– Ерлан Тынымбайұлы, саяси кеңістікте талдаулар жасап жүрген сарапшы ретінде Елбасы мақаласы ұлттың ұйысуына қандай тұғырнама жасап бере алады деп ойлайсыз?
– Елбасы мақаласы қазірдің өзінде ұлттың ұйысуына әсер етіп отыр. Мақала жарияланғаннан бері жүргізілген мониторингті, әлеуметтік желілер мен кездесулерде айтылған пікірлерді сараптасақ, қоғамда ынтымақтасудың ерекше көрінісі орын алғанын байқаймыз. Түрлі көзқарас пен саяси бағыттағы адамдармен кездескенімізде айтарлықтай пікір қайшылығы, антагонизм, үзілді-кесілді қарсылық болған жоқ. Яғни ортақ мүдделер мен құндылықтар төңірегінде ұйысуға, бірліктің артуына игі әсер етті. Қазақ қоғамында да оңшыл, солшыл, ұлтшыл және басқа көзқарастағы топтар бар. Бірақ, көтерілген тақырыптар қоғамның осындай барлық белсенді топтарын қамтыды. Осы уақытқа дейін сарапшылар оған стратегиялық құжат, бағдарламалық мақала деп түрлі бағасын берді. Менің түсінігімде, бұл – ұлттың жаңа саяси платформасы. Өйткені, Елбасы мақаласы қазақтың интеллектуалды топтарына үлкен серпіліс берді, қозғалыс пайда болды. Осы уақытқа дейін қазақ қоғамы ішкі мәселелер төңірегінде тежеліп тұрған сияқты еді. Әлемдік саяси, әлеуметтік, технологиялық үдерістер қарқынды түрде артқан тұста элиталық топтарымызға жаһандық үрдістер мен ұлттық мүдделерді тең есепке ала отырып, талдау жетіспей жатады. Осы тұрғыдан Елбасымыз қандай да бір құжат қабылдауда, бағдарлама жасауда әлемдік үдерістерді әрқашан естен шығармай жүзеге асыруға тырысатын бірден-бір тұлға. Әсіресе, соңғы жылдардағы әр Жолдауы айналада қалыптасқан түрлі геосаяси, экономикалық процестерді тізбектеумен басталады. Елімізде пайда болған үрдістерді мысалға келтіріп, белгілі бастамаларды көтереді. Бұл мақала Елбасының жаһандық, аймақтық түрлі процестерді, елдегі нақты үрдістерді және қордаланған ішкі мәселелерді сараптау нәтижесіндегі ойларының жиынтығы.
– Елбасы Жарлығымен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Құрамында өзіңіз де барсыз. Комиссияның руханиятты көтерудегі негізгі кілті, тетігі қандай болмақ?
– Ең алдымен, оның құрылу маңызына ден қоюымыз тиіс. Еліміздің саяси тәжірибесінде ұлттық комиссия жиі құрыла бермейді. Елбасы жыл сайын ел алдына Жолдаумен шықса да, оны жүзеге асыру үшін ұлттық комиссия құрылған емес. Ұлттық комиссия ерекше жағдайда құрылады. Соңғы жылдары Ұлт жоспары және саяси жаңғыру мен рухани жаңғыру мәселелері бойынша құрылды. Бұл бағдарламалық мақалада көтерген бастамаларды табанды түрде іске асыруға мән берілгенін аңғартады. Ұлттық комиссияны лауазымына сәйкес басқара алатын қаншама тұлғалар бар. Бұл жолы Президент Әкімшілігінің Басшысына тапсырылуы комиссияның саяси мәртебесі мен деңгейін көтеріп отыр. Екіншіден, құрамына түрлі мемлекеттік құрылымдарға жетекшілік жасап отырған азаматтар енді. Яғни көтерілген мәселелерді жүзеге асыру үшін әкімшілік тетіктер, мүмкіндіктер ескерілді. Мәселен, қаражат немесе заңнамалық өзгерістер керек. Осы іспетті жайттарды қамтамасыз ету үшін беделді саяси тұлғалар тартылды. Ұлттық комиссия біздің саяси тәжірибеде белгілі тақырыптарды қоғамдық деңгейде жан-жақты талқылау үшін құрылады. Менің ойымша, бұрынғы саяси жаңғыру жөніндегі комиссияның нәтижесі есепке алынып, бірнеше бағытта жұмыс тобы құрылуы мүмкін. Мәселен, латын әліпбиіне көшу, оқулықтар даярлау және туған жер бойынша жекелеген жұмыс топтары құрылуы кәдік. Құрамына қоғамдық белсенді топтардың өкілдері тартылып, лауазым иелері ғана емес, сарапшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері кеңінен қатысады деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы мақаладағы бірқатар мәселелердің бұқаралық ақпарат құралдарында басты нысанаға айналуы керектігін айтты. Арқау болған тақырыптар жеке-жеке алғанда да ақпарат құралдарына дайын азық іспетті...
