Аймақтар • 02 Мамыр, 2017

«Панфиловшылар» жасағы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерң мүрделерін іздестіреді

388 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Панфиловшылар» іздестіру жасағы жылдағыдай Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлердің мүрделерін іздестіріп, туған жерге жеткізбекші.

«Панфиловшылар» жасағы Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерң мүрделерін іздестіреді

Жалпы, халықаралық пат­риоттық «Батырлар жолымен» атты жобаға біздің өңірдегі архив, музей қызметкерлері, жоғары оқу орындарының студенттері 2010 жылдан бастап қатысып келеді. Қазір павлодарлық «Майдан жолы» іздеушілер отряды «Батырлар жолымен» жобасына өте жақсы таныс. Мысалы, «Майдан жолы» іздеушілер отрядын басқарған Жұмабек Хамзиннің айтуынша, Невель қаласында Лебяжі ауданының тумасы, полковник Әбілқайыр Баймол­динге қоладан бюст орнатылып, жауынгерлер зираты қалпына келтірілді. Қаланың ескерткіш тұрған алаңы Бай­мол­дин есімімен аталады. Псков облы­­сының Новоржев қаласының орта­лығындағы Жеңіс алаңына Ақтоғай ауданының тумасы Павел Дубовойдың қола мүсіні орнатылады. Павел Дубовой 28 панфиловшының ерлігін қайталап, жанындағы 28 сарбазбен бірге Бородин биіктігін қорғаған, 1944 жылғы наурызда ерлікпен қаза тапқан.

Ал биыл облыстан жолға шыққан бұл от­рядты енді экспе­­­дицияның қатысушысы, отставкадағы майор Бақыт­жан Өтепов басқаруда. Іздеушілердің ұраны: «Біз панфиловшылар ұрпағымыз – біз миллионбыз». Биылғы сапар Мәскеу түбіндегі Можай бағытында жал­ғасады. Жерлес жауынгер Петр Мельниковтің мүрдесін туған жеріне жеткізу, сондай-ақ, іздеушілер Калуга қаласында Кіші жүз ханы – Арынғазының өміріне қатысты мәліметтер мен мәйітін іздестіру жұ­мыстарын жалғастырады. Іздеуші отряд мүшелерін облыстық мемлекеттік мұрағат, қорғаныс істері жөнін­дегі департамент, «Айбын» қор­ғаныс күштері ардагерлер кеңесінің, Г.Потанин атын­­дағы тарихи-өлкетану музейінің өкіл­дері, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушылар мен Ауған соғысының ардагер­лері шығарып салды. Соғыс ардагері Бекболат Хазыров «Пан­филовшылар» іздестіру жасағының командиріне өзі жазған «Люди несгибае­мой воли» атты кітабын сыйға тартты.

– Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатыс­қан жүз мыңдаған жауын­гердің ерлігі өшпестей із қалдырды. Олардың көбісінің мүрдесі әлі сонда жатыр. Міне, сол уақыт­тан бері үш ұрпақ өсті. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран. Іздеушілердің бастаған бұл жұмыстары осының айғағы, – деді Бекболат аға Ха­зыров.

– Ешкімнің көңілінде «Бізге осы қажет пе?» деген сұрақ болмауы тиіс. Аталар жолы – ұрпағына мұра. Әлі күнге дейін соғыстан қайтпаған солдаттарды күтетіндер жүр арамызда. Қаншама тағдыр жүр жүрегі жаралы. Әкесін, ұлын, сүйікті жарын өмір бойы іздеумен жүрген жандарға іздеушілер кө­ңілдеріне үміт сыйлайды, – деді облыстағы іздестіру қозғалысының ұйымдастырушысы Жұмабек Қамзин.

Бұған дейін, «Майдан жолы» іздес­тіру жасағы халықаралық «Батырлар жолымен» шарасы ая­сында Псков облы­сында соғыс­та ерлікпен қаза тапқан қазақ­стандықтардың құрметіне мемо­риалдық кешен де тұрғызды. Іздестіру барысында белгілі болғанындай, бұл жерде майданда қаза тапқан 700-ге жуық жерлес жауынгерлердің мүрделері жатқан көрінеді. Яғни, алда әлі іздес­тіру жұмыстары жалғасады деген сөз. Мемо­риалдық кешенде Әлия Молдағұловаға арналған құлпытас та орнатылды.

Тағзым деген осы. Өйткені, іздестіру отрядының мүшелері соғыс тарихын жазуды жалғас­тырады. Бүгінгі ұрпақ ата­лар ерлігін, өткен шежірені де біліп, сезінгендері дұрыс. Жиынға қаты­су­шылар осылай деп тарасты.


Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы


Суретті түсірген Руфина ТОРПИЩЕВА