04 Мамыр, 2011

Мақсат бірлігі – рух бірлігі

1020 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
АСТАНА Астанадағы «Қазақ елі» монументі алдында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай салтанатты шеру өтті. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл шараға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Құрметті қазақстандықтар! – деді Елбасы. – Бар­шаңызды Қазақ­стан хал­қы­ның бірлігі мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Біз бұл мерекені ерекше атап өтіп отыр­мыз. Себебі, биыл еліміз тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы. Осы орайда, бүгінгі мерекені бірлік ая­сын­да бастап отырмыз. Өздеріңіз де білесіздер, бірлік деген сөз біздің ата-бабаларымыздан қалған өте ұлы, терең мағыналы ұғым. Біз тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішінде бірліктің арқасында іргелі ел болдық. Мерейіміз көтеріліп, дүние жүзіне белгілі болдық. Эко­номикамызды көтердік. Ха­лық­тың әл-ауқатын жақсарттық. Елорда­мыз­ды салдық,  деді Президент. Кеше ғана бүкіл дүниені дүр сілкінткен ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткіздік. Кеше ғана біз Азия ойындарында спорт жарыстарын өткізіп, тағы да дүние жүзіне кеңінен танылдық, деп жалғады сөзін Елбасы. Қазақстанда Азия елдері Ислам Конференциясы Ұйымында бас қосқалы отыр. Осы­ның барлығы Тәуел­сіз­ді­гі­міз­ді алғалы бергі бірліктің арқа­сын­да жүзеге асты. Экономика­мыз­дың тұрақтылығының арқа­сында мүмкін болды. Халықтың әл-ауқатының жақсарғаны мен тыныштықтың арқасында іске асты. Бізге бүкіл дүние жүзі көз тігіп отыр. Біз діндер съезін және түрлі халықаралық жиындарды ұйымшылдықпен өткіздік. Сон­дық­тан да күллі әлем Қазақ­станға ілтипатпен қарайды. Осылай деген Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық аумағында, ауылдарда, аудандарда, қалаларда мерекелік іс-ша­ра­лар өтіп жатқанын атап өте келіп, мерекеге жиылған халықтың бар­лығын да құттықтап, береке-бірлік тіледі. Біздің алдымызда жа­сайтын жұмыстар мен асулар әлі де көп. Мына шыр айналған дү­ниеде түрлі қиыншылықтарды бас­тан өткеріп жатқан кезде, біз­дің елде бағдарламалар мен өн­дірістер іске асырылуда. Осының барлығы Қазақстандағы бірліктің арқасында. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді,  алтау ала болса, ауыздағы кетеді», деген ата-баба­ларымызда сөз бар. Сон­дық­тан да, бірлігіміз нығая берсін, еліміздің іргесі берік болсын, жас­тар бақытты болсын, болаша­ғы­мыз баянды болсын, деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ­стан­­дық­тардың бұл мерекені би­ыл жаңаша атап өтіп жатқанына назар аударды. Сондай-ақ таяуда болып өткен кезектен тыс президенттік сайлау халқымыздың бірлігін көрсеткенін атап өтті. Бұл жәйт барлық отандастары­мыз­дың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанын айғақтап берді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біздің Конституциямыз «Біз, Қазақ­стан халқы» деген сөздер­ден кездейсоқ бас­талмайды. Бір­ліктің, сенімнің, көп­ұлтты Қазақ­станның осындай тұтас­тығы­ның арқасында біз тәуелсіз ел құрып, азаматтарымыздың болашағын се­німді ете түстік. Қалалар, ауыл­дар са­лып, өнеркәсіпті, ауыл шар­уашылығын көтерудеміз, уни­верситеттер тұрғызып, бала­ларымызды шетелдермен қатар, соларда оқытудамыз. Осының бар­лығына бірліктің, еліміздің жұ­дырықтай жұмы­луының арқа­сын­да қол жеткізіп отыр­мыз. Ал әлемде өздеріңіз көріп отыр­ған­дай, зауыттар тоқтап, адамдар жұ­мыс­сыз қалуда. Біз болсақ, жаңа кә­сіпорындар құрып, жаңа жұмыс орын­дарын жасақтауда­мыз. Дүние жү­зінде  діни және ұлтаралық түсініспеу­шілік сал­да­рынан қақтығыстар орын алып, қан төгілуде. Біз тұтастықтың үл­гі­сін көрсетіп отырмыз. Бүгінде Қазақстанда тұрып, өмір сүру кім-кім үшін де мәр­те­бе. Әрбір қазақстандық өзінің бо­лашағын бекем санаса, бала­ла­ры­ның болашағына сеніммен қарай­ды. Біз қазақстан­дық­тар­дың жұ­мысы, үйі болуы үшін, маман­дық иеленуі үшін, өзінің балаларын жаңа кәсіптерге оқытуы үшін жұмыс­танудамыз. Балалары­мыз­дың озық медицина мекемелерінде, озық мектептерде оқығанын қалаймыз және соларды құру үстіндеміз. Бәрін жасап болған жоқпыз, бірақ жасап жатырмыз. Біздің бағдарламаларымыз, менің Жолдауым, 2020 бағдарламасы біз жақсырақ, тынышырақ өмір сүруге бағытталған, деді Нұр­сұлтан Әбішұлы. Жасампаздық істері үшін та­ғы да бірлік, бауырластық, бар­лық халықтың сүйіспеншілігі қа­жет екеніне екпін түсірілді. Ке­ліңіздер, осы мерекелерде бір-бі­рімізге деген осы сүйіс­пен­ші­лік­ті, құрметті көрсетейік. Бүкіл әлемге тұ­тастығымызды айғақ­тай­ық. Осылай деген Елбасы бү­гінде біздің толерант­ты­лығы­мыз­ды, бірлігімізді, барлығымыз­ды тұтастырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты тамаша органның жұмысын сырт­та­ғылар оқып, үйреніп жатқанын атап көрсетті. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ата-бабамыздан қалған қа­ғи­датты ұс­тансақ, болашағымыз баянды болады. Жастарымыз ба­қытты болады. Еліміз мықты бо­лады. Бұдан әрі де Қазақ­станның дәрежесі мен мерейі арта береді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Тәуелсіздігіміз мәңгілік бол­сын, барлықтарыңызға жақ­сы­лық тілеймін, деп аяқтады сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан кейін «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңға жинал­ған мыңдаған қазақстандық мерекелік шараларды тамашалады. Яғни, бұл күні елдің эконо­ми­ка­лық және саяси әлеуетін да­мы­туға, Қазақстанның өсіп-өркен­деуіне күш жұмсап жүрген қа­зақстандықтар, атап айтқанда, құ­рылысшылар, кәсіп­керлер, жол-құрылыс, көлік, білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет сала­ларының өкілдері, спортшылар мен студенттер мерекелік си­пат­қа сай безендірілген алаң және Тәуелсіздік даңғылы бойымен жүріп өтті. Мәселен, «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз» деген транспарантпен мерекелік шерудің шымылдығын ашқан құрылысшылар колоннасының қатарында «Бәйтерек -2007», «Норд Диалог», «Сембол Иншаат», «Шар-Құрылыс», «Астана-Аль­кор», «ASI», «G max company», «ВЭН», «Abinukas», «Алтын ХХІ» компания­ларының қызметкерлері болды. Салтанатты шара елордадағы түрлі этномәдени бірлестіктердің шығар­машылық ұжымдары мен қазақстандық эстрада жұлдыз­да­ры­ның қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.   АЛМАТЫ Алатау мамырдың ыстық деміне бал­қып манаурағандай. Абыз таудың ете­гіндегі Алматы кеудесіне қызыл-жасыл гүл толып, сан түрлі бұлбұл құс қонып алау­лағандай. Мұнда Қазақстан халқы­ның бірлігін мерекелеу салта­нат­ты шерумен бас­талды. Шеру толқыны «Астана» ала­ңына құйылып, онда өтіп жатқан  негізгі мерекелік жиындарға ұласты. Шеру жорығына 500 байкер, велосипедшілер мен спорт­шы­лар, үрмелі оркестр, этно­мә­дени бірлестіктер өкіл­дері, аудандардың әкімдері мен қаланың құрметті тұрғын­дары – барлығы 30 мыңнан астам адам қатысты. Қала әкімі Ахметжан Есімов алма­ты­лықтарды Бірлік күнімен құттықтай келе, Қазақстанда 120-дан астам ұлт пен 40 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір кешіп жатқандығын атап көрсетті. Оңтүстік Астананың өзінде 27 респуб­ликалық және 35 қалалық этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Олардың жа­нында қазақ тілін оқып-үйрену жө­нін­дегі 18 жексенбілік мектеп, этностық үш орта мектеп бар. Басқа ұлттар тілдерінде 9 газет және 2 журнал шығады, теледидар 5 тілде, радио 7 тілде хабар таратады. – «Біз бүгін ізгілік пен бейбітшілікті, халықтың бірлігін, мәдениеттердің са­н­алуандығын және өзара ұштаса баюын паш ететін мереке – Қазақстан халқы­ның бірлігі күнін атап өтудеміз. Барлы­ғы­ңыз­ды осы жарқын күнмен шын жүректен құттықтаймын. Ел Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев айтқандай, 1 мамыр – 20 жылда құрған біздің ортақ үйіміз, туған Қазақстанымыздың ең басты мереке­лері­нің бірі»,– деді А.Есімов. Халықтың салтанатты шеруі аяқтал­ғаннан кейін қаланың барлық этно­мәдени бірлестіктері өкілдерінің қаты­суы­мен дос­тық фестивалі басталды. Мерекеге жиналғандар құйқылжыған би мен қа­лық­таған әнге кенелді. Со­нымен қатар, «Астана» алаңында ұлт­тық тағамдар фестивалі де таңдай қақ­тырып, онда таң­даулы ұлттық мейрамханалар көз тартар ғажаптарын ұсынды. Сондай-ақ жұрт этномәдени бірліктер­дің қолданбалы өнер көрмесін қызыға тамашалады. Қорғанбек АМАНЖОЛ. * * * АҚТАУ Қазақстан халқының бірлігі күні құрметіндегі іс-шаралар Маңғыстау жерінде сәуірдің 23-інен бастау алды. Бұл жылғы, яғни Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңындағы бірлік мерекесі ұлттар мен ұлыстарды бұрынғыдан да жақындастыра түсетіндей шаралармен айшықталды. Облыс орталығындағы этномәдени бірлестіктердің мүшелері аудан, қалаларға арнайы барып, концерттік бағдарламалар көрсетті. Бұл