Адамның досы саналып, халқымыз жеті қазынаның біріне балаған төрт аяқты жануардың адамға тигізер пайдасы зор. Еліміздің қауіпсіздік құрылымдары, нақтырақ айтсақ шекаралық кеден қызметі, түрмедегі күзет, айдауылдау, қоғамдық орындардағы тыныштықтың сақталуы тағы да бірқатар қызметтерде қосымша күш ретінде арнайы үйретілген ақылды иттердің көмегіне жүгінеміз. Кинологиялық орталықтағы иттер нақты сала бойынша дайындалады. Жарылғыш заттарды анықтау, есірткі заттарын әшкерелеу, ақша құралын іздестіру, бағалы аң мүйіздерін анықтау жұмыстары бойынша кішкентай күшік кезінен бастап білікті мамандар қолында тәрбиеленеді. Яғни, жоғарыда айтылған нақты құралдардың иісін сезуге машықтандырылады. Тілі жоқ жануарды тәрбиелеп олардың бабын тауып табиғи болмысын ұғыну кез-келгеннің қолынан келер шаруа емес.
Осы ретте Кинолог мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Кинологиялық орталықта аттестаттау комиссиясымен «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерінің аттестаттаудың үшінші әңгімелесу кезеңі аяқталды. Аттестаттау комиссиясының құрамына мүше ретінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері «Генералдар кеңесі» РҚҰ милиция генерал майоры Осман-Рустамбек Бижігітов, заң ғылымдарының кандидаты «Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының» професоры Жолдыбай Оспанов, Түрксіб аудандық «НұрОтан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрланбек Ескендірұлы, сонымен қатар БАҚ өкілдері қатысты.
«Орталығымыздағы иттердің барлығы дерлік асыл тұқымды. Оларды ерекше күтіммен баптап, шеберлікке баулып, еліміздің қауіпсіздік саласының барлық құрылымдарына жібереміз. Иттермен жұмыс істеу асқан төзімділік пен шеберлікті талап етеді. Сондықтан, біздің мамандардың иығына артылған жүктің салмағы ауыр. Кинологтардың біліктілігін арттыру, қауіпсіздіктің күшін қуаттау деп есептеймін», – дейді аймақтық кинологиялық орталықтың басшысы, полковник Рысбек Смаков.
Әңгімелесуден өткен 12 қызметкердің арасынан аттестаттаудың қорытындысы бойынша 2 қызметкер атқаратын мемлекеттік лауазымына сай деп танылып лауазымын жоғарылатуға ұсынылды, ал 10 қызметкер атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»