Баспасөз конференциясына «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамедиева, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрайымы Гүлнәз Атамқұлова және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев қатысты.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген жоспарға сәйкес, 567 мың гектар алаңдағы басым дақылдар қаржыландырылуы тиіс. Келіп түскен өтінімдерге сәйкес, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің рапс, зығыр, арпа және күріш егуге қызығушылықтары артып отырғаны байқалады. Сонымен бірге, тауар өндірушілердің 3 басым дақылға деген белсенділігі төмен болуын атап өту қажет, бұл қант қызылшасы, мақта және астық жүгерісі. Аталған бағыттарды қаржыландыру жұмыстары қойылған жоспарға жеткенге дейін жалғасады», деді «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамедиева.
Ағымдағы жылы бюджеттен бөлінген ақша қаражаты тікелей Аграрлық несие корпорациясына беріледі. Қаржыландыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар екінші деңгейлі банктерді қорландыру арқылы қарыз алушылар үшін соңғы пайыздық мөлшерлеме жылдық 5 пайызды құрайды, несие серіктестіктерін, аймақтық инвестициялық орталықтарды, шағын қаржы ұйымдарын қорландыру арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін соңғы мөлшерлеме – жылдық 6 пайызды, корпорацияның жылдық 2 пайызбен екінші деңгейлі банктің кепілдігімен тікелей несиелеуі, ол ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін банктің кепілдік құнын есепке алғанда, шамамен жылдық 6 пайызды құрайды.
Сондай-ақ, ауылшаруашылық кооперативтерін екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру бағдарламасы жалғасады. Егер 2015 жылы қаржыландыру екі кооперативтен басталса, 2016 жылы 10 кооператив қаржыландырылған болатын, ал биылғы жылы 12 кооператив қаржыландыруға өтініш беріп отырған көрінеді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»