Тәуелсіздік деген не? Бодандықтан бостандыққа шығып, егемендік алумен, әртүрлі халықаралық ұйымдарға мүшелікке өтумен, туыңды тігіп, мемлекеттік рәміздерді түгендеумен елдің аты тәуелсіз болуы мүмкін, бірақ сонымен бір мезгілде заты да тәуелсіз бола қалмайды. Шын тәуелсіздік дербес, мығым тұрудан, өзгелермен терезесі тең ел құрудан, өз саясатыңды өзің айқындаудан, өзгелерге жалтақтамай, жарқын жүзбен жүруден, дәулетті, сәулетті өмір сүруден танылады. Тәубе дейік, бар-жоғы жиырма жылдың ішінде Қазақстан осыған қол жеткізді, аты да, заты да тәуелсіз елге айналды.
Қазақстан тәуелсіздігінің негізгі кепілдіктерінің бірі индустриялық-инновациялық даму жолын таңдау дей аламыз. Біз тек шикізатқа малданатын ел күйінде қалмауға, тіпті мұнайы мен газы атымен жоқ мемлекет сияқты өмір сүруді үйренуге тиіс екенімізді Елбасымыз бірнеше рет ескерткен. Осы орайда өткен жылы қабылданған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы оқырмандарымызды қызықтыратынына күмәнданбаймыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаев кешегі сайлаудан кейін өткізген алғашқы басқосуында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің алдындағы басты міндет болып қала беретінін атап көрсетті. «Өткен жылғы қарқын мен бақылау босаңсымай, қайта күшейтілуі керек», деді сонда сөйлеген сөзінде Елбасымыз. Елдің ертеңгі тағдыры тіреліп тұрған бағдарламаның орындалу барысы қалай? Біздің Вице-Премьер – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВПЕН сұхбатымыз осы толғандырар тақырыпқа арналды.
– Құрметті Әсет Өрентайұлы! 17 сәуірде өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сіз Елбасыға инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда қолға алынып жатқан шараларды баян еттіңіз. Сондағы сөзіңіздің түйінін қысқаша қалай айтқан болар едіңіз?
– Ең алдымен аса маңызды істе бізге сенім білдіргені үшін Елбасыға рахметімді жеткіздім. Бүгінде инвесторларға, бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлерге қажетті тетіктердің бәрі әзірленгенін айттым. Нақты дерекке тоқталар болсам, жыл соңына дейін 200-ге жуық жоба іске қосылып, 21 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын хабарладым. Сондай-ақ биылдан бастап, бұрыннан келе жатқан кәсіпорындарды жаңғырту ісі қолға алынатынын да айттым.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы өткен жылы қолға алынды. Мұндай ірі істің әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың тұсында ойластырылғаны, сондай жағдайда басталғаны тәнті етеді. Бұғанасы соншалықты беки қоймаған өнеркәсібімізге дағдарыстың үлкен сынақ болғанын білеміз. Сонда дағдарыстан дамуға бет алу отандық экономиканың әлеуеті күштілігін көрсетеді ғой?
