Футбол • 24 Сәуір, 2017

​Астанада бүлдіршіндер арасында футболдан жарыс өтті

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Қазақстан футбол күніне орай «Елорда көктемі» деген атпен 2008 жылы туған бүлдіршіндер арасында турнир ұйымдастырылды. Жарысқа сегіз команда қатысты. Турнир олимпиадалық жүйе бойынша өтті.

​Астанада бүлдіршіндер арасында футболдан жарыс өтті

Қорытындысында «Астана-А» командасы чемпион атанса, ақтық сында осы командаға 0:1 есебімен жеңілген «Астана-B» ұжымы екінші орын алды. Ал үшінші орын екі командаға бірілді. Яғни, Астана футбол федерациясы мен «Динамо» командалары үздік үштікті қорытындылады. Дегенмен, қос команда өзара күш сынасып, Астана футбол федерациясы басым түсті. 

Сонымен қатар, «үздік қақпашы» атағына «Астана-В» командасының голкипері Буч Данило ие болса, «Астана-А» командасы сапында ерекше ойынымен көзге түскен Нұрғали Алдияр «үздік ойыншы» атанды.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Астана» футбол клубының экс-капитаны, бүгінде Қазақстан Ұлттық құрамасы бас бапкерінің асистенті қызметін атқаратын Қайрат Нұрдәулетов арнайы қатысты.

«Бәрі керемет өтті. Балалар үшін «Астана» командасы жақсы турнир ұйымдастырды. Бүлдіршіндердің эмоциясы... Жеңістеріне қуанып, жеңілістеріне өкініп жатқандарын көрдім. Үшінші орын үшін өткен матч аса тартысты өтті. Бұл футболдың дамып жатқанының көрінісі. Алғашқы екі орынға ие болған командалардың деңгейі де, техникалары да жоғары екені, бірін-бірі лезде түсінетінін байқадым. Оған финалдық ойында анық көзім жетті», – деді Қайрат Нұрдәулетов.

Ұйымдастырушылар тек футболмен шектеліп қоймай, ата-аналар арасында да арнайы жарыстар ұйымдастырды. Әйелдер доп тебу бойынша, ал ерлер алаң ортасынан қақпаны дәл көздеу бойынша өзара сынға түсті. Бір қызығы, бұл сында бір отбасының мүшелері жеңіс тұғырынан көрінді.

«Балам алты жасынан футболға қатысады. Міне, екі жылдан аса уақыт өтті. Қазір Әнуар Қайырбекұлы есімді бапкердің қол астында дайындалып жүр. «Елорда көктемі» турнирінің өтетіні бір ай бұрын белгілі болды. Күнделікті жаттығулардан қалмады. Бұл ұлымның алғашқы жеңісі. Алдағы уақытта биік белестерді бағындырып, еліміздің, әлемнің жарық жұлдыздарының бірі болады деп үміттенемін», – деді «Астана-А» командасының ойыншысы Амангелді Ерболдың анасы Жанат Ағытаева.

Соңғы жаңалықтар