Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Мәдениет министрлігі мен Алматы қаласы мен облысы әкімдіктерінің қолдауымен жарық көрген Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәуле», «Құстар әні», «Алатау» ән жинақтары және Жарқын Шәкәрім мен Дариға Тілендікелінінің «Нұрғиса Тілендиев» атты ғұмырнамалық деректі кітабының тұсаукесері өтті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде ұсынылып отырған бұл еңбектер «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, дәстүрлі музыка мәдениетін ұрпаққа насихаттап жеткізу негізінде шығарылып отыр.
Өткен жылы ғана дәулескер күйші, ұлы композитор, дарынды дирижер Нұрғиса Тілендіұлының туғанына 85 жыл толуын артында қалған қалың елі атап өтсе, ал Нұрағаңның шығармашылығына арналған төрт кітап сол игі шараның жалғасындай болды. Композитордың жары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Дариға Тілендікелінінің айтуынша, «Алатау», «Жан сәуле», «Құстар» әндер жинағы Нұрағаңның көзі тірісінде 1960 жылдары жарық көрген. Әрине, осыдан елу жыл бұрын баспа бетін көрген үш кітаптың қолда барының да, оқулық ретінде пайдаланғандардың да әбден тозығы жеткендіктен Дариға Тілендікеліні мен қызы Дін-Зухра оларды қайта бастыруды қолға алады.
Нұрағаң жайлы кітапқа жары Дариға мен белгілі өнертанушы Жарқын Шәкәрім көп еңбек сіңірген екен. «Адам санасының сәулесі деген ұғым бар болса, Нұрғиса Тілендіұлының шығармалары санамыздың қоспасыз төл, ұлттық музыкалық сәулесі. Неге десеңіз, оның домбырада күйлер орындауы, композиторлығы, шығармаларын оркестрге лайықтауы, дирижерлығы, ұстаздығы, оркестрді ұйымдастырушылығы тәрізді сан қырлы қасиеттері ұрпаққа үлгі, болашаққа өнеге. Олай болса, өнертану ғылымы саласында нұрғисатанудың даңғыл жолы ашылуға тиісті», деген қорытынды жасайды авторлар.
– Әндерінің шығу тарихын, өмірдегі, өнердегі жарқын белестерін еске алып, менің айтқандарымды қағазға түсірген Жарқын Шәкәрімге алғысымды білдіремін. Өзінің көрген-түйгендерін қосып, үлкен еңбек жасады», – деді Дариға Тілендікеліні.
Кеш соңында жиналған көпшілік композитордың өзі құрған, кейін есімін алған атақты Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің өнерін тамашалады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.