Мәжіліс депутаттары мен елдегі саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және ғылыми ортаның өкілдері бас қосқан алқалы жиынға Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Берік Оспанов жетекшілік етті. Ал заң жобасының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласының иелігіндегі жерлерді берудің айқын тетіктерін белгілеу мен олардың пайдаланылуын реттеуге және жерді пайдалануды бақылауды күшейтуге бағытталған. Бұл жөнінде баяндамашы заңда көрініс беретін бірқатар жаңа өзгерістер мен толықтыруларға тереңірек тоқталды.
«Құжатта қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру сақталатындығы және Жер кодексіндегі тәртіпке сәйкес, ауыл шаруашылығындағы жерлерді беру конкурстық негізде жүзеге асырылатындығы баяндалған. Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен мөлшерін «бір қолға» беруге жол бермеу мақсатында, заң жобасымен қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерін алқаптар бойынша республика, облыс және әкімшілік аудандар (қалалар) шегінде белгілеу қарастырылған. Сонымен қатар, құжатта мемлекеттік шекараның шекара белдеуінде және аймағында ауыл шаруашылығы жерлерін беру талаптарын күшейту мәселесі де арқау етілген. Онда шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдіктердің қатысуы бар заңды тұлғаларға жерді иеленуге шектеу қою көзделеді», – деді Е.Нысанбаев.
Вице-министрдің айтуынша, егер заң жобасы мақұлданатын болса, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқын беруді шешуде қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың пікірі басымдыққа алынады және мемлекет ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатпайды, шетелдіктерге бермейді.
Талқылау барысында сөз алғандар тарапынан құжат мазмұнына қатысты көптеген сын-ескертпелер айтылды. Атап айтқанда, жер көлемін шектеуге қатысты әдістемені қазірдің өзінде айқындап, заң аясында нақтылау қажеттігі мен конкурстық негізде жер берудің шынайылығын қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру туралы ұсыныс білдірілді.
Орайлы сәтте, аталған мәселеге қатысты үн қатқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс, пікірлерді алдағы отырыстарда қоғам арасында ашық талқылап, заң жобасын тиімді баптармен толықтыруға үндеді. «Тіпті, аталған мәселе туралы арнайы баяндама жасаймын деушілер болса, оларға да мінбер ұсынуға дайынбыз», – деді ол.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
– Бұл заң жобасы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығы мен 2016 жылғы 18 тамыздағы №308 Жарлығын орындау үшін әзірленіп отыр.
Сонымен қатар, алғаш таныстырылып отырған құжатта Жер реформасы бойынша комиссиямен ауыл шаруашылығы мақсатында жалға берілетін жерлердің шекті мөлшерін белгілеу де ұсынылады. Ал ол жергілікті жердегі атқарушы органдардың әзірлеген әдістеме негізіне сүйене отырып жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы жерлерінің ең жоғары мөлшерінің көлемін белгілеу мәселесі де нақтыланған.
Сондай-ақ, бұл заң жобасы жер учаскелерінің мөлшеріне шектеуді белгілеу мен оны тиімді және ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған қоса, ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатты пайдаланылуына арнайы мониторинг жүргізіліп, мұндай іске қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдері де тартылады. Құжатта жайылымдардың жай-күйін анықтау құқы ауыл тұрғындарының еншісіне жүктеліп, ондай шешім ауылдардағы жайылымдардың жетіспеушілік проблемасын шешуін қамтамасыз етуі тиіс. Ең бастысы, әкімдерге тұрғындардың мал жаюы үшін қажетті жайылымдарды мемлекет мұқтажы ретінде мәжбүрлеп алып қоюға мүмкіндік беріледі.
Берік ОСПАНОВ, Мәжіліс депутаты:
– Заң жобасының алғашқы таныстырылымы болғандықтан, құжаттың кейбір тұстарының ішкі иіріміне тереңірек тоқталып өткім келеді. Талқылауға қатысушылар тарапынан айтылған жерді конкурс арқылы пайдалануға беру жайын таратып айтсам, бұл процестің жүзеге асырылу тетігі былай:
Ең алдымен конкурсты өткізу туралы хабарламаны БАҚ-тарда, әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурстарында және ақпараттық хабарлама тақталарында жариялау қарастырылады. Мұндай әдіс конкурсқа қатысушыларға тең мүмкіндік береді.
Ал конкурстың жеңімпазын анықтайтын конкурстық комиссияның құрамына жалпы санының 50% құрайтын қоғамдық кеңестер мен «Атамекен» ҰКП ұйымдарының өкілдері қатыстырылады. Сондай-ақ, конкурсқа қатысушылар үшін конкурсқа қатысудың міндетті шарты төмендегідей болып келеді:
– ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес-жоспары;
– шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру бойынша міндеттемелер;
– жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер;
– өңірдің мамандануына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдарының егу алаңдарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау міндеттемелері.
Игерілмей жатқан жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында белгіленген мұндай талаптар бірқатар мәселелерді оңтайлы шешетіндігіне сенімдімін.
Гүлжахан БИМЕНДИНА,
Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары:
– Аталған заң жобасының тұтас жазылып шығуына өз басым бастан-аяқ қатыстым. Бұл құжат Жер реформасы бойынша комиссияның 11 шешімі бойынша дайындалған. Ең алдымен, ерекше атап өткім келетіні, біздің жеріміз бес жылдың ішінде ешкімге сатылмайды. Жекеменшік те болмайды. Екіншіден, тек қана Қазақстан азаматтарына 49 жылға дейін жалға беріледі. Берген күннің өзінде оны Үкімет өз бақылауында ұстайды. Үшіншіден, әр ауылдың аумағында нақты радиустың ішінде жайылым жер ешкімге жалға берілмейді деп нақты жазылған.
Сонымен қатар, шекаралық белдеу және шекара аумағында орналасқан жер телімдерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдіктердің үлесі бар компанияларға жалға беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, шекаралық белдеуде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншік тұрмақ, жалға да берілмейді. Ал енді кей өңірлердегі жергілікті халық сол жерлерге мұқтаждығы туса, онда жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Мұхтар ТАЙЖАН,
Б.Тайжан атындағы қордың президенті: