М.Әшімбаев өзінің сөзінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұсыну мен экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды сапалы іске асыру үшін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған Бес институттық реформаның кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытының маңыздылығына ерекше тоқталды.
«Бүгінгі таңда Елбасы жариялаған Бес институттық реформаның ішіндегі маңызды бағыттың бірі мемлекеттік қызметті дамытуға қатысты болатын. Әсіресе, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мен дамытуға басымдық берілген. Соңғы екі жыл ішінде саланы жетілдіруге арналған заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ал енді біздің осы басқосуымыздың басты мақсаты – салаға қатысты заң талаптарының орындалу барысын егжей-тегжейлі талқылау. Негізінен, бұл жерде қандай мәселе бар, нендей шаруалар жүзеге асырылуда деген секілді сауалдарға жауап іздеп, тар шеңберде ғана қалып қоймай, тақырыпты тереңірек зерттеп, таразылағымыз келеді. Себебі, мемлекеттік құрылымдардағы ашықтықты қамтамасыз ету арқылы біз кәсіби мемлекеттік аппарат құратын боламыз. Міне, қоғамға осы мәселелерді шынайы, ашық ұғындыруымыз қажет», деді М.Әшімбаев.
Содан кейін Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындалған кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жөніндегі тапсырманы іске асыру барысы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінде жаңа қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның арқасында 15 тармақтың 11-і сәтті іске асырылған.
Негізгі баяндамадан соң пікір алмасу кезінде парламентшілер мемлекеттік қызметке кіру мен одан өту, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен Әдеп кодексі нормаларының орындалу деңгейін арттыру бойынша нақты ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, халық қалаулылары мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу бойынша тәсілдерді өзгертуге, «А» корпусына кіретін лауазымдар тізбесін оңтайландыруға, Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын одан әрі дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді қызу талқылады.
Өз кезектерінде сөз алған Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Е.Оңғарбаев, Бас прокуратураның Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары Г.Шүшікова мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау органдарына жұмысқа тұру және олардан өту кезіндегі бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталып, оларды шешу жолдарына назар аударды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»