Алқалы жиынды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов кіріспе сөзбен ашып, Елбасының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын еске салды. Өңірде биыл 4 миллион 377,5 мың гектар жерге орналастырылатын ауыл шаруашылық дақылдарының 3 миллион 117,8 мың гектарын дәнді және бұршақ дақылдары құрайды. Майлы дақылдар 700 мың гектарға дейін ұлғайтылған.
Кеңесте кейбір агроқұрылымдардың топырақ құнарлығын арттыру, ауыспалы егіс жүйесін сақтау жұмыстарын өз деңгейінде жүргізе алмай отырғаны ашып айтылды. 4 және 5 сұрыпты дәнді және бұршақты дақылдар тұқымын жоғары өнімділік түрлеріне ауыстыру да – көкейтесті мәселелердің бірі. Егіс науқанына қажетті жанар-жағармай алу жайы да көңіл көншітпейді. Қажетті 65 мың тонна дизель отынының жартысына ғана шарт жасалған. Минералды тыңайтқыштар алуда шаруашылықтардың 9 пайызы ғана келісімге қол жеткізген.
Осындай өзекті мәселелерді тілге тиек ете келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өңірімізде «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы мал басы көбейгенмен, тұрғындарды жыл бойы жұмыспен қамтуда түйінді мәселердің барын жасырмады.
А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқырбаев септериоз ауруының өршуі салдарынан мол астықтың 30-70 пайызынан айрылатынымызды көлденең тартты. Ауыл шаруашылығы құрылымдары мамандарының біліктілігін жетілдіруге, кәсіби шеберлігін арттыруға мән берілмегендіктен, ғылым жетістіктері мен жаңалықтар ескерілмей жатады.
Синоптиктер биыл ауа райы құбылмалы болады деген болжам жасап отыр. Сондықтан көктемнің әр күнін ұтымды пайдаланған маңызды.
«Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдауға «Агроөнеркәсіп кешендерін дамыту» бағдарламасы аясында 240 миллиард теңге бөлінген. Алайда, былтыр еңбекақы қоры 13,5 миллиард теңгені ғана құраған. Еңбекақы қоры ауыл шаруашылығы саласына бөлінген субсидия көлемінен екі жарым есе аз. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет субсидия арқылы сіздердің жұмысшыларыңыздың еңбекақысын төлеп отыр. Бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын басты назарға алу қажет», – деді Қ. Ақсақалов.
Ол агроқұрылым басшыларының жұмысшыларына лайықты еңбекақы төлемей отырғанын, соның салдарынан кадр тұрақтамаушылығын қатты сынға алды. Аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен еңбекақыны көтеру мәселесін шешуді тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы