Анатолий Петрович келер жылы алпыстың асқарына шығады. Ол – осы өңірдің тумасы, 17 жасынан бастап механизатор мамандығын меңгеріп, тракторшы, комбайншы болып еңбек етті. Егіс-дала бригадасына жетекшілік жасап, Жер-ананың қадыр-қасиетін көкейіне түйіп өскен азамат еліміз нарық экономикасына көшкен кезде ауданда алғашқылардың бірі болып шаруа қожалығын құрды. «Жас қанат» шаруа қожалығында бастапқы кезде санаулы мал, бір мыңнан астам гектар егістігі болды. Қолынан іс келетін азамат артынша «Кіші Нарын» қожалығын құрып, оған екі ауылдың тұрғындарын жұмысқа қабылдады. Ежелден қазақтармен тату, ынтымақтағы Анатолий Петровичтің екі қожалығында еңбек ететіндердің көбі жергілікті ұлт өкілдері.
Анатолий Петрович жұбайы Надежда Федоровнамен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін А.Матасов екі бірдей қызын қазақтарға тұрмысқа берді. Анна деген қызы өскемендік Ернар Баянғазинге тұрмысқа шыққан. Одан бір жиендері бар. Құдалары Ербол мен Роза достары арасында сыйлы, қарапайым жандар. Ербол отставкадағы полковник, оның зайыбы Роза орыс тілі мен әдебиетінің маманы, қазір Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде оқытушы.
– Қазақтардың құда-құдағи десе ішкен асын жерге қоятынын бұрыннан білуші едім. Ал Ербол мен Роза біз дегенде көңілдері дархан, кең жайлау. Олар жақында ағасы Социал мен жеңгесі Қарлығашты ертіп келіп, қонақ болып кетті. Күйеу баламыз Ернар Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді, майор, ал қызымыз Анна қазір баласымен үйде. Ал екінші қызымыз Вера да жергілікті жердің тұрғыны Руслан Айдағұлов деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Екінші күйеу балам өзіммен бірге еңбек етіп жүр, – деп Анатолий Петрович ағынан жарылды.
А.Матасовтың екі қожалығында бұл күндері 150 адам жұмыс істейді. Өткен жылы қожалық үш мың гектарға егін егіп, гектарынан 30 центнерге дейін өнім алды. Тіпті бидайдың әр гектарынан 35-40 центнерге дейін өнім жинап, рекорд жасады. Анатолий Петрович техниканы жаңартып, «Беларусь» тракторы, «Енисей» комбайны сияқты 11 техника сатып алыпты. Оны банктерден несиеге емес, «Агроқаржы» фирмасы арқылы лизингке алып, қарызын жауып та үлгерген.
Қазақтың жерінде тұрып, оның салт-дәстүрлеріне, тіпті «мал өсірсең, қой өсір» деген ұлағатты сөзіне ден қойған А.Матасов жібек жүнді солтүстікқазақстандық меринос қойын өсіре бастапты. Бір кездері оның саны төрт мыңнан асқан. Қазір екі мың шамасында екен.
– Сіздерге өтірік болар, ал бізге шын, осынау ет пен жібек жүнді мол беретін меринос қойын өсіруге деген талпыныс күшті болған. Амал не, еңбегіміз еш болуда, сапалы жүннің бір келісі небәрі 180 теңге. Ал бір қойдан бес-алты келі жүн берсек, одан кем дегенде төрт костюм тігуге болады екен. Ал костюміңіздің бағасы қанша екені белгілі. Себебі, сапалы жүннен сапалы киім тігіледі. Мемлекетке рахмет, ірі қара мен қой өсірсең, етін тапсырсаң, субсидия береді, бірақ оның мөлшері мардымсыз, бір келісіне 100 теңге ғана аласыз. Сондықтан алдағы уақытта ауданды былай қойып, облыста осындай қой тұқымын өсіретін бірден-бір шаруашылық басшысы ретінде айтарым, салалық министрліктегі басшылар асыл тұқымды мал өсіретін біздерге назар аударса екен, – деп біраз жайлардан хабардар етті.
Қой фермасына келдік. «Қой қоздап, қорада шу» дегендей, саулықтардың барлығы түлепті. Көк шыға бастағандықтан, бірер отар жайылымдыққа шығып үлгеріпті. Қозылардың біразы қорада, шөп-жем берілуде. Қожалықта 300 ірі қара, 170 жылқы бар. Көмекшісі Оралхан Әлімбаев, зоотехник Мұхтархан Әлібаев Анатолий Матасовтың оң қолы. Ал күйеу баласы, механизатор Руслан Айдағұлов, комбайншы Сергей Матасов, электрмен дәнекерлеуші Юрий Марилов, комбайншы Ринат Бозашев өздеріне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын пысық азаматтар екені байқалады.
Қожалық төрағасын толғандыратын мәселелер аз емес. Соның бірі, соңғы бірер жылда техника мен қосалқы бөлшектердің адам нанғысыз қымбаттауы көрінеді. Шынында да, алаңдауға тұрарлық жәйт. Мәселен, бір келі электрот қазір 400 теңгеден 1700 теңгеге бір-ақ секірген. «Нива» комбайны былтырлар 4 миллион 300 мың теңге тұрса, қазір 11 миллионға шарықтап кеткен «МТЗ-80» тракторы тіпті 3 миллион теңгеден асып түседі. Ал бұрынғы бағасы 9100 АҚШ доллары болыпты. «КамАЗ» мәшинесінің бір доңғалағы 5 мың теңгеден 14 есе өсіп, 70 мың теңгеге жеткен. «Сонда қожалықтар қалай өмір сүруі тиіс, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтың» кері келді ме, жоғары жақтағылар баға саясатын реттеп отыруы керек емес пе? Қаржы дағдарысы дегенді сылтау етіп, біз де өсірген бидай мен астықтың бағасын аспандатып отырсақ, елге не бетімізбен қараймыз», деп қожалық төрағасы А.Матасов өзін толғандырған ойын ортаға салды. Шынында да, ойланатын мәселе!
Облыс әкімі Б.Сапарбаев осыдан екі жыл бұрын «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бұрындары сутегінге жекешеленіп кеткен балабақша, клубтарды кері қайтару жөнінде бастама көтергені белгілі. А.Матасов екі бірдей үлкен ғимарат – балабақша мен мәдениет үйін тегін қайтарды. Қазір мәдениет үйінің іші кірсе шыққысыз, ал балабақшада елу бала тәрбиеленіп жатыр. Оның тағы бір азаматтығына еріксіз сүйсінесіз. «Өзінде еңбек ететіндерге 620 грамдық нанның бір бөлкесін небәрі 25 теңгеден сатады, сонда бір жылда 3 миллион теңге өз қалтасынан шығады. Сондай-ақ, көмір, шөпті де екі есе арзан бағаға береді. Жұбайы Надежда Федоровна ұстайтын дүкенде де азық-түлік бағасы арзан», дейді Катонқарағай ауданының әкімі Арман Бекбосынов ризашылықпен.
Қазақтармен құдандалы, бір өзінде бірнеше ұлттың қаны бар (өзі айтады) Анатолий Петрович «Құрмет» орденінің иегері, «Катоқарағай ауданының құрметті азаматы».
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.
____________________
Суретте: А.МАТАСОВ пен ауыл әкімі Бердібек Ережепов.