Бокс • 24 Сәуір, 2017

​EXPO-2017 кезінде жекпе-жекке шыққым келеді – Асхат Уәлиханов

144 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Асхат Уәлиханов 28 сәуір күні АҚШ-тың Калифорния штатында пуэрторикалық Антонио Санчеспен жұдырықтасады. Олардың жекпе-жегі америкалық Кейси Рамос пен мексикалық кіші Мигель Бельтранның андеркартында өтеді. Алдағы кездесуі жайлы қазақстандық боксшы sports.kz басылымына ой бөлісті.

​EXPO-2017 кезінде жекпе-жекке шыққым келеді – Асхат Уәлиханов

«Қарсыласым 30 жаста. Оның кемшіліктері мен мықты тұстарын әзірге білмеймін. Осыған дейін өткізген бір ғана жекпе-жегін көріп шықтым. 28 сәуір күні бәрі белгілі болады деп ойлаймын», – деді 26 жастағы боксшы. 

Асхат Уәлиханов соңғы айқасын желтоқсан айында өткізген болатын. Одан бері бес айға жуық уақыт өтті.

«Мен үшін біраз үзіліс болып қалды. Қазір тек рейтингтік кездесулер өткізіп жүрмін. Бес айда бір де бір айқас өткізбеуіме визалық қиындықтар себеп болды. Осы аралықта Қазақстанға виза жасату үшін барып келдім», – деп түсіндірді боксшы.

Сондай-ақ, Асхат биыл қанша кездесу өткізетінін нақты айта алмады.

«Бәрі уақыттың еншісінде. Әзірге ешнәрсе айта алмаймын. Іс жүзінде бәрі жақын арада белгілі болады», – деп қысқа қайырды.

Бір қызығы, қазақстандық былғары қолғап шеберінің қарсыластары тек латынамерикалықтар. Бапкерлері стилі жағынан ыңғайлы боксшыларды таңдай ма екен әлде кездейсоқтық па? Уәлиханов бұл тұрғыда жаттықтырушыларының ойын білмейтінін, кездейсоқтық болар деді.

Ал мұхиттың арғы бетіндегі өмірге толықтай үйренді ме? «Бәрі жақсы. Америкаға толықтай үйрендім. Тек тіл білмеуім аздап қиындау болып тұр», – деді Уәлиханов.

Астанада EXPO-2017 кезінде бокс кеші ұйымдастырылатыны белгілі. Асхат өз елінде жұдырықтасқысы келетінін жасырмады.

«Өз елімде, жанкүйерлерімнің алдында шаршы алаңға шыққым келеді. Бірақ қай жерде жұдырықтасу керек екенін мен шешпеймін. Егер ұйымдастырушылар менеджеріммен келісімге келіп жатса, Қазақстанда қуана-қуана жекпе-жек өткізер едім», – деді 26 жастағы былғары қолғап шебері.

Асхат Уәлиханов бірінші жартылай орта салмақта бокстасады. Бірнеше ай бұрын ол өз дивизионындағы үздік боксшының есімін атаған болатын.

«Қазіргі уақытта Теренес Кроуфорд чемпион. Осы салмақта оны үздік деп санаймын. Бірінші жартылай орта салмақта мықты боксшылар жетерлік. Ал өзіме келер болсам, олардың деңгейіне жету үшін көп дайындалуым керек», – деген еді қазақстандық боксшы.

Теренс Кроуфорд – америкалық боксшы. Әуесқой бокста 2007 жылы панамерикалық ойындардың чемпионы атанған. Кәсіпқой бокста 2014-2015 жылдар аралығында жеңіл салмақта WBO белбеуіне ие болған. Қазіргі уақытта бірінші жартылай орта салмақта WBC (2016 жылдан бері), WBO (2015 жылдан бері), The Ring (2016 жылдан бері) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Кәсіпқой рингте 30 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. 21 кездесуін уақытынан бұрын аяқтады.

Айта кетейік, Асхат Уәлиханов – Жамбыл облысы, Шу ауданында туған. Кәсіпқой боксқа дейін Дүниежүзілік бокс сериясының екі дүркін чемпионы – «Astana Arlans» командасының намысын қорғады. Қазіргі уақытта боксшы Мадияр Әшкеевпен бірге бір командада жаттығып жүр. Кәсіпқой бокста екі рет жұдырықтасты. Алғашқы жекпе-жегін өткен жылдың тамыз айында мексикалық Дэниел Бастиенмен өткізді. Кездесудің үшінші раундында төрешінің гонг дыбысын естімей, мексикалықты ұрып жіберуіне байланысты Асхатқа техникалық жеңіліс берді. Ал желтоқсан айында никарагуалық Карлос Агилерамен қолғап түйістіріп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

 

Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024