Қазақстандағы этносаралық келісім мен бірлікке қызмет ететін осы аса маңызды қоғамдық институттың сессиясы жыл сайын өтіп тұрады. Биыл оның саны 25-ке жетіп отыр. Сессия жұмысына еліміздің барлық өңірінен 1500-ден астам делегат қатысты. Олардың ішінде Ассамблеяның барлық өңірден келген мүшелері мен ардагерлері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялар мен ҮЕҰ басшылары, әдебиет пен өнердің, спорттың көрнекті өкілдері, шетелдік қонақтар болды. Жарқыраған көктем күнімен бірге келген сессияға қатысушылардың жүздері жарқын, көңілдері шат көрінді.
Елбасы Н.Назарбаев сессия жұмысын ашқан соң, еліміздің Әнұраны орындалды. Осыдан кейін сессияны жүргізіп отырған ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай баяндама жасау үшін сөзді ҚХА Төрағасы Н.Назарбаевқа берді. Өзінің сөзінде Елбасы 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше жыл болып саналатынын атап өтті. «Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер», деді Мемлекет басшысы.
Президент бағдарламалық мақаладағы негізгі міндеттерге назар аударып, Қазақстан қоғамының даму кезеңдеріне қатысты ойларын ортаға салды. «Мен ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сонымен бірге, Елбасы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның рөліне тоқталып, бағдарламалық мақалада көрсетілген жобалардың терең зерттелуінің маңыздылығын айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының рухани жаңғыруға белсене атсалысатынына сенім білдіріп, Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік беретін бірқатар жобаға тоқталды. «Бірінші. «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандасымыз, қаншама Ассамблея белсендісі ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан, біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Үшінші. Ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына табысты атсалыса алады», деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Н.Назарбаев жастардың сана-сезімін қалыптастыру үшін айрықша маңызы бар «Жаңа гуманитарлық білім» жобасын атап өтті. «Жоба әлемнің жетекші тілдерінен ең үздік оқулықтарды қазақ тіліне аударуды көздейді. Философия, әлеуметтану, экономика, мәдениеттану, шығыстану салалары бойынша ағылшын, орыс, француз, испан тілдерінде және басқа да тілдерде басылған тамаша оқулықтар бар. Оқу процесіндегі ғылыми айналымға олардың енгізілуі отандық білімді жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін», деді Мемлекет басшысы.
Елбасы мемлекет пен қоғам алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатерлерге назар аударып, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тапсырды. «Тұтас қоғам да, жеке азамат та бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келісімнің өздігінен келе салмайтынын білуге тиіс. Мемлекет ұдайы этносаралық және конфессияаралық процестердің тамырын басып, жіті қадағалап отыр. Ұлттық бірлікті нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемлекеттік органдар тұрақты, күнделікті жұмыс жасауда», деді Қазақстан Президенті.
Н.Назарбаев қабылданып жатқан шаралардың дұрыстығын және өз уақытында атқарылып жатқанын атап өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер қойды. «Бірінші міндет. Жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керек. Бұл процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажет», деп тапсырды Елбасы.
Екінші міндет ретінде Мемлекет басшысы азаматтық бірегейлікті нығайтып, бірлік пен келісімді қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осыған орай, Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді. «Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне облыс әкімдерімен бірлесіп, Ассамблеяның барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестерінің 2017-2018 жылдарға арналған діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жоспарын дайындауды тапсырамын. Сонымен қатар, ҚХА қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын реттеп, олардың қызметтерінің нақты критерийлерін жасауы керек. Бұдан бөлек, Үкіметке қайырымдылықты дамыту, оның ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ҚХА жұмысының жаңа бағдарын – қоғамдық келісім кеңестері, қайырымдылық және медиация жұмыстарын күшейтуі қажет», деп міндеттер жүктеді Н.Назарбаев.
Сессия барысында Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункциялы мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды. «Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша рөлін ескере отырып жасалуға тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне, ҚХА-мен бірлесіп, ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын», деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бизнес, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерін «Туған жер» жобасына қатысуға және өз ауылдастарын қолдау үшін күш жұмылдыруға шақырды.
Баяндамадан кейін жарыссөзге алғашқы болып Шығыс Қазақстан облысындағы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрайымы Нелли Краснобаева шықты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы деген сөздің өзі достық, сенім, бейбітшілік, бірлік ұғымдарының синониміне айналып кеткенін атап, сөзін бастады. Елбасының рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерге сәйкес ол жоғары оқу орындары үлкен белсенділікпен жұмыс істейтініне сенім білдірді. Сондай-ақ, жаңғыруды кеңістік пен уақыттың көп қырлы өлшемі екенін атады. «Қазақстанның рухани жаңғыруы – білім, дәстүр және жаңашылдықтан тұратын ұлттық кодымыз. Сондықтан Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлттың ХХІ ғасырдағы рухани гүлденуінің ғаламдық стратегиясы», деді шешен.
Одан әрі Н.Краснобаева Жапония, Малайзия, Индонезия, Түркия елдерінің тарихында мемлекетті сапалы деңгейге көтерген дәстүр мен прогресті жалғастыру идеялары болғанын айтты. «Әлемді идеялар билейді», деген сөз бар. Сіздің мақалаңыз да өмірлік жаңа ұғымдар мен дамудың жаңа көкжиектерін ашатын идея. Онда жаңа сөздер мен философиялық парадигма ғана емес, нақты жобалар ұсынылған дей келіп, шешен Президенттің «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстандағы жаңа 100 есім», т.б. жобалар жас ұрпақтың бойына патриоттық рух егуде озық тәжірибелер болатынын жеткізді.
Сондай-ақ, олар жастардың санасын жаңа сападағы деңгейге көтеретінін айтқан ол одан әрі әлеуметтік ғылымдар туралы өзінің ойларын ортаға салды. «Жаңа бағдарламалық мақаласымен Елбасы гуманитарлық ғылымдардың да беделін көтеріп тастады, сондықтан біз Елбасына ризашылығымызды білдіреміз. Бізге әлеуметтік-демографиялық дамудың республикалық зерттеу институты керек. Онда қызмет етуге лайықты кадрлар Қазақстанда жеткілікті, қазірдің өзінде «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде «Демография» мамандығы бойынша 24 магистр мен 10 ғылым докторы бар», деді шешен сөзінің соңында.
«Еуразия энергетикалық корпорациясы» АҚ бөлім бастығы Сергей Руссо өзінің молдован халқының өкілі екендігін айтты. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы осы заманғы әлемнің бірден-бір табысты моделі – прагматизм екенін атады. «Егер басқаша болса орындалмайтын армандар, популистік идеологиялар туып, қоғамды апатқа қарай итермелейтін ахуал туады екен. ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы Молдовадағы этносаралық кикілжіңдер нақ осындай себептерден орын алды. Мен оларды өз көзіммен көрдім», дей келіп, шешен одан әрі Президентке өзі отанынан босып кетуге мәжбүр болған көп молдованның бірі ретінде Қазақстанға келіп пана тапқанын айтты.
«Қазір біздің елімізде мыңдаған молдован мен румын тұрады, олар Қазақстанды өздерінің Отаны санайды. Басқа жерлерден Қазақстанның артықшылығы сол, мұнда адамдар бір-бірімен соғыспайды, бейбіт өмір кешеді, балаларын жерлемейді, керісінше өсіріп, тәрбиелейді. Біз қолымызда бар осынау алтынды құнттай білуіміз керек», деді ол.
Өзі Павлодар облысының Ақсу ауданындағы қазіргі мекенінде «Буковина» атты румын мен молдовандардың этномәдени бірлестігін құрған екен, сол арқылы Ассамблеяның мүшесі болғанын мақтанышпен жеткізді. «Президент айтқан бейбіт өмір мен прагматизм – ең үлкен құндылықтар. Ал қауіпсіздік пен тұрақтылық – жарық пен жылу. Бұлар болса, халықтың жүрегі орнында, ештеңеден қорықпайды. Бүгін Сіз бірлікті күнде қажет болатын формула деп атадыңыз. Біз оны аялап ұстап, ешқандай күрт қимылдарға жол бермеуіміз керек», деді ол Президент пен көпшілікке қарата.
Осыдан кейін сөз кезегі «Ақтау халықаралық теңіз порты» Ұлттық компаниясы» АҚ докер-механизаторы Евгений Глатырьға берілді. «Мен өзім украин халқының өкілі болсам да Маңғыстауда туып-өстім», деп бастады ол өзінің сөзін. Одан әрі Президенттің бағдарламалық мақаласы жаңғырудың қажеттілігін жастардың алдына турасынан қойған талап екенін атады. «Біз, жастар, жаңашылдыққа, еңбек өнімділігін арттыруға әрқашанда ашықпыз. Еңбектегі жастар – Президенттің сенімді ізбасарлары. Сондықтан да бізге Елбасының прагматизм туралы айтқан идеясы әсіресе ұнайды. Менің түсінуімше, адам жұмысты құлшынып істесе, кез келген кәсіпті меңгере алады. Мысалы, мен өзім бұрын атын да естіп көрмеген докер мамандығын меңгердім. Бұл бір керемет жұмыс екен. Біздің Президент теңіз порттарының маңызы туралы бұрын айтқанда, біз оған онша мән бермейтін едік. Сөйтсек, Елбасы біліп айтады екен, қазір Қазақстан теңіз державасына айналды. Бір кезде түкпір болып саналатын Ақтау қаласы да қайта түледі. Ол қазір Қорғас арқылы Қытаймен, Түрікменстан арқылы Орта Шығыспен, теңіз арқылы Қап тауы және Еуропамен тығыз байланысып жатыр. Қазір қала көшелерінде ғаламшардың барлық тілдерінде айтылатын сөздерді естисіз. Жастар порттағы жұмыстарға қуана-қуана баруда. Өйткені, осы жұмыс арқылы олар отбасыларын асырап, жақсы тұрмыс кешіп, болашаққа сеніммен қарайды», дей келіп, докер сөзінің соңында Елбасының «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы тамаша идея екенін айтып, Ақтау докерлерінің осы тізімнің бел ортасында болғанын қалайтынын жеткізді.
Осыдан кейін сөз белгілі ақын, Айтыс ақындары халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманға берілді. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақала жарыққа шыққанға дейінгі қазақ ұлтының көңіл ауаны бір бөлек, жарыққа шыққаннан кейінгі көңіл күйі бір бөлек дер едім. Қазақ қоғамының осындай бір түбегейлі өзгеріске зәру екенін әрқайсымыздың ішіміз сезуші еді. Осындай бір сілкіністі, серпілісті күтетін сияқты едік. Бұл аса күрделі де көреген бағдарлама күткенімізден де асып түсті», деп бастады ақын өзінің сөзін. Одан әрі шешен рухани жаңғыру қазақ қауымын түлетудің барлық кешенді шараларын соқырға таяқ ұстатқандай анықтап, қолға жарыққа шығаратын шырағдан ұстатқандай болғанын айтты. «Бүкіл зиялы қауым осы мақаладағы озық идеяларды қолдап, қоштап отыр деп нық сеніммен айта аламын. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы шешімін таппай келе жатқан ең күрделі мәселе осы рухани жаңғыру еді, енді ол халқымызды, ұлтымызды рухани азаттыққа бастаудың жолын көрсетіп беріп отыр. Енді, осы сындарлы шақта, Президенттің төңірегінен табылып, қолдау көрсету – ұлттың зиялы қауымына сын», деді ол.
Елбасының мақаласындағы «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген қатал қағиданың өте әділ екендігін атай келіп, Ж.Ерман өзінің сөзінде: «Ұлы хакім Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген жоқ па? Дәл қазір әр қазақтың түбегейлі өзгеретін, ойын, жан сарайын жаңғыртатын шағы. Уақыттың ұтымды шағында уысымызға түсіп тұрған тарихи мүмкіндікті қос қолымызбен қолдап, заман көшіне ілесудің барлық шараларын қамтып қалу керек екенін біздер, шығармашылық адамдары әбден жақсы түсінеміз. Оның үстіне, рухани жаңғыру бізден ұлттық кодты сақтай білуді талап етіпті. Бұл – ұлт жанашырларының жүрегіне жететін сөз. Ұрпақтан ұрпаққа үзілмей келе жатқан тектілігімізге табыну, намысымызды ояту, ұлттық қадір-қасиетімізге жүгіну деген сөз. Көк түріктердің қара шаңырағында отырған текті халық өзінің тамырында бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерін қайта түлетуге құлшынатын шақ – осы! Осы тұста бір сілкінбесек, бір серпілмесек, халықтығымызға да, елдігімізге де сын», деп қорытты ойын.
«Хабар» агенттігі» АҚ журналисі Руслан Ыдырысов өзінің чешен босқындарының ұрпағы екенін атап, әрбір қандасында қазақ халқына деген құрметтің сақталғанын айтты. «Қазір Чешенстанда тұратын әжеме мен жаңа Астананың суретін көрсеткенімде, ол жылап жіберді. Бұл біздің елге деген мақтаныш сезімінің қуанышты көз жасы еді. Өз тарапынан ондағы чешендер Қазақстан Президентінің суреті салынған «Қазақ үйін» көрсетеді. Чешендердің қазақтарға деген мұндай құрметін ешқандай ақшаға сатып ала алмас едің», деді ол.
Ал Елбасының бағдарламалық мақаласы туралы айтқанда, Р.Ыдырысов оны АҚШ президенті Линкольннің елді жаңғыртуға арнаған атақты сөзімен салыстыратынын білдірді. «Бұл сөз Американы өзгертіп, жұртын біріктірген тарихи сөз болды. Елбасы сөзінің тиімділігі де сондай. Маған, әсіресе, сананың ашықтығы туралы ойлар ұнады. Шынында да, біз үйішілік тар шеңберге қамалып қалмауымыз керек. Әрқашанда үлкен әлемде не болып жатқанын аңдап, оған сәйкес санамызды жетілдіріп отырғанымыз жөн», деді ол. Одан әрі журналист өзінің Сирия мен Ауғанстанға барған сапарлары туралы айтып, онда қырғындарды, қираған үйлерді, Хомсе қаласында жайрап жатқан үйлердің арасында тұрмыстық техника сатып отырған кәсіпкерді көргенін еске алды.
Ақтөбе қаласындағы «Аңсар» консультативті-оңалту орталығының директоры, дінтанушы Аңсар Сабдин қазіргі таңда діни экстремизм әлемдік дертке айналғанын, көптеген елдер лаңкестіктен жапа шегіп отырғанын айта келіп, экстремистер сананы улап, қоғамымызды бүлдіріп отырғанын жеткізді. «Дін адам өмірінде ерекше орын алады. Қазақстанда 18 конфессия татулық пен өзара келісімді ту етіп келеді. Таяуда ғана елімізде жүзеге асырылған конституциялық реформалар бойынша дінаралық келісімді бұзу заңға қайшы іс-әрекет ретінде танылды. Бұл – өте маңызды қадам. Біздің халқымыз үшін дәстүрлі дін қай уақытта болмасын жоғары мәнге ие. Дініміздегі Ханафи мазһабы Еуразия кеңістігіне кеңінен тарап, ол ата-бабаларымыздың санасына берік орнады әрі халқымызды біріктіре білді», деген ол бүгінде дәстүрлі дінімізді теріске балап, жат ұғымдарды санамызға тықпалауға тырысып жатқанын сөз етті.
Оның айтуынша, біздің салт-дәстүрлерімізді, болмысымызды сақтауда ұлттық кодымыздың орны ерекше. Ұлттық кодымыз ғана біздің жанымыз бен жүрегіміздің құлпын аша алады. Сонымен қатар, ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мәселелерді толық қолдайтынына тоқтала келіп, қазақтың, қала берді түркі дүниесіне ортақ ойшылдардың дінімізге, рухани құндылықтарға қатысты мұраларын қайта жаңғырту қажеттігіне назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, дін саласына қатысты мамандарды дайындауда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекет дінтанушыларды, осы салада магистрлер мен докторларды дайындау үшін гранттар бөлуде. Қазіргі таңда «Нұр Мүбәрак» университеті, 9 медресе, оның ішінде 4 медресе-колледж қызмет көрсетуде. Осындай мүмкіндіктер бола тұра, бізге жастарды дін саласы бойынша шет елдерде оқытудың қисыны жоқ.
Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының нейфрология бөлімінің меңгерушісі Ольга Шумакова дәрігерлер әулетінің өкілі екен. Ол кезегі келгенде өз әулетінен шыққан дәрігерлердің жалпы еңбек өтілі 450 жылға жуықтайтынын айтты. «Біздің отбасымызда 14 дәрігер бар. Арамыздан терапевт, хирург, кардиохирург, нейрохирург, стоматолог шықты, 4 педиатр бар. Медицина саласы – біздің өмірлік таңдауымыз. Әулетіміз Қазақстанда 1849 жылдан бері, яғни 168 жыл өмір сүріп келеді. Арғы атамыз Евгений Филиппович Данилов орыс-жапон соғысынан оралғанда, сөмкесінде жаудан түскен бірде-бір олжа болмапты. Соған әжеміз ренжігенде: «Мен өзімнің ар-намысымды әкелдім, біздің немерелеріміз де, шөберелеріміз де солай ар-намысын сақтап өмір сүреді», деп жауап беріпті. Атамыздың осы сөзі біздің көкейімізде тұрады», деді ол.
Шумаковтар әулетінің барлық мүшесі қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алған. Бүгінде отандық медицинаның өрлей бастағанына қуанышты, еңбек етуге әзір. Оның айтуынша, облыстағы балалар ауруханасы еліміздегі ең жақсы ауруханалардың бірі. Туабітті жүрек ауруларына шалдыққан балаларға операция жасауды, неврологиялық науқасы бар балалар үшін арнайы бөлім ашуды бірінші болып қолға алған. Ақ желеңді абзал жан Мемлекет басшысына ЖОО-ларда педиатрия бөлімінің қайта ашылғаны үшін алғысын білдірді.
«Сіз қоғамдық сананы жаңғырту туралы бастама көтердіңіз. Бізге рухани ортаны сауықтыру керек, себебі, адамзаттың санасы «созылмалы» аурулармен ауырады. Әлемдік ақпараттық арналар, әлеуметтік желілер жеккөрушілік пен қатыгездікке толы. Экстремизм мен радикализм «эпидемиясы» таралуда. Оның барлығынан арылу үшін профилактика аздық етеді, оған хирургия керек. Сіз атап көрсеткен мәдениет пен дәстүр – рухани аурулардан айықтыратын басты дәрі. Біздер, дәрігерлер қауымы, өз міндетімізді адал атқаруға дайынбыз», деп сөзін түйіндеді ол.
Келесі сөз кезегі «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Кимге берілді. Ол Павлодарда туып, Алматыда жоғары білім алған, бүгінде Астанада еңбек етеді. Оның волонтерлермен жұмыс жөніндегі үйлестірушілер, тренерлер әзірлеу бойынша 12 жылдық еңбек өтілі бар. Ұлттық волонтерлік желі қалыптастыру туралы бастаманы да өзі көтерген.
«Жақыныңа, тамыр-танысыңа өтеусіз, ерікті түрде көмек қолын созу ерте заманнан бері халықтардың салт-дәстүрінде болған, ол әртүрлі аталып келген. Бүгінде волонтерлер еліміз үшін аса зор әрі әлеуметтік маңызы бар жұмыстарды атқаруда. Олар жалғызбасты жандарға, қарттарға, балалар үйлеріне көмектеседі. Еріктілер су тасқынына ұшыраған елді мекендерге көмектесуге, жоғалып кеткен адамдарды іздеуге атсалысады. Өткен жылы волонтерлік ұйымдар 22 қалада Ұлы Отан соғысының 590 ардагеріне әлеуметтік көмек жасады. Шаруашылығына, үйдегі жөндеу жұмыстарына, дәрі-дәрмек сатып алуға, азық-түлік жеткізіп беруге және басқа да қолғабыс тигізді», деді В.Ким.
Сондай-ақ, ол өзінен Қазақстанда қанша ерікті бар деп сұрайтындар көп екенін айтты. «Оларға ерікті түрде көмек көрсету – адамдардың жан қалауы деп жауап беремін. Адамдардың өздері айтпайтын қайырымдылық істерін қалай санап шығуға болады?! Менің ойымша, біздің жұмысымыз қоғамның санасын жаңғыртуға ықпал етеді. Адамдарды өзара көмек қолын созуға тәрбиелейді, бір-бірімізге қамқор болуға әсерін тигізеді», деді ол.
Өткен жылы Мемлекет басшысы «Волонтерлік қызмет туралы» Заңға қол қойған болатын. Бұл оқиға еріктілердің жұмысын дамытудың жаңа парағын ашты. «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрайымы айтып өткендей, Қазақстанның барлық өңіріндегі 4 мыңнан астам волонтер «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыруға да сүбелі үлес қоспақ.
«Атырау агроөнімдері» шаруа қожалығының басшысы Владимир Розметов бүгінгі қоғамымыздағы еңбек адамы үшін жасалып отырған жақсы жағдайларға кеңірек тоқталды. «Кәсібім бойынша мен – теңізшімін, алған мамандығым бойынша – мұнайшы-құрылысшымын. 9 жыл мұхиттарда жүздім, «Теңіз» кенішін игеруге атсалыстым, трест басқардым. Осыдан 17 жыл бұрын құрлыққа оралдым. Мен – шаруаның баласымын. Адамдар маған «Өзің оқыған, жұмыс істеген Голландияға неге көшпедің?» деген сұрақты жиі қояды. Мен оларға үнемі «Бізде Отанды тастап кету деген жоқ!» деп жауап беремін. Халқымыздың ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап келгені, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанғаны мені қатты толқытады. «Жері байдың – елі бай», дейді қазақтар. 17 жылдың ішінде Атырау даласында біз жүзімдік өсірдік, омарта шаруашылығын қолға алдық, бекіре өсірумен айналыстық, көкөніс, бақша өнімдерін өсірдік, бірнеше мал фермасын аштық»,– деді В.Розметов.
Осындай үлкен шаруашылықтың жұмысын жандандырып отырған ол өз ісінде су үнемдейтін технология қолданады екен. Мәселен, 150 гектар жерді алып жатқан алманың 32 сұрпы бар бақшаны суаруға израильдік тамшылатып суару әдісін қолданады. «АтырауАгроөнімдерінің» асыл тұқымды альпі ешкілерінің сүті өз елімізді айтпағанда, шет елде де сұранысқа ие. Асыл тұқымды еділбай қойларының салмағы 140 килоға дейін жетеді. Жалпы аумағы 11 гектарды алып жатқан 4 тоғанда 40 мыңнан астам бекіре өсіріледі. 2015 жылы Елбасы барған кезде шаруашылық басшысы Атырауда лимон өсіретінін айтып уәде берген екен. Бүгінде сол уәдесінің үдесінен шығып, лимон ағаштарын өсіріп жатыр, алғашқы жемісін алдағы жылы теруге ниеттеніп отыр.
Аргентинаның Росарио қаласындағы Қазақстанның мәдени орталығының директоры Ирина Вагнер де алқалы жиынға қатысып, сөз сөйледі. Ол орыс, ағылшын және испан тілдерін меңгерген, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған. Росарио қаласында тұрып жатқанына 17 жылға жуықтапты. «Мен туған жерім – Қазақстанмен байланысымды ешқашан жоғалтқан емеспін. Қазақстандық достарым маған «арғын» деп әзілдейді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің туған жерге, мәдениетке, салт-дәстүрге патриотизмнің маңызды бөлігі ретінде қарау туралы айтқан сөздеріңіз маған үлкен әсер сыйлады. Шет елдегі қазақстандықтардың туған Отанын қолдауға деген ыстық ниеті бар деп сеніммен айта аламын. 2014 жылы осы залда отырған жолдасым Густаво Гутиеррезбен бірге Росарио қаласында Қазақстанның мәдени орталығын аштық. Ал 2015 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен орайластыра Орталық ғимаратының құрылысын аяқтадық. Бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың алыстағы Аргентинаның Росарио деген қаласында үйі бар», деді И.Вагнер.
Росарио қаласындағы Қазақстанның мәдени орталығы еліміздің тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін түрлі жәдігерлердің көрмесін өткізетінін, халықаралық гуманитарлық жобаларға, көрмелерге қатысатынын атап өткен жөн. Қазіргі қазақ әдебиетін әлем тілдеріне тәржімалау туралы Елбасының айтқан сөздерін де Орталық басшылары қуана қабылдапты, себебі, қазақ қаламгерлерінің испан тіліндегі шығармалары тапшы.
«Мәдени орталықты салуға атсалысқан аргентикалық достарымыздың баршасы Қазақстанды одан әрі насихаттауға әзір. Мен Қазақстанның шет елдегі достарына арнап Ассамблеяның Достық елшісі құрметті атағын бекітуді ұсынамын. Олар Қазақстанның мәдениетін насихаттаумен, инвесторлар іздеумен айналысады, өз елдерінде Қазақстанның туын биік ұстайтын болады», деді И.Вагнер. Қазақстанның мәдени орталығының директоры осы мүмкіндікті пайдаланып, алқалы жиынға қатысушыларды және Мемлекет басшысын Росарио қаласындағы Орталықтың құрметті қонағы болуға шақырды.
Алқалы жиында елдің алдына шығып сөз алғандардың арасында ел ішінде «Жаужүрек мың бала», «Бауыржан Момышұлы», «Анаға апарар жол» сынды көптің көңілінен шыққан көркем фильмдердің режиссері, танымал продюсер, «SAТAIFILM» ЖШС директоры Ақан Сатаев та болды. Ол өз сөзінде осындай биік мінберден пікір білдіруіне мүмкіндік бергені үшін жиынды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Елбасына еліміздің киноиндустрия саласына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін зор ризашылығын жеткізді. «Кино – кез келген елдің мәдениеті мен өнері өркендегенінің, экономикалық өсуінің бірден-бір көрсеткіші әрі ол идеологиялық құрал. Сол себептен де бұл жерде кино түсіруші авторлардың мойнына зор жауапкершілік жүктеледі. Өйткені, түрлі бағыттағы танымдық фильмдер арқылы біз қоғамды тәрбиелейміз. Нақты мысал ретінде мен «Анаға жол» картинасын атап өткім келеді. Біз бұл туындыға 40 жылдан кейін табысқан ана мен баланың тағдырын арқау ете отырып, XX ғасырдағы қилы-қилы кезеңдерді көрсеттік. Ұжымдастыру мен аштық, соғыс пен қуғын-сүргін оқиғаларын суреттей келе, кейіпкерлеріміздің өмір жолын бейнелеп, миллиондаған көрерменнің көңіліне ой салдық», деді А.Сатаев.
Айтса айтқандай-ақ, фильм таңдай қағып тамашалауға тұрарлықтай туынды болатын. Олай дейтін себебіміз, бұл картина Халықаралық Таллин кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болып, Мәскеу мен Америкада, Түркия мен Италияда өткен әрқилы еларалық фестивальдарда миллиондаған көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, Бішкекте өткен байқауда Орталық Азияның ең үздік фильмі деген атаққа лайық деп танылған болатын.
Жиында Елбасының ерекше ықыласын аударып, елдің қошеметіне ие болған сөйлегендердің қатарында Оксана Волкова-Михальская болды. «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің жетекшісінің шағын ғана кәсібі күллі Қазақстан экономикасына үлгі болатындығын Мемлекет басшысының өзі нықтап тұрып айтты. Олай дейтін себебіміз, 12 бағыт бойынша жүзеге асырып жатқан бірлестіктің жобалары әйелдер мен аз қамтылған отбасылардың тұрмыстық әлеуетін көтеруге негізделген. Әрине, өзіндік ерекшелігі сол – мұндағы барлық жоба су үнемдеу мен энерготиімділік технологиясымен жүзеге асырылады. Халықаралық донорлық қолдау бойынша қолға алынған жобалар бюджетті үнемдеуге де орасан зор септігін тигізуде.
«Біз Астана іргесіндегі «Арнасай» жасыл технологиялар ауылында азаматтарды шағын кәсіпке баули отырып, жастарды жаңашылдыққа үндеп келеміз. Аршалы ауданына қарасты ауылымызда 11 этностан құралған 1 200 адам тату-тәтті тұрып, мамыражай тіршілік етуде. Қай-қайсымызға болса да бұл ауыл – біздің алтын ұя, ғажайып Отанымыз. Себебі, бұл жерде біздің өмір сүруіміз үшін қажеттіліктің барлығы 100 пайыз шешілген. Су мен жылу және жарыққа деген тәуелділіктен толықтай арылғанбыз», деді О.Волкова-Михальская.
Өз кезегінде мұндай жарқын жобалардан бәріміз де үлгі алып, қажет болса, жер-жерде оның қолданыс аясын кеңейту керектігін айтқан Мемлекет басшысы «Арнасай» ауылындағы «жасыл» технологияларға өте жоғары бағасын берді. Өйткені, баяндамашының айтуынша, Арнасай ауылындағы орта мектеп 35 экологиялық инновациялық жобаны жүзеге асыру арқылы 3 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеген. Сонымен қатар, Жасыл технологиялар орталығында жыл сайын республика бойынша 5 мыңнан астам азаматты оқытып, үйретуге мүмкіндік бар. Ал енді алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында аталған орталықта халықаралық «EXPO-CAMP» жастар лагерін ашқалы отырған көрінеді.
«Осы жасап жатқан жоспар, жұмысымыздың барлығы да Елбасымыздың айқын бағыт, нақты тапсырмаларының нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Өйткені, Президентіміз жақында ғана жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – біздің ұзақ мерзімді стратегиялық мәні зор басым бағытымыз болып табылады. Сондықтан да, жарқын болашаққа жетелейтін бағыт-бағдар көрсетіп отырғаныңыз үшін Сізге алғысымыз шексіз», – деді О.Волкова-Михальская ел Президентіне қарап.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – халықтар татулығын үлгі етіп, ұлықтап қана қоймайды. Бұл ұйым ұлттарды ұйымшылдыққа, қалың бұқараны татулыққа шақыра отырып, бірге өсіп-өркендеуге үндейді. Осындай жолмен экономикалық әлеуетті жақсартуға жөн сілтейді. Оның ұшар басында, әрине, Мемлекет басшысы тұрғаны белгілі. Ол өзінің бәсекеге қабілеттілігімен-ақ көпке үлгі. Тіпті, жаһандық қатаң бәсекеде жинаған зор абырой, беделімен әлемдік деңгейде өзін сөзсіз мойындатты. Мінберге шығып осындай ой айтып, пікір білдірген азаматтардың бірі Вячеслав Попов болды.
Балалық шағының басым бөлігі интернат үйінде өткен бұл жігіттің ұлты орыс бола тұра, қазақ тілін үйренуге деген ерекше ықыласымен ел ішінде абыройы асқақтаған. Біршама уақыт бұрын әлеуметтік желі арқылы Қазақстанда тұрып, осы елдің дәм-тұзын татып жүргендіктен, «Осы жерде кіндік қанымыз тамғандықтан, қазақ тілін ана тіліндей үйренуге міндеттіміз» деп ұран тастағаны елдің есінде. «Біздің негізгі мақсатымыз – үш тілде еркін сөйлейтін менеджерлерді дайындап шығару. Тіл білу – сенімділікті серік етіп, жетістіктерге жетелейді. Әсіресе, қазақ тілі. Сондықтан да мен біршама уақыт бұрын жауапкершілігі зор шешім қабылдап, әлеуметтік желі арқылы алты ай ішінде қазақ тілін толық меңгеріп шығамын деп жария салдым. Мен үшін осы мақсатқа жету үлкен олжа, мол табыс болмақ. Ендеше, мен алты айда қазақ тілін үйреніп шығамын. Айтқаным – айтқан! Артқа жол жоқ! Өйткені, менің осындай мәлімдемемді оқып, қолдап, қуаттаған, тілеулестік білдірген жандар саны бүгінде 2 миллионнан да асып түсті», деді В.Попов.
Республикамыздың алыс өңірлері мен ауыл, аймақтарынан келген делегаттар бас қосқан жиында Ассамблеяның жаңа толқынымыз деп сөз сөйлеп, осы күнгі өмір жолын өзгеге өнеге еткісі келген жастар қауымы да болды. Соның бірі түп аталары ирандық болғанымен, өзі Оңтүстік Қазақстан облысында туған, бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіби-педагогикалық колледжінде білім алып жүрген студент Саида Бекбуди еді. Ол өзін таныстыра келе, «Серпін» бағдарламасының қатысушысы ретінде аталған оқу орнында «Электрик» мамандығын меңгеріп жүргендігін атап өтті. Оқуға озаттығымен және белсенді әрекетімен Қазақстан халқы Ассамблеясының осы өңірдегі жастар қанатының құрамына қабылданған.
«Жастарды индустрияға бастаған «Серпін-2050» бағдарламасы – оңтүстік пен солтүстікті жалғаған ұлы көш. «Серпін» бағдарламасы – халқы қалың, жұмыс орны тапшы облыстардың жастары үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша солтүстік және орталық аймақтардың 22 университеті мен 54 колледжінде, 5 облыстан 13 этностың өкілі, 12 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, Қазақ елінің екі басын жалғаған, «Қызылорда – Петропавл» бағытында жүретін пойыз жолға шықты. Тұрғындар оны «Құда-құдағи пойызы» деп атап кеткелі қашан?! Өйткені, «серпіндік» жігіттер солтүстіктің қыздарына құда түссе, ал қыздарымыз – солтүстіктегі жігіттердің арманына айналды. Бас қосқан бірнеше жұп тағы бар. Бұл жағынан да еліміздің бірлігі нығайып жатыр», деп сөзін әдемі әзілмен жұптаған Саида Рустамқызы бағдарламамен келген алғашқы кездері аздап қиындыққа кезіккенін де жасырып қалмады.
«Бастапқыда сәл қиын болды. Солтүстіктің қысы қатал екен. Бірақ, бізді білім алу жолындағы жастық жалынымыз жылытты. Білген орысшамыз кейде жетпей жатты. Алайда, серпіндіктер – жаңа жағдайларға тез бейімделгіш зерек жастар болғандықтан, біз орыс тілін де меңгердік. Ағылшын тілін де меңгеріп жатырмыз. Ал жергілікті жастарды қазақ тіліне үйретудеміз. Осылайша, біз, үш тілді жетік меңгергендердің қатарын толықтырып келеміз», деді ол. Осылайша, ел мен Елбасының алғысын арқалаған ару өз ойын биылғы жылы іске қосылған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына қатысты да пікірімен аяқтады.
«Бұл – 21 мыңнан астам жастың тегін кәсіби-техникалық білім алуына мүмкіндік беретін бағдарлама. Біз, Ассамблеяның жаңа толқынымыз. Елбасы жариялаған рухани жаңғыру бағдарламасы – ол біздің, ХХІ ғасыр жастарының бағдарламасы. Оны іске асыратын да біз. Сондықтан біз Қазақстанды жаңартатын, қанатын кеңейтетін, жетістігін еселейтін, бірлікті нығайтатын – алып күш болатындығымызға сенімдіміз», деп түйген Саида Рустамқызының сөзіне көрермен қызу қол соқты.
Мемлекет басшысының қатысуымен өткен алқалы кеңес мейлінше еркін пішімде өрбіді. Әсіресе, мінберге шыққан сөз сөйлеушілер мен Елбасы арасында өрбіген әңгіме, үнқатысулар жиынның шырайын аша түсті. Мұндай жағдай көрермендер арасынан сөз сөйлеуге сұранғандардың көптігінен де байқалды. Қалың бұқараның қалауымен кезектен тыс мінбер ұсынылғанда, сөз сөйлегендер қатарында өз басынан өткізген тағдыр-талайы өзгеге сабақ болса екен деген төрт баланың анасы да болды.
Бүгінде Әсел Базарбаева еліміздегі бақытты аналардың қатарында. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа кезінде дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде қалай кеткенін айтып, қоғамды одан сақтаудың жай-жапсарын баяндады. «Қазір сол кезді еске алсам, жаным түршігеді. Дін арқылы ондай манипуляцияны жасауға болатынын ойлаған да жоқпын. Мен адамның ойына кірмейтін нәрседен өттім. Кемсіту, жәбірлеу, моральдық тұрғыда қысым көрсету – бәрі-бәрі болды. Алайда, мен үшін ең асыл адамдар – ата-анаңнан бас тартуың керек деп айтқанда, ол сенімнің діні емес екенін түсіндім. Сол тығырықтан шығуға батылым жетті», деді Ә.Базарбаева.
Оның айтуынша, қазіргі кезде діни экстремизмнің құрбанына айналған азаматтарға көмек көрсетіп отырған жөн. «Бүгінде мен осы жұмыспен де айналысамын. Деструктивті идеялардан зардап шеккен әйелдерге моральдық жағынан көмек көрсетемін. Ондай адамдар аз емес. Мен діни ағымдардың жетегінде кеткен жүздеген адамды білемін. Алайда, олардың бірен-сараны ғана сол тығырықтан шығуға ниет білдіреді. Бізде «әрбір қазақ – менің жалғызым» деген сөз бар. Оларға да жалғызым деп қарайық. Ортамызға қайтуына көмектесейік. Ол үшін арнайы оңалту орталықтарын көптеп ашу қажет», деп атап өтті Ә.Базарбаева.
Өз кезегінде мұндай ойды құп көретіндігін білдірген Президент бұл бастаманы бірден қолдады. «Ондай орталықтар көп болуы керек. Әр өңірде қолдау қажет. Әкімдер, министрліктер өз көмектерін беруі тиіс», деді Н.Назарбаев. Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің сөздерінде көптеген мәнді мәселелер көтерілгеніне тоқталып, БАҚ өкілдеріне оны терең талдау жөнінде ұсыныс айтты.
Сессия барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ҚХА мүшесі, Ақтөбе облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишнякты және ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Әзербайжандықтар қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедовті Ассамблея Төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды.
XXV сессияның қорытындысында Ассамблея қоғамдық сананың жаңғыруы заңды болып табылатыны және объективті түрде қажет екендігі, Қазақстанның бүкіл даму стратегиясына тұтастық беретіні а