Футбол • 13 Сәуір, 2017

​Еуропа чемпионатында футзалымыздың деңгейі жоғары екенін көрсетуіміз керек – Игита

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футзалдан Еуропа-2018 чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы үш ойын өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Іріктеу кезеңіндегі ойындар жайлы ұлттық құраманың қақпашысы Игита (толық аты – Леонардо де Мело Виейра Лейте) sports.kz басылымына ой бөлісті.

​Еуропа чемпионатында футзалымыздың деңгейі жоғары екенін көрсетуіміз керек – Игита

«Чехия құрамасымен өткен шешуші ойын өте ауыр болды. Олардың әлем, Еуропа чемпионаттарында тәжірибесі көбірек. Бірінші орынды көздеп келгендері анық», – деді қақпашы. 

Іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы үш ойын өткізіп, өз қақпасына гол өткізбеді.

«Бұл жалғыз менің еңбегім емес, сондай-ақ, қарсыластарымыздың осалдығы деп те айта алмаймын. Бұл қорғанысымыздың мықтылығынан. Алесионың қажет ойыншыларды іріктеп алып, ыңғайлы тактиканы қолданғанының арқасы. Сонымен қатар, қақпашыларға жауапты бапкеріміз Гароттенің де бұл нәтижеге тигізген пайдасы зор.

Ал жалпы айтар болсақ, әрбір қақпашының басты міндеті – гол өткізіп алмау. Алғашында қақпамызға доп өткізбеу керек деген нақты жоспарымыз болған емес. Мен тек соққылардың бәрін қайтарғым келеді. Әріптестерім де «нөлге» ойнауды жөн көреді», – деді Игита.

Биыл қаңтар айында ұлттық құраманың бас бапкері Какау қызметінен кетіп, орнына Жозе Алесио Да Силва келді. Игитаның айтуынша, ол Какаудың стилін дамытып, өзінің де идеяларын қосыпты. Сол себепті Алесионың қол астында Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп жүр.

«Какау ылғи да қасымызда. Алесиоға жиі көмектесіп тұрады. Ол матч кезінде бізбен бірге қосалқы құрамда отырмаса да, Алесиомен жиі хабарласып тұратынын білемін. Әрқайсысының өзіндік идеясы бар. Какау да біздің жетістіктерімізге үлкен үлес қосқанын ұмытпағанымыз жөн», – деді Леонардо де Мело Виейра Лейте.

Қақпашы Словенияда өтетін Еуропа чемпионаты, алға қойған мақсаттары жайлы да пікір білдірді.

«Әрбір жаңа ойынымызда деңгейімізді арттыруымыз керек. Қазіргі қалпымызда тоқтап қалуға болмайды. Словенияға біз қазіргіден де күшті болып барамыз деп ойлаймын. Еуропа чемпионатында қарсыластарымыз оңай болмасы анық. Біз ол жақта футзалымыздың деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетуіміз керек.

Қандай орынға ие болатынымызды қазір айту қиындау. Бірақ қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Алдымен, плей-оффқа шығуды ойлауымыз керек, кейіннен ширек финалға, әрі қарай жартылай финал, финал үшін таласатын боламыз. Мұндай жарыста қателік жіберуге болмайды. Әрбір ойын финалға пара-пар. Сондықтан бастапқы матчтан-ақ жеңісті ойлауымыз керек», – деді Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы.

Құраманың нәтижесі туралы бас бапкер Жозе Алесио Да Силва да пікір білдірді.

«Мен бірнеше гол соғып, сондай-ақ өзіме гол өткізіп алғаннан небәрі 1:0 есебімен жеңгенді жөн көремін. Осыған дейін қорғаушы болғандықтан ұстанымым – гол жібермеу. Басты артықшылығым міне, осы. Турнир кезінде гол өткізіп алмау үшін жігіттерді жігерлендіріп отырдым. Команда бұл ойымды жүзеге асыра білді. Енді қарсыластарымыз бізден бұрынғыдан да қаттырақ жасқанатын болады. Қорғанысымызды бұзып өту жолдарына ерекше мән береді деп ойлаймын», – бас бапкер.

Естеріңізге сала кетейік, іріктеу кезеңнің ойындары Алматы қаласында өтті. Қазақстан құрамасы алғашқы ойынында Македониямен кездесіп, 3:0 есебімен жеңді. Голдардың авторлары: Лео 13, Серік Жаманқұлов 19, Альберт Ақбалықов 33.

Сонымен қатар, Дания құрамасын 5:0 етіп ұтты. Голдардың авторлары: Серік Жаманқұлов 4, Лео 9, Михаил Першин 17, Дуглас 17, Дінмұхамбет Сүлейменов 40.

Ал шешуші ойында Чехиямен күш сынасып, 3:0 есебімен басым түсті. Голдардың авторлары: Дуглас 5, Михаил Першин 20, Дуглас 38.

Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасынан бөлек іріктеу ойындарында Еуропаның вице-чемпионы Ресей құрамасы да өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Еуро-2018 чемпионаты келесі жылы 30 қаңтар мен 10 ақпан аралығында Любляна (Словения) қаласында өтеді.  

Соңғы жаңалықтар