ретте дағыстан, украин, татар, грузин, қыр­ғыз  этномәдени бірлестіктері көп­ші­ліктің көңілінен шыға білді. Облыс орталығын ғана емес, елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Ақтаудағы 1 мамыр күнгі мерекелік шеру сән-салтанатымен басталды. Президент даңғылы бойымен сап түзеп, Астана алаңында құрылған сәнді сахнаға дейін жүріп өтетін шерушілерде шек болмады. Оны барабаншылар мен үр­мел­і аспаптар оркестрі бастады. Атар­ба­ның үстіндегі биік шаңырақтың ас­тын­да 5 сәуірде «Егеменде» Елбасына ақ батасын берген 105 жастағы Нәзихан Бекежанова анамыз ұл-қыз, немере, шөберелерімен жайғасыпты. Ал ша­ңы­рақтан шуақ шашып тұрғандай алқызыл ленталарды облыстағы 20 этно­мәдени бірлестік өкілдері ұстап келеді. Мінбер жанына тоқтаған тұста ғасыр жа­са­ған ана көп ұлтты халқымыз бен ке­мең­гер көшбасшымызға ақ батасын берді. Бишілер «Ынтымағы жарасқан» ат­ты театрландырылған көріністі көр­сетіп, 100 домбырашы күй атасы Құрман­ғазы­ның «Сарыарқа» және «Адай» күйлерін тарт­қан соң шеру одан әрі жалғасты. Шерушілер қатарында аймақтың әйгілі ардагерлері, өнерпаздары, спортшылары жүрді. Салтанатты шеруге белсене қатыс­қан студент жастар да, орта мектеп оқушылары да алаңның сәнін келтіріп, шалықтады. Мерекелік шеру аяқталы­сы­мен «Астана» алаңындағы сахна төрі­не облыс, қала мен «Нұр Отан» ХДП МОФ басшылары, еңбек ардагерлері көтерілді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, сахна төрінен Отан, туған жер, достық туралы әндер шалқыды. Бұл күні алаңға жиналған халықтың көңілдері көтеріңкі, жүздері жарқын болды. Ақтау аспанында ән қалықтап, мерекелік салтанат қызығы түн орта­сына дейін аяқталған жоқ. Жоламан БОШАЛАҚ. * * * АҚТӨБЕ Күн санап көркейіп, жасарып, жаң­ғырып келе жатқан Ақтөбе қаласы  Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында бұрынғыдан гөрі де көріктеніп кеткендей. Қаланың орталық көшелері мен алаңдары өзгеше бір түрге еніп, көктемнің шуағына малы­нып,  жасара түскен.  Қызылды-жасыл­ды тулар желбіреп, әр түрлі үрме шарлармен безендірілген қала көшелері он­сыз да көркем қаланың  ажарын ашып, айналаға өзгеше бір әдеміліктің, сал­танаттың реңкін береді. Қашанда мерекелік салтанаттың  саябағы іспетті қала­н­ың Әбілқайыр  хан даңғылы бойы  қол­дары­на транспаранттар мен жа­лау­лар, қызыл­ды-жасылды шарлар ұстаған, ұлттық киімдер киген  халыққа толды. Жан-жақтан ағылған жұрт «Мир» сауда орталығы маңына жиналды. Үш мыңнан астам адам бас қосқан шеру осы арадан басталып, Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті атын­дағы саябақта аяқталды. Саябақтағы концерттік  сахна алдын­да сегіз этно-мәдени бірлестіктің бишілері өз халқының биімен шыға келгенде достық пен бірліктің лебі есіп жүре бергендей болды. Мың бұралған қазақ биі орыс, украин, беларусь, поляк, татар-башқұрт, қызу қанды тау халық­тарының  билерімен жалғасып, жара­сым тауып жатты. Саябаққа жиналған халық алдын­да қала әкімі Архимед Мұ­хамбетов сөз сөйлеп, мерекелік сал­танатқа жиналған­дарды құттықтады. Ол еліміздің тәуел­сіздігінің 20 жылдығына ақтөбеліктердің барша қазақстандықтар сияқты ерекше дайындықпен, тамаша табыспен бараты­нын жеткізді. Мерелік салтанатқа жинал­ған халық әр ұлттың әні мен биін, қазақтың күйін тамашалады. Сан алуан түрге бөленген саябақта облысты мекендеген ұлттардың өкілдері  осылайша тілек тоғыстырып, ниет біріктірді. Жалпы, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бұрынғыдан өзгеше өтті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. * * * АТЫРАУ Атырау жұртшылығы бұл мерекені жыл сайын асыға тосады. Өйткені, бұл –достықтың, бірліктің мерекесі. Дәл осы мерекеде әр ұлттың өкілдері ерекше бір толқыныспен, ерекше шабытпен бар өнерін ортаға салуға тырысады. Бұл жолы дәл осылай болды. Айтқандай, Атырау­дағы мерекелік шараның алдын­да жұрт­шы­л­ық шеруді тамашалады. Шеруге қаты­су­шылар Бейбарыс сұлтан ескерткіші ал­дына жиналды. Дәл осы жерден Сәтбаев даңғылын бойлап, шерушілер Исатай-Махамбет алаңына   бет ал­ды. Мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, 17 этномәдени орталық өкіл­дері, әр саладағы кәсіпорын-мекемелер ұжым­дары, оқу орындарының оқытушылары мен студенттері-барлығы 17 колоннаны құраған шерушілер ауа райының қолайсыздығын елеген жоқ. Ауа райы демекші, бұл күні Атырау­да жаңбыр жауып тұрды. Бірақ мерекелік шараны тамашалауға жиналған жұрт­шы­лық оны жақсы ырымға балады. «Жаң­быр­дың жауғаны кедергі емес. Көктен жауып тұрған нұр ғой бұл», дейді жара­сымды ұлттық киімі тал бойын сұлулан­дырып, алабұрт­қан жүзі бұрынғыдан нұр­лана түскен украин қызы Светлана Вахнен. Ол бү­гін ерекше қуанышты.  Жұрт­шы­лық ал­дын­да «Довіра» украин этно­мә­дени бірлестігіндегі замандас-құрбы­лары­мен бірге өз тілінде ән шырқады. Ән айта жүріп, дөңгелене биледі. Бұл жолғы мерекелік шараның орны бөлектігіне екпін түсірді. Өңір жұртшылығын мерекемен об­лыс әкімінің бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиа­лы­ның төрағасы Болат Дәукенов құт­тық­тады. Осыдан кейін мерекелік шара­ның көрігін әр ұлттың өкілдері қызды­рып ала жөнелді. Бірі әуелете ән шыр­қа­са, енді біреулері, әсіресе, тау халқы­ның жас өрендері ұлттық биімен жұрт­шы­лық көңіліне жылы әсер қалдырды. Өңірдегі 17 этномәдени бірлестіктің өкіл­дері бір-бірінен қалыс қалмай, ұлттық өнерлерін бірінен бірі асыра көрсетті. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. * * * КӨКШЕТАУ Мемлекетіміздің, әр ошақтың ең ұлық мерекелерін Тәуелсіздік алаңынан бастайтын көкшеліктер Қазақстан хал­қының бірлігі күнін кәдуілгі құт шаралардан өзгешелеу атап өтті. Орталық Абай көшесі бастан-аяқ жабылып, бар жасауын тағынып жарқырап тұр. Бүгін ертерек шыққан Күннің алтын шапақ­тарына малынған қала жұртшылығы жарасымды шеру құрып, Абылай ескерткішіне басын иіп, «Тәуелсіздіктің» төріне озды. Көк тулармен қатар, «Бірлігі жарасқан Қазақстан!», «Ұранымыз – достық, Туымыз – бірлік!» ұранын көтерген көп транспаранттар көңілді көкке өрлетеді. – Осы рухтандырушы ұрандарда мемлекетіміздің басты мақсаты айқын­далып, болашағы бейнеленіп тұрған­дай, – дейді қуаныш толқынында қатар келе жатқан «Нұр Отан» ХДП облыстық фи­лиалы төрағасының орынбасары, саясаттанушы Ғалым Шойкин. Облысымызда 9 саяси партия, 300-дің үстінде діни бірлестік, 161 этно­мәдени бірлестік тіркелген. Елбасы – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев жетіс­тік­теріміздің барлығын ұлттар мен ұлыс­тардың мызғымас достығымен, тату-тәтті тіршілігімен байланыстыратыны ғанибет. Бізде қай ұлт болсын еркін дамитыны, салт-дәстүрін сақтап, байы­та беретіні конституциялық тұрғыда бекітілген. Әйткенмен, Тәуелсіздігіміздің талабы, уақыт үні сол достығымыздың мойнына ортақ болашаққа қызмет ету құндылығын жүктеп отырғандығы келе­шектің кемел саясаты деуіміз керек. Орыс, украин, беларусь, корей, әзір­байжан, татар, неміс, түрік, поляк, армян, тағы басқа ұлыстардың шаңырақ­тарына бақыт тілей «Қазақ ауылына» жеткенімізде шаңқай түс болды. Біржан әні биіктеп, «Қаражорға» был­қылдап, қара қазан қайнап жатыр... «Достық» этноқалашығының сән-салтанатын та­ма­ша­лаған қауым «Мақ­саты бірдің – рухы бір» атты Қазақстан халқының достық фестивалін өткізді. Мың сан халықты Ақмола облысының әкімі, кіші ассамблея төрағасы Сергей Дьяченко, Парламент Сенатының де­путаты Серік Аяғанов, Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының мүшесі Герихан Яндиев, ақын Алмас Темірбай құттықтады. Алаңдағы шаңырақтан зәулім шарлар ұшып, халқымыздың арман-тілегі мен ақ ниетін әуелетіп бара жатты. Бақберген  АМАЛБЕК. * * * ҚАРАҒАНДЫ Еліміз өміріндегі елеулі оқиға­лардың салтанаты әдетте қаланың бас көшесі Бұқар жырау даңғылы бойында өтеді. Ондайғы сәттерде ол әрдайым баршаның шалқыған көңіліне бөленіп, нұр ойнаған жүздермен жарқырап әсем күйге енеді. Ал жылдың ең бір тамаша мерекелерінің  бірі – Қазақстан халқы­ның бірлігі күнгі жаппай шаттық сәні тіпті де жарасып, жайнап,  ортақ қуа­ныш біріктірген мың­даған жүректер лүпілі бүкіл шаһарды  жаңғырық­тырып әкетті. «Шахтер» стадионы жағынан бас­тал­ған бұқаралық шеруде өңірдегі 20 облыс­тық   және аймақтық  36 этномә­дени бірлестік өкіл­дері, қалың қауым қатар қадам басты. Сан ұлттар мен ұлыстар азамат­тарының бір әке мен шеше баласындай төс түйістірген құ­ш­ақтары, бауырмалдық пейілдері туыс­қан­дықты, сыйластықты тағы бір паш еткендей еді. Шындық солай. Алып өндіріс­тің іргета­сы қаланған шақта, соғыс жыл­да­рын­да сыналған, Қазақстан Магнит­ка­сы­ның домна пештері алдында шыңдалған, тәуелсіздік арқасында беріккен достық­тың тамыры тереңде, мәні әркімге ыстық. – Мен Қарағанды мемлекеттік тех­ни­калық университетінде оқимын. Кен инженері болмақ талабым бар. Өмі­рімдегі үлкен қуанышым – мемлекеттік тілді жетік білетіндігім. Соның арқа­сында қазақы ортаға сыйлымын. Маған қарап қызығушылар көп. Қазақша сөй­лей білуге құштар. Шамам келгенше қатарыма тартуға  тырысамын. Бірлігі­міздің тірегі ретінде қадір тұтуға үндеймін,  – деді Николай Смолин. Көңілдері көктем шуағындай нұрлы ортада шетелдік меймандар да аз  еместігі байқалды. Кезінде Германияға қо­ныс аударып, енді қайта оралу ойын­дағы Павел Фельденің:  «Міне, шынайы сыйластық деп осыны айт. Соны са­ғынып қалыппыз»,  деуі  жүрекжарды жалғыз сыр емес-ті. Айқын НЕСІПБАЙ. * * * ҚОСТАНАЙ «...Сендегі семсе мың жүрек, келгенде қайта көктемің, бүр жарар тағы дүркіреп!» Қостанайда ақын өлең оқып тұрғандай! Сәуірдің   ара-тұра соғып тұрған  өкпек же­лі сап тыйылып, көк зеңгір аспан шайдай ашылған. Тал-қайың көк торғын шәлі жамылғандай,  жердің көгі де  дүркірей кө­те­­рілген. Табиғаттың жылда қайтала­нып, жыл­да табындыратын  ғажап сұлулығы  адам­­дар­дың көңіл-күйімен астасқан секілді. Қостанай көшелерінде  халық бірлігі  мерекесі салтанат құрды. Қолдарына шар, жалауша ұстап шыққан қостанай­лықтар қаланың орталық алаңына жи­нал­ды.  Үдеткіштен шартарапты шар­ла­ған ән  мен әуен де  мерекелік көңіл-күйді ас­пандатты.  «Қазақстанның бірлігі жаса­сын!», «Бейбітшілік, Достық, Еңбек!»  деген, тағы басқа да  транспаранттар,  «Нұр Отан» ХДП  жалауы халықтың бірлігін паш етіп тұрғандай. Көпшілік жұрт ұлттық киімдер  киіп келіпті.  Әр ұлттың киімі өзінше сәнді, ерекше. –Қазақстандықтарды бүгінгі мереке олардың ұлтына, түріне, ділі мен дініне қарамай бір шаңырақ астына біріктіреді.  Елімізде  сан ұлттың өкілдері бір ата­ның балаларындай тату-тәтті  өмір сүріп отыр.  Сонымен қатар, біздің елімізде олардың өз тілін, дәстүрін, сал­тын, мәдениетін ұмытпай дамытуға бар­лық жағдай жасалған. Осындай мүм­кін­діктің бағасын білу, достықты  қас­тер­леу – әрқайсымыздың  парызы­мыз, – деді  аймақ басшысы Сергей Кулагин. – Біздің  Кеңес одағы кезінде жоғалт­қанымыз көп болды. Тілімізді, дәстүрімізді мақұрым еттік. Бірақ ең маңыздысын сақтап қалдық, ол – біздің бірлігіміз. Сардар саясат жүргізіп отырған Президентімізге рахмет, – дейді украин халқының өкі­лі, құрметті консул Анатолий Тарасенко. Мереке күні қостанайлықтар түрлі ұлт  өкіл­дерінің  күшімен қойылған концертті та­машалады. Ән де  достық елшісі емес пе? Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. * * * ҚЫЗЫЛОРДА «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді біздің жұрт. Елдікке, бірлікке, ынтымақ пен татулыққа шақыратын, халықты ұйыстыратын, бір тудың астына жиыстыратын дәстүрден қашу­дың қажеті жоқ. Кеңес заманындағы сондай мерейлі мерекенің бірі – 1 мамыр болатын. Жұрт тайлы-тұяғы қалмай алаңға шығатын еді. Бар әсем киімдерін киіп, жалаушаларын алып, мәз-мейрам күй кешетін. Дегенмен, бұл салт сол заманмен бірге тарих қойнауына кеткендей-тін. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсыр­ма­сы­мен биылдан бастап, үзілген дәстүр жалғасын тапты. Солайша, Қазақстан хал­қының бірлігі күні мерекесі бүкіл облыс көлемінде кең салтанатпен аталып өтті. Күн арқан бойы көтерілгенде салтанат­ты шеру басталды. Талай зұлматты көзбен көрген, елі үшін етігімен қан кешкен ардагерлер бастады шеруді. Әрдайым алдыңғы шептен көрінетін Ұлы Отан соғысы ардагерлерін «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет» ордендерінің иегері Ыдырыс Қалиев ақсақал бастап шықты. Онан кейін «Қызылорда қаласының құрметті» азамат­тары сап түзеді. Осылайша салтанатты шеру басталып кетті. Қазақстан – түрлі ұлт пен ұлыстың ба­ла­сы мекен еткен құт қонған өлке. Алауыз­дықтан ада, бірлігі бекем, ынтым­ағы жа­рас­қан жұртымыз бүгінде бір үйдің бала­сындай, бес саусақтың саласындай болып күн кешіп жатыр. Шеруді облыстағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдері жалғас­тырды. Ұлттық киімдерін киіп, «Қазақстан – достық шаңырағы» деп ұрандаған ұлт өкілдері мерекенің мерейін асырды. Жал­пы, шеруге 4 мыңнан аса адам қатысты. Ауқымды іс-шараға облыс шеңберіндегі еңбек ұжымдарының барлығы дерлік ат­салысты. Ал салтанатты шеруді аймақ басшылары қабылдап алды. Қызылорда жеріндегі салтанатты іс-ша­ра онан соң мерекелік концертке ұлас­ты. 80-жылдардағы әнге билеген халық эстра­да жұлдыздарының әндерін тыңдап, тарқасты. Ержан БАЙТІЛЕС. * * * ОРАЛ   Орал өңірінде 1 мамыр қарса­ңын­дағы күндер де, бірлік мерекесінің