– Әлемдік дағдарыстың барлық елдерге дерлік қатты әсер еткені анық. Көптеген мемлекеттерге экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да үлкен нұқсан келді. Олардың талайы әлі біразға дейін дағдарыстың салдарларын жоюмен жүретін болады. Ал біздің еліміз Президентіміздің алыстан ойластырған саясатының арқасында дағдарысқа төтеп беріп қана қойған жоқ, дағдарыстан алдыңғылардың бірі болып шығып қана қойған жоқ, ол сынақтан шыңдалып, ширап шықты. Онымен де тоқтамай, дағдарыстан кейінгі даму жоспарын жүзеге асыра бастады, елдің экономикалық қуатының іргетасын бекіте түсті. Мемлекет басшысы әлемдік қаржы рыногында аса ауқымды үйлесімсіздіктер орын алып отырғанын алдымен айтты, қалыптасқан жағдайға бағасын беріп, тығырықтан шығудың жолдарын көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлы дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын тікелей өзі жасатты және сол жоспардың орындалуын тікелей өзі бақылауға алып отырды. Осының арқасында қазақстандықтар жаһандық дағдарыстың дауылына дайын болып шықты, оның ауыртпашылығын аз сезінді, орын алған салдарларын тез арада жоя білді. Елбасының бір жиналыста қытайдың «Қатты жел тұрғанда дуал тұрғызбау керек, жел диірмендерін тұрғызу керек» деген мақалын айтқаны есте. Президент жаңа индустриялық саясат – өнімділікті арттыруға, қуаттың тиімділігіне, инновацияға, бәсекеге шыдастылыққа негізделген орнықты экономикалық өсу саясаты қолға алынатынын сол кезде жариялаған болатын. Сөйтіп, бүкіл әлемде дағдарыс белең алып тұрған шақта Қазақстанда индустриялық-инновациялық дамудың жаңа жолдары қарастырылып жатты. Бұл істің психологиялық тұрғыдан да әсері ерекше еді. Өндірістің, құрылыстың тоқтауына жол бермеу, қаржы жүйесін меңдеп алған түңілушілікті, торығушылықты өнеркәсіп секторына жайып алмау өте маңызды міндет болатын. Бұл мәселе дер кезінде шешілді. Бүгінде ол бағдарламаның нақты жоспары да бар, оны жүзеге асырудың нақты ресурстары да бар. Ең бастысы – бизнестің жаңаша экономикалық ойлауы бар. Бағдарлама жаңа бағыттарды – сыртқы рыноктарға, қосымша құндылығы жоғары, еңбек өнімділігінің деңгейі биік өндірістерге есептелген бағыттарды белгілеп берді. Мемлекет міндеттердің үдесінен шығудың жолдарын да ойластырғанын атап айту керек. Қазірдің өзінде экспортерлерді, инвесторларды қолдау, бизнестің жол картасы аясында кәсіпкерлікті демеудің жүзге жуық тетіктері қарастырылған.
Елбасының бұл бағдарламаның авторы ғана емес, нақты жүзеге асыру жолдарын көрсеткен жетекшісі де екендігін барша халық білуге тиіс. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын осы кезең ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанға үлкен метрополияның шикізат базасы деп қарайтын стереотиптің тас-талқанын шығарды. Елбасымыздың басшылығымен Қазақстан әлемдік кеңістікке қазақтардың тәуелсіз мемлекеті ретінде ғана емес, орасан даму әлеуеті бар еңселі ел ретінде де енді. Қазақстан бүгінде дүниежүзілік қоғамдастықта гуманизмді, толеранттылықты, тату көршілікті ту еткен табысты ел ретінде қадірленеді. Қазақстанның қазіргі барша табысының бастауында Ұлт көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының шын мәніндегі кемел көрегендігі тұр. Бұл дана саясатқа ел халқы 3 сәуірде лайықты бағасын бергеніне бүкіл әлем куә.
– Индустриялық даму бағдарламасы «Қазақстан – 2020» стратегиялық жоспарының өзегі екендігі белгілі. Бағдарламаның нақты жасалуы туралы не айтасыз?
– Қазақстанның 2010-2014 жылдардағы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы Президент Жарлығымен бекітілді. Ол еліміз өркендеуінің 10 жылдық стратегиясының алғашқы 5 жылдық индустриялық жоспары болып табылады.
– Ақыры айналып баяғы бесжылдық жоспарларға келдік қой сонда?
– Дәл олай деудің жөні жоқ. Жалпы, нарық жоспарды теріске шығарады деуге де болмайды. Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ нарық жағдайында да өзіндік жоспар қажет екендігін талай рет айтқан. «Қазақстан – 2030» Стратегиясы да жоспар. Алысты көздеген жоспар.
Біз өте байсалды талдамалы зерттеулер жүргіздік. Біздің кәсіпорындарымызға дағдарыстың нақты қалай әсер еткенін де көрдік, қалыптасқан жаңа жағдайда олардың қалай жұмыс істей алатынын да шамаладық. Бағдарлама жасау үдерісі барынша ашық болуы үшін бизнес өкілдері де қатыстырылған Үйлестіру кеңесі құрылды. Барлық облыстарда болдық, кәсіпкерлермен, түрлі салалық қауымдастықтар өкілдерімен қыруар кездесулер өткіздік. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – негізгі назардың жүзеге асыруға аударылуында. Мұндағы барлық мақсат-міндеттер нақты тетіктермен, тиісті қаржыландырумен, тиімділік көрсеткіштерімен тиянақталған. Кімнің не істейтіні, бағдарламадағы қай бағытқа кімдердің жауап беретіні дәлме-дәл көрсетілген. Мемлекеттік бағдарламаны толыққанды күйінде бастап кету үшін Үкімет арнайы жоспар бекітті. Арнайы жолбасшы – Өндірістік қуаттарды орайлы орналастырудың схемасы, сондай-ақ республикалық және өңірлік маңызы бар жобалар қамтылған Индустрияландыру картасы қабылданды. Салалық және өңірлік бағдарламалар жасалды. Бағдарламада экономиканың басым салалары белгіленген.
– Соларды атап-атап айтуға бола ма?
– Неге болмасын? Олар – агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, мұнай өңдеу, энергетика, химия мен фармацевтика, құрылыс индустриясы, көлік пен инфокоммуникациялар, мәшине жасау, уран және атом өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, туризм мен ғарыш.
Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – онда әр басым сала бойынша мемлекеттік қолдаудың жүйелік іс-шаралары белгіленгендігі. Мына жайға баса назар аударғым келеді: мемлекет бұл бағдарлама бойынша жаңа көзқарастар мен өлшемдерге сай келетін жобаларға ғана қолдау көрсетеді.
– Жаңа бизнестің жаңаша ойлауы деген сөзді айтып қалдыңыз. Осы ойды түсіндіре кетсеңіз.
– Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау өзінің ойлау жүйесін өзгерткендерге, өркендеуге, жаңаруға, бәсекелестікті арттыруға шындап кіріскендерге ғана көрсетілетінін түсіне бастады. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлердің жаңа деңгейдегі табын қалыптастыру. Олар жаңа технологиямен жұмыс істейтін, кәсіби білікті кадрлары бар, сыртқы рыноктарға шығуға дайын тұратын болуға тиіс. Ендігі жерде баяғы «купи-продай» жолымен алысқа бара алмайтынын жұрттың бәрі біледі. Өнімнің өтуіне жалғыз кепіл – кәсіпорынның жақсы жұмысы, шығарған бұйымының бәсекеге қабілеттілігі.
– Әсет Өрентайұлы, сарапшылар бағдарлама отандық экономиканың әлеуетін бірнеше мәрте арттырып жібереді деседі. Шынында да солай ма? Бағдарламаның алғашқы нәтижелері қандай?
– Нақты цифрлар айтайын. 2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда Индустрияландыру картасына енген 152 жаңа нысан қатарға қосылды, олардың жалпы құны 800 миллиард теңгеден артық, сол кәсіпорындарда жаңадан 23 мың жұмыс орны ашылды. Бұл жөнінде Президенттің «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде айтқанын өзіңіз білесіз. Оған қоса өткен жылы біз отыз шақты инвестициялық сипаттағы іс-шараларды жүзеге асырдық, құны 9,6 миллиард АҚШ долларына тең келетін 150 екіжақты құжатқа қол қойдық, өңдеуші өнеркәсіпке құйылған инвестиция көлемі артып, 2 миллиард доллардан асып түсті. Бағдарламаның алғашқы жылының басты қорытындысы осы.
– Расында да, ауыз толтырып айтарлық цифрлар. Ал енді осындай өнеркәсіптік серпілістің сыры неде? Қандай бағыттарға бөлекше басымдық беріп отырсыздар?
