07 Мамыр, 2011

Достық – тұрақтылықтың алтын арқауы

555 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстанды мекендеген ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігіне қазір әлем елдері  қызыға да қызғана қарайтыны шындық. Оның да реті бар. Еліміздегі ынтымақ пен татулық экономикалық даму мен саяси тұрақтылықтың кепілі екенін Қазақстанды мекендеген жүзден астам ұлттар мен ұлыстар өкілдері айқын сезініп келеді. Рас, өткенге көз жіберсек, әзірбайжан халқының да талай теперішті бастан өткергені тарихтан белгілі. Соның ішінде  1932-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүр­гіннің орны ерекше. Басқасын былай қой­ған­да, тек 1937 жылдың өзінде  Әзірбай­жанда 29 мың кінәсіз адам атылған екен. Біздің ұлт Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшы­рағандардың алдыңғы қатарында бол­ды. Дерек көздерінен белгілі болға­нын­дай,  қуғын-сүргін жылдары Қазақ­станда 150 мың әзірбайжан қаза  болған екен. Соның 28 мыңы тергеу-тексерусіз атылып кете барған. Қалғандары әр түрлі мерзімге сотталған. Шыны керек, сол ауыр жыл­дары қонақжай қазақ  халқының қайы­рым­дылығы арқасында он мыңдаған әзір­байжан тірі қалды.  Қазақ халқы жарты нанын бөліп, төрлерінен орын берді. Бұл ешқашан ұмытылмақ емес. Соғыстан кейінгі халық шаруашы­лы­ғын қалпына келтіру,  тың игеру жыл­да­рында да әзірбайжандар қазақ жеріне көп­теп келді. Олар халық шаруа­шылығының алуан саласында  Қазақстанды мекендеген  басқа да ұлттармен, соның ішінде, бауыр­мал қазақтармен қоян-қолтық еңбек етіп, біте қайнасып кетті. Көптеген әзірбайжан осы жерұйық мекенде тұрақтап қалып, тамырын тереңге жайды десем артық болмас. Қазақтан қыз алып, қыз берісіп, құ­дан­далы-жекжат болып кеткендері қан­шама. Әріден қозғасақ,  екі халықтың тілінде, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында, мәдение­тін­де, дінінде ұқсастық бар. Статисти­ка­лық деректер бойынша, облыста қазір 1 мыңнан астам әзірбайжан тұрады екен. Әрине, бұған кешегі кеңестік жүйенің ыдырауы да себеп болғаны рас. Бірқатар әзірбайжан атамекеніне оралды. Олардың ішінде  білікті геологтар А.Халимов, Н.Ис­майылов, ІІМ ардагерлері Ш.Абдрахманов, З.Мамедов, прокуратура қызметкері Ю.Жавадов, дәрігер Э.Қа­сымов және басқалары бар. Олардың қай-қайсының да осы жерде ат жалын тартып мініп, азамат болғаны, кәсіби шеберліктерін шыңдағаны үшін қазақ халқына деген риза­шылығы шексіз. Қазақтай бауырмал халық жоқ екенін өздері де мойындап кетті. Қазір де облыста тұрып жатқан әзір­бай­жандардың жас ұрпағы тәуелсіз Қазақ­станның экономикалық дамуы, саяси тұ­рақ­тылығы жолында еңбек етіп, оқып өз үлестерін қосуда. Мұның өзі  Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың сара саясаты мен кө­регендігінің нәтижесі екені сөзсіз.  Қазақ­стандықтардың татулығы мен бірлігін қа­лыптастыруда Елбасы қыруар шаруа тын­дырып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы­ның бастамасымен дүниеге келген Қазақ­стан халқы Ассамблеясы ұлтаралық қаты­нас­ты нығайтудың таптырмас құрылымы болға­ны­на, өзара бірлік пен ынтымақты  қалып­тастырудың бірегей тетігі екеніне қазір көзіміз анық жетіп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар  барлық ұлттардың мүддесін қор­ғайды. Ассамблеяның жақында Астанада өткен  «Тәуелсіз Қазақстан: Бейбітші­лік­тің, келісімнің және жасампаздықтың 20 жылы» атты XVІІ сессиясы өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тұратын этностардың тілі мен мәдениетін сақтауға, дамытуға жан-жақты жағдай туғызылып отырғанын айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ерекше назар аударды. Еліміздің өркендеуі үшін өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, жастардың мемлекеттік тілді меңгеруі қажеттігіне тоқталды. Бұл барлығымызға қатысты шаруа екенін ескеруіміз қерек. Біздің  этномәдени бірлестіктің міндеттері мен мақсаттары  облыстағы тату­лық пен бірлікті сақтауға, әзірбай­жандардың құқықтары мен мүддесін қорғауға, адамгершілік қағидаттарына, қазақстандық патриотизмді қалыптас­тыруға негізделген. Орталық жұмысына тәлімгерлер А.