Қазақстан • 26 Сәуір, 2017

​Таразда студенттер арам шөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері арам шөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты. Шолпан Елшібекова мен Мақсат Берікбаев зиянкес өсімдіктерді химиялық және биологиялық шаралар арқылы жойып, егіс түсімін арттыруды көздеп отыр.

​Таразда студенттер арам шөптермен күресудің тиімді тәсілдерін ойлап тапты

«Арамшөптермен биологиялық әдіс арқылы күресу жаңа дамып келе жатыр. Бұл тәсілдің болашағы зор. Өйткені, химиялық әдіс арқылы күресу өнімді және тиімді деп кеңінен қолданылғанмен, экологиялық тұрғыдан, яғни қоршаған ортаны қорғау жағынан алып қарағанда оның бірқатар зиянды жақтары бар. Бұл орайда агротехникалық және фитосанитарлық шараларды ұштастырып жүргізу қажет», – дейді жоба авторлары. 

Жас ғалымдар зиянкес өсімдіктерді жоюда агротехникалық, биологиялық, химиялық және оттық тәсілдерді қолданбақ. Бұл шара жылыжай мен егістік жерлерді арам шөптерден түбегейлі арылтып қана қоймай, дәнді дақылдардың сабағы мен тамырын тазалауға септеседі.

«Ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты өнім алуға бағытталған жұмыстар барысында алқаптағы арам шөптерді жоюдың маңызы зор. Олар егістік даласын бүлдіріп, өнімдерге орасан зор зиян келтіреді. Арам шөптің Қазақстанда 300-ден астам түрі бар. Көптеген зиянкес өсімдіктердің тамырлары топыраққа терең бойлап өседі. Сондықтан олар терең қабатта жатқан ылғал мен қоректік заттарды жақсы пайдаланады. Мәселен, 1 грамм тары 250 грамм ылғал жұмсаса, осы астық тұқымдасына жататын қарасұлы сияқты арамшөп 600 грамм ылғалды қажет етеді. Яғни, екі жарым есе көп. Міне, сондықтан да зиянкес өсімдіктермен күресті өрістете беруіміз керек», – деп атап өтті студенттер.

Айтуларынша, жылдық жауын-шашын қорының бестен бір бөлігі арам шөптердің өсіп-өнуіне жұмсалады. Олар қоректік заттарды көп мөлшерде пайдаланғандықтан топырақтың құнарлылығын да төмендетеді.

Ғылыми жаңалық оқу орнының зертханалық кешенінде тәжірибеден өтіп жатыр. Алдағы уақытта өндіріске енгізу жағы да қарастырылмақ.

Соңғы жаңалықтар