Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы жайында баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру. Бұл дегеніміз, халықтың денсаулығын нығайту бойынша ведомствоаралық жұмыстарды реттеу және үйлестіру.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бар. Тұжырымдаманың негізгі түйіні, міне, осы мәтелдің өзегінде жатқандай. Министрдің мәлімдеуінше, қоғамдық денсаулық моделі ауруларды емдеуден гөрі оның алдын алу мен басқаруға назар аударуға мүмкіндік бермек. Бұл Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы айқындаған қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі он оперативті функциясының негізінде құрылады. Оған халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын эпидемиологиялық қадағалау, денсаулыққа қауіп төнген және төтенше жағдайларда мониторинг жүргізу және әрекет ету, денсаулықты қорғау, оның ішінде қоршаған ортаның, еңбек, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, денсаулықтың нашарлауын ерте анықтау арқылы аурулардың алдын алу жағдайлары кіреді. Сонымен қатар, көрсетілген функциялардың қатарына денсаулық сақтау саласын стратегиялық басшылықпен, білікті кадрлармен, сондай-ақ, тұрақты ұйымдастырушылық құрылыммен және қаржыландырумен қамтамасыз ету кіреді. Бұдан басқа, оның функцияларында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен зерттеулердің дамуына ықпал ету қарастырылады. Ал бұл қызметтің дамуының негізгі бағыттары қазіргі кезде нормативтік құқықтық база мен бюджеттік бағдарламаларды қалыптастыру, ұсынылатын қызметтер тізімін әзірлеу, инфрақұрылымды дамыту, бірыңғай IT-платформа құру, кадрлық әлеуетті дамытуды қамтумен денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру, сонымен қатар бизнесті тарту мен мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту сияқты жұмыстарды қамтиды.
Денсаулық сақтау саласы сөз болғанда, көптің көкейінде тұратын бір сауал – еліміздегі дәрі-дәрмек бағасы туралы болатыны жасырын емес. Үкіметте де бұл мәселе айтылды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы шекті бағасын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бекітетінін мәлім етті. Министр Е.Біртанов «Бөлшек саудадағы дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын, енді оны талқылау басталатынын жеткізді. «Алдымен қоғамдық кеңесте, кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасында, БАҚ-та кеңінен талдайтын боламыз. Қоғам талқылауынан соң, заң жобасы биыл күзде Парламентке жолданады. Жыл соңына дейін оны қабылдап, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрі-дәрмектердің шекті бағасын бекітеміз деген үміт бар», деді министр.
Үкімет отырысына қоғамдық ұйымдардың басшылары, сонымен қатар, ДСҰ өкілдері де қатысып, сөз сөйледі. Ал талқылау қорытындысында Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне жыл соңына дейін қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Отырыста қаралған келесі мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанның жоғары оқу орындарының академиялық және басқару еркіндігін кеңейту дегеніміз ЖОО-ларға студенттерді қабылдауға, құрылым тәртібін, білім беру бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және ғылыми-білім беру қызметі бойынша еншілес ұйымдарды құруына құқық беруді білдіреді. Бұған дейін осындай артықшылықтар тек ұлттық ЖОО-ларда ғана болған. Бұдан өзге, Ұлттық біліктілік шеңберіне біріктіріле отырып білім беру бағдарламаларын әзірлеу қағидасы енгізілетін болады. Осының арқасында ЖОО-лар білім беру нәтижелері мен өздерінің құзыреттіліктерінің негізінде дербес білім беру бағдарламаларын әзірлей алатын болады. Сондай-ақ, ЖОО-ларды лицензиялау жүйесі де өзгереді. Егер бастапқыда тек мамандық лицензияланған болса, енді заң жобасы қабылданған соң жалпы дайындау бағыты да лицензияланатын болады.
«Бүгінгі таңда жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беруде шамамен 600 мамандық бар, жаңа тәсіл енгізілгеннен кейін даярлаудың 10 бағыты пайда болады, оның ішінде ЭЫДҰ елдеріндегідей, ЖОО-лардың 600-ден де көп дербес білім беру бағдарламалары болады», деді министр. Сонымен қатар, студенттерге де екі бағыт бойынша оқудың дербес жолын қалыптастыру құқығы берілмек. Олар – пәндерді тереңінен меңгеру және пәндерді қосымша меңгеру. Қосымша меңгеруде бір мамандықта оқып жүрген студенттер өз білімдерін толықтыру үшін қосымша мамандықты да игеруге мүмкіндік алады.
Үкімет отырысында қаралған тағы бір мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Бұл жобаны Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырды. Ол заң жобасының мақсаты заңнамалық актілерді Конституцияға жақында енгізілген түзетулерге сәйкес келтіру екенін, соған орай 7 кодекс пен 46 заңға өзгерістер енгізу талап етілетінін мәлім етті. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірқатар бабына, азаматтық туралы, шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, халықтың көші-қоны туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы, волонтерлік қызмет туралы заңдардың нормаларына өзгерістер енгізіледі. Бұдан өзге, «Құқықтық актілер туралы», «Прокуратура туралы» заңдарға және сот жүйесі қызметін реттейтін заңға түзетулер енгізілетін болады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»