Медицина • 23 Сәуір, 2017

Бірліктің киелі бесігі

287 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

​26 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясы өтеді.

Бірліктің киелі бесігі

Ал Елбасы өзінің жуырда ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», деп негізгі мәселені атап көрсетті.

Ұлттық код – ұлттың өзімен бірге ғасырлар бойы жасап келе жатқан құндылығы екені белгілі. Ұлтымыздың қанына сіңген сондай ұлы қасиеттің бірі – достыққа адалдық. Тағдырдың тар жол, тайғақ кешуінде де тамырынан ажырамаған, негізінен бөлінбеген ел елдіктің қадірін ерекше түсінеді. Өткен ғасырдың өзінде-ақ қасіретті, қилы кезеңдерді бастан кешкен халқымыз бүгінгі жарқын заманда да достыққа беріктігін сақтап қалды. Тағдырдың жазуымен қазақ жерін паналап, ұлттың ұлы дәстүрін, салтын бойына сіңірген өзге ұлт өкілдері бүгінде бір шаңырақтың астында тату-тәтті тірлік кешіп келеді. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде бейбітшілік пен келісімнің киелі бесігіне айналып отыр. Тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағына баланған Ассамблея «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» идеясын ту етіп, тұғырға көтерді. Ел мұраты – ежелден қастерлі, қасиетті. «Тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» азаматтар бір идея, бір мақсат төңірегінде топтасып, тұрақтылықты насихаттап келеді. Еліміз әлемдік дәрежеде де өзінің бейбітсүйгіш, ынтымақшыл халық екенін көрсетті. 

Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы «Достық үйін» ҚХА-ның он жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Содан бері «Достық үйі» облыстағы этнос өкілдерін бір ортаға біріктірген киелі шаңырақ болып саналады. Ал ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінен бой көтерген «Достық үйі» нысанының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сәулетті ғимаратты салуға мемлекет қазынасынан 1 миллиард 277 миллион теңге бөлініп, мақсатты игерілді.

Бүгінгі таңда облыс ассамблеясының құрамында 175 қоғамдық келісім кеңестері, 27 аналар кеңесі, 12 медиация кабинеті, 12 ақсақалдар кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қолөнер шеберлерінің клубы және «Ақ желкен» жастар бірлестігі жұмыс істейді. Сондай-ақ мұндағы 240 орындық мәжіліс залы, пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, жүз адамға арналған конференц-зал, ғылыми-әдістемелік бөлмелер, хореографиялық зал өңірдегі игі шараларды өткізуде, Елбасы саясатын насихаттауда оң нәтиже көрсетіп отыр.  

– Аталған құрылымдық ұйымдар Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес, өз бағыттарына қарай жемісті жұмыс жүргізуде. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен қоғамдық тұрақтылықты, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты ілгерілетуге арналған және этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамыту мақсатында ауқымды істер атқарылып келеді, – дейді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Маржан Қожаева.

Бүгінде облыс халқының этностық құрамын негізінен қазақ, орыс, дүнген, түрік, өзбек, күрді, әзербайжан, қырғыз, корей, татар, неміс және украин ұлтының өкілдері құрайды. Бәрі де «Достық үйі» шаңырағында Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне, дамуына үлес қосып келеді. Бейбітшілік пен келісім ордасының да негізгі мақсаты мен міндеті – ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың дархандығын, кеңпейілдігін дәріптеу, насихаттау. Бұл тұрғыда аталған мекеменің елдік, ұлттық мүдде аясында қалыптасқан өзіндік қағидасы бар.  

«Достық үйі» көне Тараз шаһарындағы сәулетті нысанның бірі. Сондай-ақ, сапалы жұмысымен де ерекшеленген мәдени-рухани келісім ордасы болып саналады. Еліміздегі әрбір бетбұрыс, жаңа кезең мекеменің назарынан тыс қалмайды. Мәселен, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 86-қадамы бойынша «Үлкен Ел – Үлкен Отбасы» жобасы аясында облыстық ҚХА-ның 110-нан астам іс-шара өткізгенін айтуға болады. Шалғай орналасқан және этностар жинақы тұратын елді мекендерде өткізілген іс-шаралармен 55 мыңнан астам халықтың қамтылуы да бірлік пен тұтастықтың жарқын үлгісін көрсетеді. Ал «Достық үйі» Аналар кеңесінің бастамасымен бүгінгі таңда өзекті қалың мал, қыздар арасында ерте тұрмыс құру, туыстар арасында некелесу мәселелерін реттеу бойынша да нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бастама бүгінде өзбек, дүнген, ұйғыр, күрд этностары тарапынан да қолдау тапты.

Ассамблеяның тағы бір айрықша тұсы – тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерге де үн қосуы деуге болады. Мәселен, облыста аталған мәселелерге байланысты түскен 246 өтініштердің 181-і медиаторлардың араласуымен реттелген. Бұл да бейбітшілік, тұрақтылық орнаған қоғамда мазмұнды маңызға ие көрсеткіш. Сондай-ақ, мемлекеттік саясатты насихаттауда және жаңа реформаларды халыққа түсіндіруде де облыстық Ассамблея мүшелері мен құрылымдары халық арасында жүзден астам кездесулер өткізді. 

Бүгінгі таңда «Достық үйі» Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында бірқатар жобаларды қолға алып отыр. Халқымыздың болмысында қалыптасқан «Туған жер», «Ұлт», «Мәдениет пен салт-дәстүр» ұғымдары ерекше қастерлі. Бірлік пен татулық аясында бұл құндылықтардың да қасиеті арта түсері сөзсіз.

Ынтымақты елдің ырысқа кенелетіні, бірлігі мол елдің бақытқа жол табатыны белгілі. Бүгінгі таңда бірлік пен бейбітшіліктің бесігіне айналған мемлекетіміздің маңызды міндеті де, ұлы ұстанымы да осы. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет», деген сөзі аса маңызды.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы


Соңғы жаңалықтар