Бүгінгі күні жергілікті билік және төтенше жағдайлар қызметі тарапынан жылдағы су тасқыны кездерінде арнасынан асып төгілетін Үлкен Тораңғұл көлі ерекше бақылауға алынған. Ол аса қауіпті айдындардың бірі саналады. Көктемгі су тасқыны кезінде бұл маңайда 20 мың гектарға жуық аумақ су астында қалатынын ескерсек, ауа райының күрт жылынуы түрлі жайсыздықтарға соқтыруы әбден ықтимал. Жайшылықта жыламсырап ағатын Қамысақты өзені де осындай кезеңде бұғалыққа бой бермеген асау тарпаңша ерекше мінез танытатыны бар.
Былтыр су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан жайылма сулар 40-50 шақырым қашықтықтағы Аралағаш, Рублевка елді мекендеріне дейін жетіп, тасжолдар шайылып кеткен болатын. Биыл да осындай ықтимал қатердің орын алуы жоққа шығарылмайды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мамандары қалыптасқан жағдаймен танысып, көлден шығатын арналар тереңдетіліп, кеңейтілді. Сөйтіп, судың ағу жылдамдығын екі есеге дейін арттыру мүмкін болды.
Уәлиханов ауданында орналасқан Сілеті өзенінің бір ерекшелігі арналар мен дамбалардың болуында. Мұзды жару Құлыкөл мен Каратал ауылдары арасында судың еркін ағуын қамтамасыз етеді. Осы шараға ерекше екпін түсіріліп жатқаны сондықтан. Құтқарушылардың айтуынша, су деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Ерекше қауіп төнген жағдайда қос елді мекен тұрғындары бірінші кезекте көшірілетін болады. Малдарды жеткізу орындары да белгіленген.
М.Жұмабаев ауданындағы Бейнәш ауылында бөгет нығайтуға қосымша күштер жұмылдырылды. Мәмлүт көліндегі артық суды Плотское көліне ағызу үшін «Петропавл – Қостанай автожолы арқылы арық қазылды. Бұл шаралар облыстық маңызы бар Повозочное-Баян-Архангелка бағытындағы жол қатынасының сақталуын қамтамасыз етеді.
Тұтастай алғанда, 170 елді мекенде 19 мың текше метр су сорғытылып, су тасқыны қаупі біршама азайтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы