«Көкшетауминералдысулары» АҚ биыл өзінің 20 жылдығын атап өтеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің төл құрдасы әрі солтүстік өңірдегі сусын индустриясының қарлығашы саналатын заманауи кәсіпорын қазіргі таңда Көкшетау қаласы бойынша салық түсімінің 40 пайызын, республикамыздағы алкогольді өндіріс салығының 35 пайызын қамтамасыз етуде. Әлеуметтік бағдар ұстанатын серіктестік 1500 адамға тұрақты нәпақа көзін ашумен қатар, қуатты да саламатты қоғам орнату, адамдардың өмір cапасын жақсарту міндетін абыройлы парыз санайды. Бұл орайда талай бәйгенің төрінен көрінген өнегелі істерден таратып көп әңгіме айтуға болатын еді. Бірақ, біз «Балаларға шаттық сыйлар шипалы су» аталатын қанатқақты жоба жайлы ой қозғауды жөн көрдік.
Акционерлік қоғам 2009 жылдан бастап «Балаларға шаттық сыйлар шипалы су» аталатын әлеуметтік маңызды қанатқақты жоба шеңберінде Астана қаласының мектептері мен балалар бақшаларына биогенді «Тұран» ауыз суын жеткізуде. Өзінің физиологиялық толыққандылығымен ерекшеленетін «жанды су» адам денсаулығына оң ықпал ететіндіктен, жобаның оқу орындарымен байланыстырылуы мемлекеттік маңызды мәселе болып саналады. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауындағы «Ұлт саулығына» қатысты басымдықтардың бірі.
– Көкшетауда отырып жұмысты Астанадан бастауымыздың негізгі себебі, Елорда - жасампаздық пен жақсы істердің жаршысы. Ұмтылыстарымыз бен ізденістеріміз де бас қаламыздан өрбіп, өңірлерімізді қозғалысқа түсіруде. Мұны коммерциялық мүддемен шектеуге болмайды, – дейді ҚР Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, «Көкшетауминералдысулары» АҚ ғылыми жұмыстар жөніндегі вице-президенті Евгений Пятов.
Сондай-ақ, біз ұжымды толғанысқа түсірген мына бір мысалдың көкейдегі ойды жеделдетіп жібергенін де білеміз. Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласындағы ауруханалардың бірінде бір жастағы сәбидің өмірін сақтап қалу үшін хирургиялық ота жасау қажет болады. Бірақ, оның қанындағы гемоглобиннің тапшылығынан дәрігерлер бұған кірісе алмаған. Дәрі-дәрмек пен медициналық құралдар эритроцит құрамындағы тыныстық пигментті шұғыл көтеруге мүмкіндік бермеді. Дағдарыс сәтінде консилиум мүшелері, баспасөзде жазылғанындай, тіршілік пен табиғаттың тұтас жүйесін біріктіретін, яғни, адам ағзасындағы гемоглобинді тұрақтандыратын «Тұран» биогенді суын пайдалануды ұйғарады. Ақырында операция сәтті аяқталып, сәбидің ата-анасынан, дәрігерлерден Көкшетауға алғыс хаттар келді.
Кәсіпорын «Жанды су», ғылыми тілмен айтқанда, физиологиялық толыққанды су «Тұранды» Зеренді ауданындағы Кеңөткел жерасты су қорынан алады. Бұл термин құтыға құйылатын су өндірісіндегі мемлекеттік нормативті құжаттарда заңды түрде бекітілген. «Ауыз су қауіпсіз және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болумен қатар, оның құрамында адам ағзасының қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін бірқатар биологиялық белсенді микроэлементтер болуы қажет,-дейді Евгений Александрович. Біздің өніміміз, әсіресе, жас организмнің дамуына септік жасайтын табиғи қоспаларға бай. Қазақстан, Ресей, Украина мамандарының зерттеулері «Тұран» суын тұрақты пайдаланған жағдайда адамның көңіл-күйін, ұйқысын, тәбетін жақсартып, қан қысымын, асқазан-ішек жолы қызметін қалыптастыруға болатынын көрсетті. Бұған қосымша, бүйректе жиналған тұзды ерітіп шығаруға, қандағы гемоглобин құрамын тұрақтандыруға және ағзаны темір тапшылығынан қорғауға септік жасайды».
Айтылғандардың соңғысы «Балаларға шаттық сыйлар шипалы су» қанатқақты жобасын түзіп, оны жүзеге асыруда маңызды тұтқа болған көрінеді. Медицина, республиканы тұтастай алғанда, балалардың микронутриент (тағам құрамындағы қоректік заттар) тапшылығынан зардап шегетінін анықтап отыр. Оны толыққанды тамақтанумен қатар, сапалы табиғи суды пайдалану арқылы толықтыруға болады. Ал, «Тұран» суының кеселдің алдын-алу, қанның аздығын жою мәселесіндегі орны айрықша. Жалпы, жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақ денсаулығын нығайтуға, ұлт саулығын қалыптастыруға сапалы судың тигізетін әсерін қоғам назарына ұсыну.
