.
Дөңгелек үстел отырысына «Невада-Семей» ҚБ Қызылорда облысы бойынша ардагерлер кеңесінің, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, қалалық ішкі саясат, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қатысып, ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Ардагерлер партияның бұл бастамасына ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта осындай игі іс-шара жалғасын таба берсе екен деген тілектерін жеткізді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА