27 сәуірде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахинмен кездесті. «Қош келдіңіздер, аса құрметті түркиялық әріптестер!» деп сөзін бастаған Мәжіліс Төрағасы меймандарды Астанада, Парламент қабырғасында қарсы алып отырғанына қуанышты екенін жеткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
«Шахин мырза бастаған Түркия парламентшілерінің делегациясын Астана қаласында Түрк ПА-ға қатысушысы ретінде қабылдап отырғанымыз үлкен мәртебе екенін атап өту қажет және шақыруымызды қабыл алғандарыңыз үшін ризашылық білдіремін», – деді Орал Мұхамеджанов.
Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Президент Н.Назарбаевтың 2009 жылғы 21-23 қазандағы Түркияға ресми сапары барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан-Түркия қатынастары сапалық жаңа мазмұнға ие болғандығын және Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің жасалуы екіжақты ынтымақтастықты дамытуда жаңа кезең болып табылатынын атап өтті.
«Біздің елдің тұңғыш Президентінің бастамасымен Түркі кеңесінің және Түрк ПА-ның құрылуы екі елдің ынтымақтастығы одан сайын нығая түсуіне жағдай жасайды. Және де екі елдің парламентаралық байланысының өріс алуына жол ашады», – деді Орал Мұхамеджанов.
Өткен жылы Түркия Президенті Астанаға келген сапарында Түркі академиясы ашылды. Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша 2010 жылы Астана қаласында Түркі академиясы – түркі өркениетінің тарихы мен мәдениетін зерттеумен айналысатын халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы ашылғаны мәлім.
«Құрметті бауырым, досым», деп сөзін бастаған Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахин Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының іс-шаралары жақсы ұйымдастырылып жатқанына алғысын білдірді. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көп дауыс жинап, халықтың қолдауымен сайлануы біз үшін де үлкен қуаныш. Соған орай сіздерді құттықтағым келеді», – деді М.Шахин.
Тараптар осындай кездесулер Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мен нығайта түсудегі жаңа кезең болатынына сенім білдірді.
Орал Мұхамеджанов Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадовпен де кездесті.