– Иә, Елбасы мақаласында айтылған мәселелер – дайын медиажобалар. Бас басылымда жарияланғаннан кейін корпорацияда мақаланы талқылаған жиын өткіздік. Дәстүр бойынша «Қазақстан» ұлттық арнасы да күзгі маусымға әзірленіп жатыр. Шын мәнінде, мақалада айтылған мәселелер ұлттық арна үшін дайын платформа, дайын тұжырымдама. Біз барлық тақырыпты күзгі маусым аясында көрерменге ұсынуды пысықтап жатырмыз. Мәселен, «Мен – қазақпын!» атты үлкен жобаны енгізбекпіз. Дәстүрлі ән мен күйді, термені насихаттайтын тележоба бірнеше айға созылады. Өңірлерді толық қамтитын осы жоба арқылы ұлттық рухани байлығымызды көрсетеміз. Одан басқа туған жер, киелі орындарға байланысты деректі фильмдер, реалити-шоу түсіру көзделген. Рауан Кенжеханұлы сияқты әріптестерімізбен әңгімелесе отырып, оқулықтарға байланысты бейнедәрістер ұйымдастыруға, аудиокітаптар жобасын шығаруға шешім қабылдадық. Басқа да жобалар бар. Сәтін салса, маусым жақындағанда таныстырамыз. Ал Мемлекет басшысы айтқан мәселелерді эфирден талқылауға бірден кірісіп кеттік. Өйткені, мақала жарияланар алдында арна кестесіне бірқатар жаңа қоғамдық-саяси бағдарламалар желісін енгізген едік. Мәселен, «Басты тақырып» жаңа сарапшыларды тартуды көздейді. Сондай-ақ «1 студия» сияқты саяси ток-шоуымыз шықты. «Парасат майданы» шығармашылық топтармен әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді талқылаудың жаңа формасын қарастырады. Қазақ радиосында да жаңа бағдарламалар бар. Осы арқылы медиақұрылымдардағы ағартушылық бағытты күшейтуді қолға алдық. Соңғы уақытта арналар ойын-сауық бағытына әуестеніп кеткені белгілі. Әрине, онсыз болмайды, көрерменнің қызығушылығын оятуымыз тиіс. Бірақ ұлттық арна мен қазақ радиосы ағартушылық бағытты ұмытпауы керек. Елбасы мақаласы осы миссияны қолға алуымызға негіз болып отыр.
– Елбасы қаламгерлермен кездесуінде қоғамда қаупі мол діни экстремизмге назар аударды. Сіз де экстремизм мәселелерін зерттеп жүрсіз. Экстремистік қатермен күрес формалары экранда қалай көрініс табуы тиіс?
– Біз діни экстремизммен күрес дегенде басылымға немесе арнаға белгілі бір дін өкілін шақырып, дін жөнінде түсініктеме беруі керек деп ойлаймыз. Діни уағызды күшейту діни бағыттағы жұмысты күшейту дегенді білдірмейді. Елбасы мақаласының негізгі ойы – ұлттық сипат пен ұлттық сана. Яғни, адам өзін ұлттың өкілі, рухани мұраның жалғастырушысы сезінбесе, ол түрлі идеологияның жетегінде кетеді. Барлығымыздың алдымызда тұрған сын – осы. Жаһандану кезінде әртүрлі идеология ықпалының күшейгені соншалық, қоғам мүшелерін жан-жаққа жетелейді. Біреуді ислам халифаты идеологиясына, біреуді басқа идеологияға тартады. Бұл біз үшін ерекше қатерлі. Өйткені, кеше ғана отарлық кептен босадық. Сондықтан Елбасы айтып отырған ұлттық кодымыз қандай, ұлттық сипатымыз неден құралады, осыны анықтап алайық. Латын әліпбиіне көшу, туған жер, киелі орындар –қазақылығымызды арттырудың бір шарасы. Оны жеке жобалар деп те қарауға болмайды, өйткені, науқаншылыққа әуестеніп кетуіміз мүмкін. Талқыланып жатқан жобалар жиынтығының түпкі мәні ұлттық сипатымызды арттыруда жатыр. Яғни діни экстремизммен күрес тек дін өкілінің уағызымен шектелмейді. Бұл сонымен бірге, жаңа бағдарламалар арқылы ұлттық ән мен күйді, термені сапалы түрде санаға сіңіру, бойымыздағы қазақылықты ояту, ұлттық өнер туындыларына жаңа деңгейде назар аудару, дәстүр мен құндылықтарды насихаттау, тарату және басқа да жұмыстар. Негізгі мақсат – ұлттық сипатымызды арттыру, ұлттық сананы жаңғырту.
– Елбасы елорда әкіміне сын айтқан соң қала басшысы таң атпай қала аралап жүрді. Ал эфир сынынан қорытынды шығаруды қалай жолға қоюға болады?
– Жекелеген мемлекеттік құрылымдар мен шенеуніктердің жұмысын талқылағанда халықтық пікірді еске ала бермейміз. Басылымдарда, арналарда белгіленген тақырыпты терең әрі жан-жақты сараптауға ұмтылуымыз керек. «Апта» сараптамалық бағдарламасына өлшемдер рейтингін енгізіп, өткен шығарылымында ең белсенді депутатты анықтадық. Осы сияқты құралдар мен тәсілдер арқылы олардың қызметі мен жұмысын бақылап отырғанымызды көрсетеміз. Яғни, көңіліміз толатын-толмайтынын білдіреміз. Алдағы уақытта қай құрылымдардың ақпаратқа ашық екенін көрсетпекпіз. Мәселен, тасқын кезінде керек ақпаратты дер кезінде бергені де, күттіріп қойғаны да болды. Яғни, қай мекеме жариялы жұмыс жүргізеді? Осы сияқты формалармен қарауымыз керек. Бірақ біздің медиада талқыланып жатқан тақырыптар күннің басты тақырыбымен жиі сәйкес келе бермейді. Осы тұрғыдан да ойлануымыз керек.
– Биыл Алашорда үкіметінің құрылғанына – 100 жыл. Осыған байланысты арнада деректі фильмдер түсіріліп жатқанынан құлағдармыз...
– Біз Алаш тақырыбына кеңірек қарауға ұмтылып отырмыз. Алаштың 100 жылдығына бірқатар жұмыс жоспарланған. Бұл орайда бір-екі деректі фильм іспетті формальді жұмыспен шектелмеуіміз тиіс. Мұны жүйелі түрде әртүрлі бағдарлама арқылы қамтимыз. Айталық, тәулігіне бірнеше рет шығып тұратын бағдарламааралық роликтерді эфирге енгіздік. Онда Алаш әскері, Әлихан Бөкейхан, тағы басқалар туралы қысқа-нұсқа мәліметтер беріліп отырады. Жалпы, мұндай деректерді жариялау жастарға қажет. Сондай-ақ, деректі фильмдер түсірілуде.