– Біздің жобаның ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Қазақ тағамтану академиясы, ҚР Балалардың құқығын қорғау комитеті, Астана қаласының білім басқармасы тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымыз, – дейді Е.Пятов. Жобаның бірінші кезеңіндегі (2009-2010 жылдар) барлық жұмысымыз ақпараттық-ағарту қызметін қамтыды. Астанадағы 77 мектеп пен 36 бала бақшада ата-аналардың қатысуымен биогенді судың шипалы қасиеттері туралы лекциялар оқылса, валеология және биология пәндерінің мұғалімдерінің күшімен «Су әлемі» электронды оқулығы дайындалды. Мұғалімдер мен мектеп басшылары, мектеп дәрігерлері, экологтар, мемлекеттік стандарттар мен денсаулық сақтау органдарының өкілдері сапалы су проблемасын талқылаған сабақтар мен «дөңгелек үстел» сұхбаттарын өткізді.Балалар арасында ұйымдастырылған таза және шипалы су тақырыбындағы шығармашылық байқаулар үлкен әсер қалдырды. 2010 жылдың көктемінде, Бүкілдүниежүзілік су күніне орайластырылып, Астана қаласының барлық мектептерінде бірыңғай тақырыптағы сабақтар өткізілді.
Алғашқы кезең қорытындысындағы «Қазіргі заман мектептері оқушыларының санасында дұрыс тамақтану және сапалы суды пайдалану дағдысын қалыптастыру мәселесі» атты жалпымектептік конференцияның табыстылығын атап өткен жөн. Маңызды басқосудың нұсқаулықтары балалар мен жасөспірімдер тамақтану қауіпсіздігі және ауыз суды пайдалану жөніндегі қолданыстағы ұлттық техникалық регламентке енгізілсе, тамақ институты мектептер мен мектеп жасына дейінгі мекемелер басшыларына арнап әдістемелік нұсқаулықтар әзірледі. Мұны қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі сапалы ауыз суға қатысты ұжымдық шешім қабылдағаны деп түсінуге де болады. Демек, жобаның бірінші кезеңі өз мәресіне айтарлықтай табыспен жетті деуіміз керек.
Жобаның екінші кезеңі биылғы оқу жылында басталып, ғылыми ізденістерді мақсат етуде. Оның барысында толыққанды ауыз судың баланың өмір сапасына әсері жан-жақты зерттеледі. Жұмыстар өмір сапасын зерттеу жөніндегі халықаралық қоғамның арнайы бағдарламасы негізінде жүргізілуде. Бұл негізінен Астананың төрт мектебіндегі төменгі сыныптың 800 оқушысын қамтиды. Оған «Көкшетауминералдысулары» АҚ мамандарымен бірге тәжірибелі ұстаздар, әйгілі ғалымдар мен мамандар, ата-аналар тартылған. Мектептер 19 және 10 литрлік ыдыстағы «Тұран» суымен, кулерлермен қамтамасыз етілді. Арнайы кітапшаға баланың мектепте және үйде белгіленген мерзімде суды пайдаланғандығы жөніндегі жазбалар, оның денсаулығы мен мінез-құлқындағы өзгерістер мұқият тіркеледі. Бұл орайда, «Тұранды» ішетін екі мектеп пен ішпейтін екі мектеп оқушылары арасында салыстырмалы зерттеу жүргізілетінін еске салғымыз келеді.
Евгений Пятовтың жұмыс бөлмесінде мұқият қатталған қораптар бірден көзге түседі. Мұнда балалар мен олардың ата-аналары, мұғалімдер қатысқан сұрау салу деректері жинақталған. Жеке папкаларды парақтағанымызда сұрақтардың кең ауқымдылығын байқадық. Мәселен, балалар мен олардың әке-шешесіне қойылған «Оқушы екі автобус аялдамасы аралығын еркін жүріп өте ала ма?» сұрақты алайық. Үлкендердің барлығы дерлік «иә» десе, балалардың басым бөлігі «жоқ» деп жауап қайтарған. Медициналық тексеріс бала ағзасындағы темір тапшылығы мен анемиияны анықтап отыр. Сондай-ақ, осынау үш жылға жуық уақыттағы «Тұраннан» кейінгі түрлену деректері ай-күніне дейін тіркеліп, ондағы оң өзгерістер қуантады.
Еліміздегі ерекше жоба биылғы оқу жылының соңында аяқталады. Оның қорытындысы жұртшылық көңілінен шығып, мемлекет назарына ілінеді деген ойдамыз. Жобаны жүзеге асырған білім ошақтары мен ғалымдарға, мамандарға, әрине, «Көкшетауминералдысулары» АҚ басшылығына көпшіліктің ризашылығы шексіз. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әрдайым биік ұстайтын АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, өңірге белгілі азамат Асқар Әлиев, фирма президенті Александр Самойловтың қолдауынсыз серіктестіктің ғылым бөлімі маңызды жобаны қолға алып, нәтижелі жұмыс жасай алмас еді. Мұндай игі іске 40 мың доллардан астам инвестиция салынғанымен дәлеледеуге болады. Тағы бір айтарымыз, дәл Астананың өзінде кәдімгі су жүйесін пайдаланып-ақ, сауданы сапырып жатқан оннан астам фирма жұртшылық назарындағы қанатқақты жобадан үлгі алса дейміз.
Бақберген АМАЛБЕК.
Көкшетау.