– Айдар, бірнеше күн бұрын ғана сіздің құрамадан кеткеніңізді естідік. Мұндай қадамға не себеп болды?
– Мұның екі себебі бар. Біріншісі, менің арқам мен тіземнен алған жарақатыма байланысты болса, екіншісі – басшыларға дайындығым мен көрсеткіштерімнің ұнамауы.
– Басшы дегенде сіз кімді меңзеп тұрсыз?
– Шынымды айтсам, ол жағын нақты білмеймін. Маған солай жетті. «Кет», деп те ешкім айтқан жоқ. Бірақ менің нәтижелерім басшылықтың көңілінен шықпағанын түсіндім.
– Сонда халықаралық жарыстардағы 5-6-орындардың өзі жеткіліксіз деген сөз бе?
– Солай шығар. Маған жалпылама баға берілді. Жеткілікті дәрежеде жаттықпай жүргенім де айтылған. Азиадаға мен қатысқан жоқпын. Ал Универсиадада жүлделі орындарға іліге алмағынымды өзіңіз де біліп тұрсыз. Сіз айтқан орындар соншалықты төмен нәтиже емес шығар, бірақ оған өзімнің де көңілім толмады. Өзге әріптестерім медаль тағып тұрғанда, менің құр қол болғанымды жауапты мамандар да құп көрмеген. Соған қарағанда меже жоғарылаған секілді.
– Сіз бұл пікірмен келістіңіз ғой? Айтпағым, спортшылардың барлығы жарақат алады, сонан соң спортқа қайта оралып жеңіске жетіп жатады. Бәлкім, әлі нәтиже де жақсарар ма еді...
– Бұл шешімге мен қалай әсер ете аламын?! Қолымнан келгенше жаттығып жүрдім, егер мұны да аз десе, мен не істемекпін?
– Ал сіз бұл туралы қай уақытта естідіңіз?
– Маусым аяқталған соң. Бізге екі апталық демалыс берген. Сол уақытта жиналыс өтіп, менің мәселем талқыланса керек. Бапкер хабарласып, жыл сайын жасалатын келісімшарттың ұзартылмайтынын ескертті.
– Бас бапкер не деді? Қалу туралы ұсыныс болмады ма?
– Бұл туралы ешкіммен сөз таластырып жатпадым. Ал бапкер, керісінше, менің кеткенімді жөн көрген тәрізді. Ол кісі «Егер жаттығам десең, өзің білесің, бірақ саған айлық төленбейді», деді. Өзге бапкерлердің де осы жолды дұрыс деп тапқанын жеткізді. Жаттығуларда өзгелерге қарап жүргеннен не өзгереді, уақыт жоғалтқаным болмаса. Сондықтан құрамадан кеттім.
– Ал шорт-тректе қаржыландыру тиісті деңгейде болды дей аласыз ба?
– Тиісті деңгей дегеннің өзі – салыстырмалық ұғым. Олимпиададан кейін спорттан кетіп, бір жылдан соң оралдым. Сондықтан кейбір жағдайлардан бейхабар болуым мүмкін. Бірақ бұрынғыға қарағанда жақсарды деуге болатын шығар.
– Жеткіліксіз жаттығу жасау дегенді қалай түсінуге болады? Сонда сіз жаттығуға командалас әріптестеріңізден қарағанда азырақ уақыт бөлесіз бе?
– Өзгелерден аз екенін жасырмаймын. Себебі, менің ағзам берілген тапсырмалар жүктейтін ауыртпалықтарға төзе алмайды. Сондықтан өз мүмкіндігіме қарай жаттығатынмын.
– Сіз Ванкувер және Сочи олимпиадаларының қатысушысыз. Ал бүгінгі құрамадағы ең тәжірибелі спортшыға қатысты бұл шешім қаншалықты әділ деп санайсыз?
– Аяқ асты айтылған ақпарат қой. Бірақ бұған мен әділ, не әділетсіздік деп баға бере алмаймын. «Жеке мүдде жоқ, тек бизнес» дейтін тіркестегідей, ешкімді айыптамаймын.
– Біздің елде шорт-трекшілерді даярлайтын білікті мамандар аз. Бәлкім осы салада бағыңызды сынап көру керек пе еді...
– Мұндай ұсыныс түскен жоқ. Былайша айтқанда, менің алдымда спорттан кетуден басқа амал қалмады. Егер мені бұл салада қажет деп таппаса, әрі қарай дамитын, өсетін сала, жалпы болашағым туралы ойлануым керек.
– Сіз бұған дейін де спорттан кетіп, қайта оралдыңыз. Ол кездерде не себеп болған еді?
– Рас, екі рет шорт-трекпен қош айтысқанмын. Алғашқысында, 2011 жылы шаршағандықтан, әрі жоғары оқу орнына түсіп жатқандықтан кетсем, екіншісіне корейлік бапкермен болған кикілжің себеп. Ол менің бойымда әлеуеттің барын көрді де, ауыртпалықты үдете түсті. Ал менің оған шамам жетпейтін. Жаттығу жасаудан бас тартқанымда, ол кісі қол жұмсады. Сонан соң мен құқық қорғау органдарына шағымдандым. Мұны естіген бапкерлер мені командадан шеттетті. Корейлік маман қызметінен кеткен соң, құрамаға қайта шақырды. Мен келісімімді бердім.
– Ал сіздің кететініңізді естіген өзге жігіттер не деді?
– Олармен бұл туралы әлі сөйлескен жоқпыз. Естіген де шығар, өйткені Голландияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиындарына барған жоқпын ғой. Негізі қарым-қатынасымыз жаман емес еді. Бұған дейінгі Нидерландыда өткен жаттығу жиындарында бір бөлмеде тұрдық. Дегенмен олардан қолдау күттім деп те айта алмаймын. Олар не өзгерте алады?!
– Жоспар деп қалдыңыз. Болашаққа қатысты қандай мақсатыңыз бар?
– Қазір сол туралы ойлап жүрмін. Басқа салаға ауысуым да мүмкін. Екінші мамандыққа оқуға түссем бе деген жоспар да бар.
– Спортта жұмыссыз қаламын деп қорқасыз ба?
– Мұны қорқыныш дегеннен гөрі тәжірибе деген дұрыс шығар. Сол тәжірибе көрсеткендей, бұл сала тұрақсыз болып шықты. Бір-ақ күнде сенімен қош айтысуы мүмкін.
Сұхбаттасқан Мәдина АСЫЛБЕК
АСТАНА