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің өсімі 10 пайызды құрады, бұл істе талай жылдан бері бөлекше бұлқыныс танытып, 18,4 пайыздық өсімге қол жеткізген өңдеуші салалардың үлкен үлесі бар. Мәшине жасауда 158 пайыздық, химия өнеркәсібінде 137 пайыздық, металлургия өнеркәсібінде 110 пайыздық өсім бар. Мемлекеттік бағдарлама аясында 13 салалық және 10 функциялық бағдарламалар қабылданды.
– Салалық бағдарламалардың сипаты белгілі ғой, оқырмандарға функциялық бағдарламалардың атын атап, түсін түстеп кетсеңіз.
– Функциялық бағдарламалар қолдаудың жүйелік іс-шараларына орай жасалады. Қазір қазақстандық үлесті өсіру, тариф саясаты, бәсекелестік, сауда, инновация, минералдық-шикізаттық база, инвестиция тарту, электр қуатын дамыту, техникалық реттеу бойынша осындай бағдарламалар қабылданған. Облыстық әкімдіктер де салалық бағдарламалармен байланысты территорияларды дамыту бағдарламаларын әзірледі.
– Биылғы Жолдауда Президент Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, өңірлерді дамыту бағдарламаларын жасауды тапсырды. Осы Бағдарламаға қатысты айтар болсақ, әкімдіктердің белсенділігі туралы не дер едіңіз?
– Тұрақты түрде белсенділік танытып келе жатқан облыстардың ішінен Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Алматы облыстарын бөле атауға болады. Кейінгі кезде Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс жандана түсті. Басқа өңірлер де сілкінеді деп сенеміз. Қыруар жұмыс алда тұр. Биыл Мойнақ су-электр стансасы, Жетіген – Қорғас, «Өзен – Түркіменстанның мемлекеттік шекарасы» темір жол желілері, Атыраудағы металл пластикалық құбырлар зауыты, басқа да ірі нысандар іске қосылады, Жамбыл облысындағы Ақбай алтын фабрикасының қуаты арттырылады.
– Әкімдіктердің бастамасы бойынша Индустрияландыру картасынан 11 жоба алынып тасталыпты, 17 жобаның іске қосылу мерзіміне түзетілу енгізіліпті. Бұл қалай болғаны?
– Оның бәрінен тым драма жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл – жаңа жұмыс. Дәстүрлі әдістермен бүлкілдетіп жүргізе беретін жұмыс емес. Қанатқақты жобалардың ондай кемшіліктері кездесуі заңды. Біз сіз айтқан жайлардың әрқайсысымен жеке-жеке танысып көргенбіз. Кейбіреуіне қаржы жетіспей қалған. Кейбіреуіне жобалардың кәсіби сараптамасы жетіспеген. Кейбір жағдайда жүзеге асырып жатқан жобалардың барысы тиісінше қадағаланбаған. Облыс әкімдері тарапынан талап күшейтіліп жатыр. Ең бастысы – индустрияландыру жұмысындағы жүйелілік, осы үдерісті жандандыра түсу. Мысалы, индустриялық даму қарқынының басты өлшемдерінің бірі – өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі. Бұл тұрғыдан былтыр Астанада, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында деңгей жоғары болды.
– Наурыз айында сіз басқаратын министрлік «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, Павлодар облысында жаңа акция бастайтынын жариялады. Ол қандай жұмыс?
– Жыл басынан бері мүдделі мемлекеттік органдармен, парламентарийлермен, «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, «Ертеңің үшін аянба!» деп аталатын осы акцияның жайын талқыладық. Ол Мемлекет басшысының ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған. «Нұр Отан» партиясы Үкіметпен және «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасымен бірлесе отырып, отбасылық бизнестің ауылдық жерде жүзеге асыруға болатын 100 түрі бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдар дестесін әзірледі. Мысалы, мал бордақылау, қыш-құмыра кәсіпшілігі, тыңайтқыш дайындау, құлпынай өсіру, шаштараз ашу сияқты көптеген кәсіптер. Бұл материалдардың бәрі сондай түсінікті тілмен жазылған. Іс жүзінде жаңа бастаған кәсіпкер үшін жолсілтеменің дәл өзі. Онда шағын несие алудан бастап, бизнесті ашудың, жүргізудің технологиясы, экономикалық есептер егжей-тегжейлі жазылған. Жоба Павлодар облысында басталды, дегенмен, бұл акция алдағы кезде барлық өңірлерді қамтиды деп ойлаймын. Әрине, мұндай акция барлық білікті құрылымдардан күш-жігерді, ресурстарды жұмылдыруды талап етеді, сонда ғана өз ісін бастауға немесе еңбек рыногында сұранысқа ие болатын мамандық алуға ниет еткендерге нақты көмек көрсете аламыз. Әлеуметтік мәселелердің шешілуі отандық өндірісті өркендетуге бағытталған жаңа экономикалық саясаттың қалай жүзеге асырылатындығымен тікелей байланысты.
– Елбасымыздың өткен жылы Бельгия мен Францияға сапары кезінде осы бағдарламаға қатысты айтқан цифрлары, әсіресе, француз публицисі Пьер-Люк Сегийонға сұхбатында келтірген мысалдары бүкіл әлемнің баспасөзін, Интернетті шарлап кетті. Сол қаржының көзі қайдан шығып жатыр?
– Жақсы сұрақ екен. Жақсы сұрақ болатыны – жұртшылық ұлттық экономиканы әртараптандыру мен бәсекеге шыдастылығын арттыру жоспарларының негізгі қаржы көзі тікелей шетел инвестициялары екенін білуге тиіс. Президенттің бұл жөніндегі идеяларының өзегі – инвестиция. Жақында өткен Үкімет отырысында да Елбасымыз инвестиция тарту ел байлығын арттырудың, халықтың әл-ауқатын жақсартудың өзекті арнасы екендігін атап көрсетті. Бүгінде біз инвестиция тартуды қолдау үшін бар іс-шараны ойластырып жатырмыз. Инвестиция тарту, арнаулы экономикалық аймақтарды дамыту және экспортты ынталандыру жөнінде салалық бағдарлама бар.
– Негізгі инвесторлардың кімдер екенін білуге бола ма?
– Әрине, болады. Біз ең алдымен «Форбс Глобал 2000» тізімінен 18 компанияны осы іске тартуды өз жұмысымыздың бір өлшеуіші санап отырмыз. Ол қандай тізім дейтін шығарсыз? Ол тізімге әлемдегі ырғақты дамып келе жатқан 2000 трансұлттық компаниялар енгізілген. Олар бүгінгі бизнестің барлық талаптарына, соның ішінде қаржылық мөлдірлік талаптарына да толық жауап береді. Ол компаниялардың ел экономикасына араласуы сол елдің инвестициялық ахуалының жоғары деңгейіне айқын дәлел болып саналады. Өткен жылы осындай екі компаниямен нақты жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөздер басталды. Оның біреуі – француздық Alstom, олар Қазақстанда электровоз шығару жобасына қызығып отыр. Тағы біреуі – оңтүстіккореялық STX компаниясы, олар Қызылорда облысында газ-құбыр электр стансасын салмақшы. Он компаниямен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Олардың арасында немістік RWE Group, Linde, австриялық OMV Group, француздық Lafarde және Airliguid, тағы басқалары бар. Әрине, тікелей шетел инвестицияларына қоса бюджеттен қаржы, соның ішінде қазақстандық компаниялардың қаржылары да құйылуы мүмкін.
– Шетелдік инвестициялардың үлесі қандай?
– 2014 жылдың соңына дейін біз Қазақстанға ел экономикасына салған тікелей инвестициялар бес немесе одан да көп пайызды құрайтын кемінде жеті елді тартуға тиіспіз. Бүгінгі таңда инвестиция көздерін әртараптандыру жолында біраз жұмыс атқарып жатырмыз. Дәстүрлі әріптес елдерге қоса Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Оңтүстік Корея сияқты елдерден инвестицияны көбірек тарту ойластырылуда. Сондай-ақ ислам қаржысын елге әкелу де қарастырылуда. Біраз адамда елдің экономикасына қатысудың бәрін инвестиция салғандай көретін пікір бар. Шындығында, бұл екеуі екі басқа нәрсе. Мысалы, Германиямен біздің сауда айналымымыз 2003-2010 жылдар аралығында 700 миллион доллардан асып кетті, әйтсе де ол елдің іскер топтары бірлескен кәсіпорындарға тікелей инвестиция құя қоймайды. Осы жақында ғана бұл істе серпіліске қол жетті: Берлинде жалпы сомасы 2 миллиард долларлық шартқа қол қойылды. Германиямен экономикалық ынтымақтастықта дәл мұндай цифрға қазірше Ресей де қол жеткізе қойған жоқ.
– Дұрыс екен, ал енді шетелдік инвесторларды ынталандырудың жолы қандай? Нақты тетіктері дегенім ғой?
– Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі іс жүзінде шетелдік инвесторлар үшін ортақ терезеге айналды. Сауда миссияларының жұмысы жандана түсті, 12 тілде Қазақстан туралы, елдің экономикалық саясаты жайында ақпарат тарататын инвестициялық веб-портал аштық. «Инвестициялар туралы» Заңға сәйкес инвестициялық преференциялар: құрал-жабдықты және оларға қосалқы бөлшектерді импорттау кезінде кеден бажынан босату, жер бөлу, ғимарат беру сияқты мемлекеттік гранттар ойластырылған. Осы бағдарлама отандық және шетелдік инвесторлар үшін жалпы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарта түсуді көздейді. Ең алдымен шикізаттық емес секторға инвестиция тартуды ынталандыруға қатысты заңнаманы жетілдіруіміз керек. Сондай-ақ арнаулы экономикалық аймақтар жөніндегі заңнама да жеріне жеткізілмеген деп санаймыз.
– Үкімет отырысында Президент дамудың саналы стратегиясын басшылыққа алған елдердің барлығы инновацияны енгізу бойынша бәсекеге түсуде деген ойын білдірді. Инвестиция тарту жөнінен инновациялық сипаты бар жұмыс деп нені айтар едіңіз?
– Жаңалығымыз да жеткілікті. Инвестициялық омбудсмен – Инвестициялар жөнінде комиссия құрылғанын, шетел инвесторларымен жұмысты «Бір терезе» қағидатымен ұйымдастыруды, үкіметаралық комиссиялардың рөлін күшейтуді айтуға болады. Экспортерлерге сервистік қолдауды жолға қоя бастадық. Бұл не деген сөз? Бұл – шет елдерде ресми сауда миссияларын ашу, өнімдері экспортқа бейімделген кәсіпорындардағы қазақстандық мамандардың шет елдерде тағылымдамадан өтуі, қазақстандық өнімдер осы жерге өту мүмкін деген рыноктарды кешенді түрде талдау, қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық тендерлерге қатысуын ақпараттық тұрғыдан, қазақстандық кәсіпорындардың конкурс өтінімдерін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету деген сөз. Мысалы, жақында біз Пекинде KAZNEX INVEST өкілдігін аштық. Қытай рыногының қандайлық байтақ екенін барша жұрт біледі. Ол жерден тек өз орнымызды таба білуіміз керек. Қазақстан экспортының таяу жылдардағы болашағы ең алдымен Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия және Кавказ өңірі елдерімен байланысты. Әсіресе, импорт көлемі бойынша әлемде екінші орын алатын Қытай (бұл елдің импорты қазір 1,5 триллион АҚШ долларын құрайды) қазіргі таңда отандық өнімді өткізуге өте қолайлы болып тұр. Біздің болжамымыз бойынша, Қытайдың мұнай өңдеу, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалары ұдайы өсе бермек. Ал дәл осы бағыттар қазақстандық тауар өндірушілер үшін негізгі экспорттық текше бола алады. Болуға тиіс.