– Бағдарламалар сапасын рейтинг арқылы анықтау үрдісі орныққаны белгілі. Жобалар сапалы көрермен қалыптастырғанымен, рейтинг үдесінен шыға ма деген сауал туады...
– Рейтинг мәселесін екі жақта қарастыруға болады. Біріншіден, біз рейтингтен біржола кете алмаймыз. Өйткені, бұл қандай да болса, өлшем. Оған қатысты сын-пікірлер бар. Осыған орай рейтинг түзетін құрылымдардың өкілдерін шақырып, арнайы кездесу өткіздім. Өлшем әдістемесі, техникасы туралы сауалдарымызды қойдық. Дегенмен, рейтинг жалпы бағытты көрсете алады. Мысалы, қазіргі рейтингтік өлшемдер елімізде телеарналар аудиториясының 70 пайызы қазақтілді орта екенін көрсетеді. Осылайша, негізгі үрдістерді анықтайды. Біз күнделікті жұмыс бағытын дамыту үшін бұл өлшемдерді есепке аламыз. Екіншіден, тек рейтинг қуалаумен әуестенбеуіміз тиіс. Әріптестерге рейтингке ғана жүгіне беруге болмайтынын айтамыз. Мысалы, жаңадан енгізілген рухани-танымдық бағдарламалар белгілі рейтинг өлшемін бермеуі де мүмкін. Бірақ бұл бағдарламалар керек. Телеарналар көрермендердің ішкі қызығушылығын анықтауда рейтингті есепке алуы тиіс. Сонымен бірге, талғам туралы ойлануымыз қажет. Мысалы, эфирден «Келін» атты үнді сериалын алып тастадық. Сонда арнаға рейтинг беріп отырған үнді сериалы екендігі айтылды. Яғни, арна әлеуетін, аудиториясын жоғалтқысы келмесе үнді сериалын тоқтатпауы керек деген сыңайда пікірлер болды. Егер рейтингті ойлар болсақ, онда «Келіннің» орнына тағы он сериалды алып келіп, таңнан кешке дейін ұсынуға болар еді. «Келін» эфирден 5 жыл бойы берілді. Осы сияқты дүниелерге көрерменді үйретіп тастадық. Сондықтан талғам қалыптастырудың маңызы зор. Әрине, тарихи-танымдық тұрғыдан шет ел сериалдарын жалғастырамыз. Ең бастысы, енді өз өнімдерімізге ден қоямыз. Осы жылдары 50-ден астам сериал түсіріппіз. Жақында Қырғызстанда 14 телеарнаның қатысуымен тұсаукесер өткіздік. Сонда қырғыздың телеарна басшыларына «Сіздер де біз сияқты үнді, түрік сериалдарын көрсетесіздер. Бірі отбасылық кикілжіңдер, бірі идеологияға тұнып тұрған өнімдер. Сондықтан дәстүріміз де, қоғамымыз да жақын біздің өнімді алғандарыңыз дұрыс» дедім. Әлбетте, отандық фильмдерді сынаса да біздің өнімде отбасылық құндылықтар, мотивациялық желілер басым. Осыны түсіндіру арқылы қырғыз елінің 3 арнасымен келісімшарт жасадық. Яғни, қырғыз теленарығына үнді, түрік сериалдарымен бірдей дәрежеде еніп отырмыз. Бұл жұмыс жалғасады. Қазір Татарстан, Башқұртстан елдерімен келіссөз жүргізілуде. Келешекте Әзербайжан, Өзбекстан, Қытай және Моңғолия теленарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Ұлттық арна толығымен өз өніміне көшіп жатыр. Қазір «Көзайым», «Сүйе білсең» деген сериалдарға қызығушылық үлкен. Болашақта шет ел нарығындағыдай «Көзайым-2» деген маусымдық жобаларға айналдырмақ ойымыз бар. Бұл жыл сайын жаңа жобалар бастаудан гөрі көрерменнің көзін үйрететін формат болмақ.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»