өзі де алуан түр мен терең мазмұнға толы болды. Дәл осы тұста облыстық ассамблеяның кезекті кеңесі мен дос­тық фестивалі өткізіліп, онда тәуе­л­сіздіктің жиырма жылында қол жеткен құндылықтарды қадірлеу және оны одан әрі байыту туралы ой-пікірлер қозғалды. Ал 1 мамыр күні Орал қаласында еңбек ұжымдарының үлкен шеруі өт­кізілді. Ол бірлік пен келісімнің барлық көріністері Ақжайықта салтанат құр­ғанын паш еткендей әсер қалдырды. – Қазақстандықтарды алға бастай­тын, жеңістерге жетелейтін, әрі оларды ортақ мақсатқа топтастыра алатын құдірет асқақ рух пен қазақстандық патриотизм деп түсінемін. Осы екеуінің шоғын үрлеп отыру қай кезде де қажет. Бұл тұрғыда дәл бүгінгідей сәні мен салтанаты, мәні мен мазмұны келісім тапқан шерулер өткізу өте қажет деп санаймын, – дейді 87 жастағы соғыс және еңбек ардагері Қадыр Ғайсин. – Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Қазақстан халқының бірлігі мен тату-тәтті қарым-қатынастары нығая түсті. Бұл факторлар ел экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне жол ашты. Мұ­ның өзі тәуелсіздіктің ең басты жетістігі деп түсінуіміз керек. Өйткені, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен келісімі болмаған жерде, алға басу да болмайды, – дейді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Анатолий Авилов. Осындай бірлігі бар елдің болашағы да тұғырлы, баянды болмақ. Міне, ынтымағы жарасқан Орал өңі­рінде кеңінен аталып өткен 1 мамыр мерекесі жөнінде батысқазақстандықтар осылай толғанады. Шын жүректен ай­тыл­ған осынау ақ-адал пікірлер түсінік беру мен қандай да бір болмасын журналистік түйін жасауды қажет етпейді. Темір ҚҰСАЙЫН. * * * ӨСКЕМЕН Өзендер өрнектеген Өскемен ерекше түрленіп, Республика алаңына жұрт сыймай кеткен. Кенет мерекелік шеруді жүргізуші Қайрат Лұқпановтың дауысы жаңғыртып жіберді. «Алты Алаштың баласы, Қауымдасқан күні – бұл. Бір-бірімен жарасып, Бауырласқан күні – бұл! Көк аспанда тулардың, Желбірейтін күні – бұл. Елім деген ұлдардың. Елжірейтін күні – бұл!». Сол-ақ екен, қала тұрғындарының қатысуымен «Мен – Қазақстан пат­рио­тымын» атты мерекелік шеру бас­та­лып  кетті. Ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арналды. Республика ала­ңына көптен бері халықтың осыншама мол жиналғанын көрмеген едік. Оның үстіне биылғы мереке шеруі жаңа үлгіде, жаңаша сипатта өтті. Әр ұжым, мекеме, кәсіпорындар мен ұйым­дар өздері шыға­ратын өнімдер жайлы плакаттар мен суреттерді көтеріп алған, «Казцинк», титан-магний, «Үлбі металлургия» зауыттары­ның еңбеккерлері жыл басынан жемісті еңбек етіп келеді. Диктор әр ұжым мен мекемелер жайлы дауыс күшейткіш құрал арқылы хабардар етіп тұрды. Шеру аяқталған соң облыс әкімі Б.Сапарбаев жиналғандарды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, өңірде атқарылып жатқан оңды істермен таныстырды. Достық үйлері мен өнерпаздар сахна төріне шығып, ән мен биден шашу шаш­ты. Бір мыңнан астам жас «Қара­жорғаны» биледі. Оңдасын ЕЛУБАЙ. * * * ПАВЛОДАР Қай ұлт өкілі болсын жердің, елдің бірлігін жарастырған,  әрине, достық, татулық деп жауап берері сөзсіз.  Жалпы, әуелден орыс пен қазағы аралас тұрып келе жатқан Павлодар облысы достықтың, татулықтың қадірін жақсы біледі. Бір бүгін ғана емес, бұрыннан бері қалыптасқан достық, қазақ хал­қының бауырмалдығы  бүгінде, міне, осындай үлкен мерекеге арқау болғандай. Ал  облыс орталығындағы барлық мерекелер қасиетті Ертіс өзенінің жағалауындағы  орталық алаңнан бастау алады. Қазақстан халқының бірлігі күні де осылай  шымылдығын ашты.  Ертең­гілік тұп-тынық болып жатқан ағып өзен жағалауымен жеңіл атлеттер «Денсаулық жолында» атты мерекелік шеру – спорт­тық жарысқа шықты. Жалпы, әртүрлі тақырыпты қамтыған шаралар ауқым­дылығымен ерекшеленді. Айнала әсем безендірілген.  Мереке деп осыны айт дегендей әсер беретін көріністер. Міне, нағыз думан, мереке түске қарай басталды. «Армысыздар, ардақты ағайын! Бірлік пен береке мерекесі құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің шаңырағы берік болсын!» деген көкке әуелеген жүргізушінің дауысы мынау елдің, жердің иесі көктен сөйлеп тұрғандай саңқ-саңқ естіледі. Кең экранды монитордан ұлттар достығын паш еткен көріністер беріліп жатыр. Достық мерекесінің шеруін Тәуел­сіздіктің құрдастары – оқушылар, студенттер бастады. «Мен осы шеруге қатысқаныма қуаныштымын, өйткені, біздер, 1991 жылы туған жастар өзімізді елімізге егемендік алып келгендей сезінеміз», – дейді студент Салтанат Ны­сан­­бекова. Үлкен шерудің сәні мен мәні болып,  дәл ортасында этномәдени бір­лестіктердің өкілдері келе жатыр. Бұл күнде облыста 19 осындай этно­мәдени бірлестік бар. «Бұл мерекенің жөні бөлек. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бізге осындай құрмет көрсетіп, достық рухын көтерді, – дейді чуваш Галина Егеровна. Мен жасым 80-ге келсе де осы мерекені көруге арнайы келдім». Фарида БЫҚАЙ. * * * ПЕТРОПАВЛ Бірлік мерекесі биыл Петропавлда ерекше сән-салтанатпен, кеңінен  атап өтілді. Мейрам қарсаңында қаладағы Достық үйінде Қазақстан халқы облыс­тық ассамблеясының мүшелері бас қо­сып, оларға өңір басшысы Серік Бі­ләлов жылдағы дәстүрмен сый-құрмет көрсетті. Содан кейін этномәдени бір­лес­тіктердің басшылары облыс әкімінің «20 игі іс» бастамасына қолдау білдіріп, Қазақстан Конституциясы көшесі бо­йына ағаш көшеттерін отырғызды. Ме­рекелік салтанат Н.Погодин атын­дағы облыстық орыс драма театры ғимара­тынд­а жалғасын тауып, облыстық ассамблеяның кеңейтілген ХVІ сес­сиясы болып өтті. Онда Қызылжар өңі­рінде ұлтаралық келісім мен тұрақты­лық­ты сақтауға сүбелі үлес қосып жүр­ген зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері марапат­та­лып, соңы мерекелік концертке ұласты. 1 мамыр күні Петропавлдың орта­лық алаңына мыңдаған қалалықтар мен меймандар  жиналып, мерекелік үлкен бағ­дарламаны тамашалады. Облыс әкімі мен этномәдени бірлестіктердің басшы­лары­ның құттықтау лебіздерінен кейін әртүрлі ұлттардың мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрлерін белсенді насихаттаушы өнер­паз­дар мен осы күні ұлты мен діні басқа болса да махаббат құдіретімен қосылып, некелері қиылған жас жұбайлардың бірнеше жұбына бағалы сыйлықтар табыс етілді. Содан соң Қызылжар өңірінде тату-тәтті өмір сүріп жатқан 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өздерінің әсем әндерін әуелетіп, мың бұралған билерін орындап, думанды қыздыра түсті. Әсі­ресе, алғаш рет 200-ден астам өрімдей жас қыз-жігіттер билеген «Қаражорға» биі ұлттық өнеріміздің шоқтығын бір биіктетіп тастады. Өмір ЕСҚАЛИ. * * * СЕМЕЙ Ынтымақ пен бірлік мерекесі ұлылар елінде де өз мәнінде салтанатты түрде аталып өтті. Орталық алаңда басталған шеру қаланың орталық бөлігін тұтастай дерлік қамтыды. Оған 2,5 мыңнан астам адам қатысты. Ұлттық киімдерін киіп, шырқата ән салған этномәдени  бірлестік­тердің өкілдері қаланы сәнге бөледі. Шеруге қала жастарының да көптеп қатысуы мереке ажарын аша түсті. Солайша ынтымақ пен бірлік мерекесі көктем, жастық мерекесіне де айналды. Одан кейін мерейлі мереке ерке Ертіс жағасында өз жалғасын тапты. Мұнда да түрлі тілде әндер молынан шырқалып, ұлттық ойындар көрсетілді. Кітап көрмелері мен мерекелік сауда да жұртшылық көңілінен шықты. «Ертіс бойындағы, жалпы Қазақстандағы ұлттардың береке-бірлігіне дос сүйініп, дұшпан күйінгендей. Қашанда осы жарастықтан айырмасын», дейді татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ғабдулхақ Ахунжанов. Қала орталығы мен Ертіс жағасында өткен достық мерекесін шамамен 30 мыңға жуық семейліктер қызыға тамашалады. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. * * * ТАРАЗ Қазақтың «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн ырыс кетеді» деген сөзі от басы, ошақ қасындағыларды ғана татулыққа шақырмайды, сонымен бірге, іргелі ел, мәртебелі мемлекетті мекендеген халықты да бейбітшілік пен бірлікке үндейді. Құдайға шүкір, халық даналығына негізделген сарабдал саясат қазақ елінде, міне, жиырма жыл бойы салтанат құрып келеді. Ал 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қазақстандық осы ұлы достықтың ұлағатты үрдісін жер-жаһанға тағы жария етті. Достық демекші, облыс орталығындағы алаңның «Достық» атанып, ал оның төрінде алыс-жақынмен андаласып өткен сақы мінез Бәйдібек ескерткішінің тұруы бірлік пен тірліктің үлгісіндей сезіледі екен. Көп ұзамай берекелі елдің мерекесін ұлықтаған бейбіт шеру де басталған. Ма­мыр мерекесіне сай тотыдай та­ран­ған алаңға «Бірлік», «Достық», «Ын­тымақ», «Мир», «Дружба» деген жақсы сөздермен көмкерілген 20 мотоциклші шықты. Олардан кейін 20 велосипедші сап түзеді Композитор А.