Қытай демекші, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомобиль магистралінің 3 мың шақырымдық құрылысында инфрақұрылым кеңейтіле түсуде. Ол магистраль Қытайдан Еуропаға тауар жеткізу уақытын үш есе қысқартады.
– Сонда енді тауар қанша күнде жетеді?
– Қазір теңіз жолымен тауар 45 күнде жетіп жүр, магистраль іске қосылғанда 15 күнде жететін болады.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар жобалар енгенін сіздің көмекшілеріңіз алдын-ала берген ақпараттық материалдардан білдім. Оқырмандарымызға осы жайында да айтып берсеңіз?
– Қазір біз Индустрияландыру картасын жаңа жобалармен толықтырып жатырмыз. Бұл жұмыс аяқталып қалды. Агроөнеркәсіптік кешен және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу ісінің көкейкесті бола түсуіне байланысты жобалар саны аз емес. Тек өткен жылы жалпы құны 60,3 миллиард теңгелік 48 жоба іске қосылып, 3 жарым мыңнан астам адамға жұмыс табылған еді. Бұл бағыттағы жобалары ең көп облыстар – Қостанай мен Ақмола облыстары болды.
– Бағдарламада энергетика мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Тіпті осы бағдарламаның арқасында Қазақстан болашақта электр қуатын импорттаудан құтылады деп тұрып сөйлейтін авторларды да көріп жүрміз. Солай болуы мүмкін бе? Еліміздің су ресурстары, бұл арада гидроресурстары деп сөйлеген дәл шығатын шығар, шектеулі екендігі белгілі ғой? Жыл басында Қырғызстандағы авариядан Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарындағы біраз елді мекендер біраз уақыт қараңғылық құшағында қалмады ма?
– Энергетикамен тиісінше қамтамасыз етілмесе, Қазақстан өнеркәсібі қарқынды дами алмайды. Сондықтан да еліміздің электр энергетикасын дамыту мәселелері мен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бір-бірімен тығыз байланыста қарау керек. Үкімет тапсырмасы бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Электр энергетикасын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасын жасады. Біз былайша айтқанда, электр энергетикасын жаңғыртудың өзінше бір технологиялық нұсқаулығын әзірлеп отырмыз. Осы бағдарламаға сәйкес 2014 жылы электр энергиясын өндіру 97,9 миллиард киловатт-сағатқа жеткізіледі. Ал тұтынылатын мөлшер 96,8 миллиард киловат-сағат болады. Солардың ішінде қайтадан қалпына келетін қуат көздерінің үлесі 1 миллиард киловатт-сағатқа жетуге тиіс.
– Жел энергиясы, күн энергиясы даласынан желі кетпейтін, аспанынан күні кетпейтін Қазақстан үшін әлі игерілмеген тың деуге болады ғой.
– Олардың сыртында жаңа қуат күштерін салу, қазіргі қуаттарды жаңғырту, электр жүйесі нысандарын дамыту жөнінде өте көп жұмыс атқарылады. Салалық бағдарлама жүзеге асқан кезде қазақстандық тұтынушылар тұтастай отандық энергия көздерінің есебінен электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінде бұл көрсеткіш 98 пайыз, 2014 жылы ол 100 пайызға жетеді. Біз энергетикалық дербестікке қол жеткізумен місе тұтпаймыз, бара-бара электр энергиясын экспорттауға да негіз қалайтын боламыз.
– Индустрияландыру Қазақстанның ұлттық идеясына айналды дей аламыз ба?
