Білім • 02 Мамыр, 2017

Болашақ ғалымдар жетістігі

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Топырақты мұнай қалдықтарынан робот тазартады. Атыраудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Бектайыр Төлешов осындай жаңалық ойлап тапты.

Болашақ ғалымдар жетістігі

Халықаралық «Жасыл көпір» экологиялық форумының қазылар алқасы Бектайырдың жұмысын жоғары бағалап, бірінші орынмен марапаттады. Ғылыми-зерттеу сайысында жеңімпаз атанған оқушы мектептегі роботты техника үйірмесіне қатысады. «Информатика мен химияны кіріктіру арқылы ортақ дүние жасап шығаруға болады, өйткені табиғаттағы және физикадағы кейбір құбылыстарды бөлек пән ретінде қарастыру қиын», дейді жобаның ғылыми жетекшісі Рақымжан Қосанов.

Қазіргі білім беру саясатының негізгі бағыты – STEM қағидалары арқылы бір мезгілде бірнеше пәнді кіріктіре оқыту. Сол арқылы ғылым, технология, инжиниринг және математиканы өзара сабақтастыру жолымен ғылыми прогреске тез жетуге болады. Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебі бұл бағытта биіктерден көрініп жүр. Осы білім ордасының тағы бір талапты шәкірті – Жәнібек Мубинов Ресейдің Королев қаласында өткен олимпиадаға физика пәні бойынша қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Жәнібек қазақстандық KAZSAT-3 жасанды жерсерігін модельдеу бойынша жобасын қорғады. «Зымыранды ұшырған соң оны ғарыш кеңістігінде бақылау қиын. Жердегі мамандар бұл бағытта түрлі жетістіктерге және жаңашыл мүм­кін­діктерге қол жеткізсе де, әлі де жер ­серіктерін тиянақты әрі тұрақты ба­қы­лап отыруға мүмкіндік беретін амалдар ойлап табылған жоқ», дейді Жәнібек. Ғы­­лыми жобасында жер серіктердің ғарыш әлеміндегі жұмысын жан-жақты си­паттап берген. 200-ден астам дарынды бала қа­тысқан халықаралық сайыста аты­раулық оқушының мерейі үстем болды.


Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»


АТЫРАУ