Жұбановтың «Ақ көгер­шін» әні әлдилеген ақ көйлекті 20 қыз мың бұралып «Көгер­шіндер» биіне кіріскен. Әне, әннің қайырмасы шырқау биікке көтерілер сәт­те гүлге толы себеттен ақ көгер­шін­дер аспанға самғады. Құс қанат­тарының астында «Жасасын  жасампаз  Қа­зақ­стан!», «Аспанда бейбітшілік көгер­шін­­дері самғай берсін!», «Гүлдене бер, көр­кейе бер, кең байтақ – Қазақстаным!» деген ұрандар саңқылдады... Бейбітшілік, бірлік шеруін тамаша­лауға келген халықты мерекесімен құттықтаған Жамбыл облысының әкімі  Қанат  Бозымбаев тәуелсіздіктің жиыр­ма жылы ішінде тігісі сөгілмеген, тіні ажырамаған осы халық достығын тамаша жеткізе білді. ...Шеруден соң шөл басу үшін Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ­тың қасындағы қымызханаға бас сұқ­қанбыз. Қазақстандағы, оның бір аймағы Жамбыл жеріндегі дос­тықты жария еткісі келгендей, Света атты сары шашты қыз «Қымыз ішесіз бе, әлде шұбат әкелейін бе?» деп қазақша тіл қатты. Бұрын қандай еді!?. Бұдан кейін Елді – Ел деп еміренбеу, сол елді Бірлік пен Тірлікке ұйым­дастырған Ерді – Ер деп тебіренбеу, әй, мүмкін емес-ау!.. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. * * * ТАЛДЫҚОРҒАН Алматы облысы. Ынтымақ пен бірлік мерекесі Талдықорған қаласында жоғары деңгейде, өзгеше сән-салтанатымен өтті.  Жетісудың  жауһар қаласын мекендеген жүздеген ұлт өкілдері  ұлттық киімдерін киіп, ән мен жыр төгіп, шаһарды гүл жайнатып жіберді. Тәуелсіздік көшесімен алаңға беттегендерді әсем гүл көмкерген көкорай шалғынды сайын даламен ғана салыстыруға болатын еді. Мереке Қазақстан халқы Ассамблея­сы құрамындағы этномәдени бірлестіктер өкілдері, халықтық өнер ұжымдары, «Ұла­ғат» ақсақалдар алқасы мүшелері мен жер жәннаты Жетісу өңірінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ұлттар өкіл­дерінің бірлікті ту етіп жатқандығын тағы бір айғақтап, көңіл­дерде орынды мақта­ныш сезімін оятты деуге болады. Орталық алаң көз тартарлықтай безендірілген. Әсіресе, қазақтың қасиетті шаңырағын бейнелейтін көрініс ерекше назар аударарлық. Қасиетті шаңырақ Қазақстан болса, мерекеге бар сән-салтанатымен қатысқан ұлттар өкілдері оған тірек болған уық іспетті. Үй бос­а­ға­сының беріктігі татулыққа байланыс­ты екені даусыз. Тұжырымды дәлел­де­ген­дей, әр ұлттың тіліндегі құттық­таулар шадыман шаттықты шалқытты. Жиналған халықты облыс әкімі Ансар Мұсаханов құттықтап,  шынайы татулық пен бірлікті, ұлтаралық сыйла­сым мен жарасымды ардақ тұтқан көпұлтты мемлекетіміз үшін бұл мейрамның мәні зор екеніне екпін берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты нәтиже­сінде ел экономикасы серпінді даму үс­тінде екендігіне, еліміздің мұндай үлкен жетістікке халықтың бірлігі арқасында қол жеткізілгеніне тоқталды. Құттықтаудан соң шара «Мақсаттар бірлігі – рух бірлігі» атты мерекелік шерумен  жалғасса, ол қызықты концертке ұласып, кешкісін жастардың би кешімен тәмамдалды. Күмісжан БАЙЖАН. * * * ШЫМКЕНТ Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай облыс әкімдігі мен облыс­тық ассамблея хатшылығы ұйымдас­тырған акция “Қазақстанға ыстық ы­қыласпен” деп аталды. Бірлік күніне орай­ласты­рылған шараға шақы­рылған бұрынғы оңтүстікқазақстандықтардың қы­рыққа жуығы келді. Өз тарихи отанына, өзге жерлерге қоныс аударған азаматтардың жүрегінің бір түкпірінде Қазақстанға деген ұлы сағыныш жатыр екен. Бүгінде Мәскеу қаласында тұратын жазушы Анатолий Кимнің туған жері – Түлкібас ауданындағы Сергеевка ауы­лы. “Менің дүниенің төрт бұры­шына жолым түсті. Кедендік рәсімдеуде төл­құжатымды ежіктеп оқып, Қазақстан жайлы сұрар еді. Мен Түлкібаста тудым. Кейін, екі жасқа толғанымда Үш­төбе қаласында тұратын ағайын­дарымызға көшіппіз. Корейлер – еңбек­қор халық. Қиыр Шығыста бау-бақша­сын, егісті алқабының өнімін енді жинап алып жатқан корейлерді 1937 жылы ешқандай жүксіз, мал артатын эше­лондарға тиеп, Қазақстанға жер аударыпты. Ата-анамыз: “Біздің тірі қалуымызға қазақтар себепкер болды. Қолындағы дәмін бөлісті. Жанынан жай берді. Осыны ұмытпаңдар”, деп отыра­тын. Біз мұны ұмыта алмаймыз. Оң­түстіктен шақырту келгенде, ша­руам­ның бәрін жинап тастап, осында асықтым», дейді ол.    Осындай лебіздерді ынты­мақ күні әр ұлт өкілдерінен естідік. Әл-Фараби атындағы алаңға 1 мамыр күні халық көп жиналды. Облыстағы 21 этномәдени бірлестік өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері сән-салтанатымен көпшілік алдынан шеру жасап өтті. Соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Бақтияр ТАЙЖАН.