– Ұлттық идея деген жоғарыдан төменге тастап кеп жіберетін нәрсе емес. Менің ойымша, отандастарымыздың жүрегіне жету, осы бағдарламаның ауқымын, тәуелсіздігіміздің тағдыры үшін маңызын ой-санаға сіңіру үшін бәрінен бұрын оның оңды нәтижелерін іс жүзінде дәлелдеу керек. Біз сол шаруамен шұғылданып жатырмыз. Көптеген жобаларды жүзеге асырудың арқасында мыңдаған адамдар жұмыс тапты, әл-ауқатын жақсартты. Бағдарламаның табысты басталғанының нақты жемісі осы. Қазақстанда «ақылды экономика» құру үшін бізде мүмкіндік жеткілікті. Бұл орайда ғылымға көп көңіл бөлінеді. Назарбаев Университетінің – ең таңдаулы әлемдік үлгі-қалыптар бойынша құрылған аса қуатты білім және ғылым орталығының бәсекеге қабілетті мамандар, ғалымдар дайындайтынына сенеміз. Бірлескен жасампаз еңбек, іске шығармашылықпен қарау, еңбекке әділ ақы алу сияқты жайлар біздің қоғамымызды Елбасымыздың Қазақстанды өркендету идеясы төңірегіне тығыз топтастыра алады. Қазірдің өзінде осылай болып жатқанын, яғни адамдар өздерін ұлы істің қатысушылары ретінде сезіне бастағанын көріп отырмыз. Біз дамыған индустриялы елге айналуға тиіспіз.
Әрине, индустриялық дамыған державаға айналу, жоғары технологиялы елдермен теңесе қалу аяқ астынан, тіпті бірнеше жылдың ішінде бола салмайтынын біз білеміз. Бірақ біз сонымен бірге осы мақсатқа қол жеткізуге болатынын да білеміз. Бұл бағыттағы табысты қадамдар Елбасы басшылығымен қолға алынып жатыр.
– Енді әңгіме соңында бейресми бір сұрақ қояйын. Оқырмандар сіздің Қазақстан шахмат федерациясын басқаратыныңызды біледі. Бұл лауазым сізге Үкімет мүшелеріне қоғамдық міндет бөліскенде тиіп қалған ба, әлде шахматқа шын құмарлығыңыз бар ма?
– Шахматқа бала күнімнен әуеспін. Рас, кәсіби шахматшы болмадым. Әйтсе де, шахматтың ұңғыл-шұңғылын жап-жақсы білемін, шешуге тиіс проблемалардан хабардармын дей аламын. Шахматты сүйіп ойнайтынымнан хабардар адамдар маған осы федерацияны басқару жөнінде ұсыныс жасады, мен бас тартпадым. Қазақстан – шахмат дәстүрлері қалыптасқан республика. Әлемге танымал «Уфимцев қорғанысының» авторын айтпағанның өзінде, Қазақстан – осы заманғы аса мықты екі шахматшының, әлемнің екі чемпионының отаны. Дәрмен Сәдуақасов 1998 жылы 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды, 2010 жылы Жансая Әбдімәлік 12 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанды. Шахмат – спорттың адам ойын тәрбиелейтін тамаша түрі. Әрине, сырт көзге оның тартымдылығы бокстай, футболдай болмас, әйтсе де арада біраз жыл өткенде бізде де шахматқа көзқарас өзгереді деп санаймын. Шахмат қазақстандықтар өміріне берік енгенде біз креативтілік, интеллектуалдық ұшқырлық, ойлау тереңдігі сияқты қасиеттерге көбірек қол жеткізе аламыз. Қысқасы, шахмат – нағыз инновациялық спорт. Біздің түпкі мақсатымыз да осы емес пе?
– Құрметті Әсет Өрентайұлы, бұрын бір бейресми пікірлесіп қалғанымызда: «Мен саясаткер емеспін. Ел Президенті тағайындаған мемлекеттік қызметшімін» деп едіңіз. Бұл бір жағынан дұрыс. Қазір бізге прагматиктер, технократтар көбірек керек. Екінші жағынан, сіз басы-қасында жүрген осы істің бәрінен үлкен саясат қалыптасатыны да анық. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырған жағдайда біздің, басқа жағын былай қойғанда, шикізат құнының құбылуына қарап тұратын қалпымыздан құтылатынымыз, өзіміздің шын мәнінде толыққанды тәуелсіз мемлекет екенімізді дәлелдейтініміз талассыз. Елбасы тапсырмасын орындау жолындағы жасап жатқан жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
_________________________________
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.