Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Адамның әуел бастан тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды» деп, тәрбиенің адам өміріндегі зор маңызын меңзеген екен. Сөз басын тәрбиеден бастауымыз тегін емес. Жақында ғана Қостанай қаласындағы Алтынсарин мемориалдық музейінің қызметкерлері ұйымдастырған «Жаның да, тәнің де таза болсын!» атты дөңгелек үстел отырысына қатыстым. Ұлы педагогтің «Таза бұлақ» әңгімесінің желісімен өрбіген пікір алмасуда мен де өз ойымды білдірдім. Ыбырай айтқан тазалықтың астарында ар-ұжданның кіршіксіздігі, адамның рухани әлемінің сұлулығы жатқанын сөз еттім. Қандай лауазым иесі болса да рухани бай болып, адамдықты ту етіп ұстаса, бүгінгі қоғам үшін жегі құрттай қауіпке айналған сыбайлас жемқорлық та асқынбас еді. Баршамыз баланы рухани бай етіп тәрбиелеу-
дің маңыздылығы жөнінде білеміз және жегі кеселдің білім беру саласынан аулақ болуын тілейміз.
Ұлы ағартушы Ыбырай небәрі 22 жасында «Шәкірттерімнің адамгершілігіне ықпал жасау үшін, келешекте олардың парақор болып кетпеуі үшін бар күшімді салып әрекет етудемін» деп жазыпты. «Адамгершілік» пен «парақор» сөздерінің мағыналық жағынан бір-біріне жанаспайтыны секілді болашақ ағартушы жас та болса, парақор адамнан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын ескерткен. Ыбырай бабамыздың жемқорларды жек көріп, қоғам үшін қауіпті құбылысқа қарсы тұрғанын оның хаттарындағы жолдар да айғақтайды. Ол «Бас-аяғы 10 жыл ішінде миллионер бай болған, оған дейін ешнәрсесі болмаған, осы елдің күшті жемқорларының бірі олардың істеп жүргендерін менің жаратпайтындығымды біліп қалды. Сондықтан ол мені бұл арадан қуып жіберудің амалын істеп жүр», деп жазады. Осылайша ісімен де, «Көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза ұста, көңілің сол рәуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын» деген сөзімен де ұлы ағартушы адамгершіліктің бастауында ар тазалығы, адамның рухани дүниесінің кіршіксіздігі тұрғанын көрсетіп кетті.
Ы.Алтынсарин өнегесінен, оның тәрбие жөніндегі тағылымын айтуымыз тегін емес. Тәрбие қай заманда да, қай қоғамда да өзектілігін жойған жоқ. Адамгершілік болмаса, соңы қылмыспен аяқталатын жаман әдеттер ұлттың да тамырын суалтады. Қоғамды жемқорлық пен имансыздық жайлаған кезде қай саладан да бәсекеге қабілеті нашарлайтын ұлтты жаһандану жалмап қоймай ма деген қауіп көңілді күпті етеді. Педагог-ғалымдардың елімізде білім беру саласында жақсы жетістіктерге қол жеткізуге ден қойылады да, жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге жеткілікті көңіл бөлінбейді, деуі де қазіргі оқу-тәрбие ісінің әлсіз тұсын көрсетіп тұр. Әйтсе де бұл тәрбиешілердің, жалпы жұртшылықтың жанайқайына айналмай тұрғаны өкінішті-ақ. Заман талаптарымен үндесе әрекет жасауға құлықсыз секілдіміз.
Иә, адамгершіліктің маңызды құрамдастарының бірі – ар тазалығы. Осы орайда Шәкәрімнің «Ақ жолдан айнымай, Ар сақта» деген өсиет сөзі ойға оралады. Күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе сыбайлас жемқорлықпен күресті Мемлекеттік қызмет және сыбайластыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, құқық қорғау органдарына теліп қойғандаймыз. Әйтпесе, күн сайын дерлік бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жатқан жемқорлық көріністеріне көз жұма қарамас едік, тіпті бойымыз үйреніп бара жатқандай?.. Адами капитал сапасын жақсарту-
ға жауапты білім саласы қызметкерлері осы тақырыпқа арнайы көңіл бөліп, жүйелі
жұмыс істегендері жөн-ақ. Бүгінде «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз ету қажеттілігі күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу тұжырымдамасын әзірлеп, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу көзделуде. Біреудің ала жібін аттамау, жасаған жақсылығыңды міндетсінбеу, көрсеткен көмегіңнің қайтарымын қаламау, жеке пайданы қуып, өз мүддесін бәрінен жоғары қоймау секілді қарапайым ұғымдарды балаға отбасында ұғындырып, кейін бұл тұрғыдағы тәлім-тәрбиені балабақша, мектеп, өзге де оқу орындарында үзбей жалғастырар болсақ, қоғамды жегідей жеген індеттің беті қайтары хақ. Хакім Абайдың сөзімен айтар болсақ, пайда ойламай, арды ойлайтындар қатары қалыңдар еді. Көрнекті педагог В.А.Сухомлинский «Жамандықтың үлкені – пайдакүнемдік. Пайда қуған адам шыншыл да, принципшіл де, ержүрек те, өз парызына адал да бола алмайды» деген екен. Шынында да, пайда қуған, жеке басының қамын күйттеп, тек қалтасын қалыңдатуды көздеген адамнан ешқандай жақсылық күтуге болмасы анық. Олай болса, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы бес басымдықтың бірі – адами капитал сапасын жақсарту бағытында өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие берудің ықпалды да ұтымды жолдарын ойластырып, жүйелі жүргізуге мектеп, ата-ана ғана емес, қоғам, ел болып жұмылайық дегім келеді.
Пиалаш СҮЙІНКИНА,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері
ҚОСТАНАЙ