Гасанов, Ш.Умудов, Г.Мамедов, Д.Лалакишиев, В.Аллахбердиев және басқалары белсене қатысады. Олардың бәрі жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге тұрақты атса­лысады. Облыста этностардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін дамытуға барлық жағдай жасалып отыр. Қазір  облыс  орталығында ашылған Достық үйінде он сегіз этно­мә­дени бірлестік жұмыс істейді. Біздің орта­лықта да өзара ыңтымақ пен бірлікті қа­лып­тас­тыру, салт-дәстүр, мәде­ниетімізді ұстану бағытында біраз жұмыс­тар жасалуда. Орта­лық жанында би топ­тары жұмыс істейді. Әншілеріміз облыста өткізілетін мәдени-көпшілік шараларда әзірбайжан, қазақ және басқа тілдерде ән шырқап, би билейді. Көр­кем­өнер­паз­дарымыз барлық қалалық мерекелер мен шараларға белсене қатысады. Көп­теген байқауларда жүлделі орындарды иеленіп жүргендері де бар. 2008 жылы мұн­да жексенбілік мектеп ашыл­ды. Қазір Қазақ­стан халқы Ас­самблеясы облыстық хатшы­лы­ғы­ның және облыстық тілдерді дамыту басқармасының көмегімен жастар ана тілін және мемлекеттік тілді, сондай-ақ Әзірбай­жанның тарихы мен географиясын оқып үйренеді. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов жыл сайын этномәдени бірлестіктерге 75 мың теңге көлемінде грант беруі дәстүрге айналды. Өңір басшысы бірлестіктер жұмы­сын ұда­йы назарда ұстап, шешуін күткен мәсе­лелерге сергектік танытып отырады. Мен кеңес армиясы қатарындағы әскери міндетімді аяқтаған соң Ақтөбеде қалдым. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірдім, осында еңбек еттім. Болашақ жарым қазақ қызы Света Мұрынованы да осында кездестіріп,  үйлендім. Зайыбым Света екеуміз қырық жылға жуық отбасылық өмірімізде төрт бала өсіріп, тәрбиеледік. Шүкір, қазір жеті немереміздің қызығына бөленудеміз. Мені қазақтардың үлкендері күйеу бала деп құрметтесе, кішілері жезде деп әзіл жарастырып жатады. Біз үйде әзірбайжан, қазақ және орыс тілінде еркін сөйлесеміз. Әзірбайжан мен қазақтың  салт-дәстүрін тең ұстана береміз. Бізге қай-қайсының да жаттығы жоқ. Ата-енемді етене жақсы көр­дім, қолдарына су құйдым. Өз қолым­мен ақтық сапарға шығарып салып, баталарын алғаныма ризамын. Қазіргі бақуатты тұрмы­сымыз солардың ізгі ниеті, игі тілегінің нәтижесі  болар деп те ойлаймын. Қазақстанның экономикалық дамудағы ғана емес, қоғамдық-саяси ықпалдасудағы сәтті қадамдарына дамыған елдердің өзі сүйсініп отырғаны да шындық. Әртүрлі саяси мәселелерге өзіндік ұстанымын білдіріп, керек жерінде түйінді жәйттерді тарқатуға атсалысып жүрген Қазақ­стан­ның Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтас­тық ұйы­мына төрағалық етуі, ұйымның жаңа мың­жы­лдықтағы, ХХІ ғасырдағы алғашқы Сам­митінің Астанада өтуі еліміздің әлем алдын­дағы беделін тағы бір көтеріп тастады. Біз осындай бейбіт және тату елде тұрып жатқанымызды мақтаныш тұтамыз. Қазақ­станда барлық ұлттар нақты  қам­қор­лықты айқын сезініп отыр. Бұл Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлының көсемдігі мен көре­ген саясатының нәтижесі деп білемін. Сондық­тан да болар, Елбасы биылғы президенттік сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетті. Мұның өзі біздің әрқай­сы­мыздан еліміз үшін игілікті істерге ұйытқы болуды талап етеді. Біз де бар мүмкін­дігімізді пайдала­нып, Елбасы алға қойған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру­ға үлес қосамыз, елдің дамуына қызмет етеміз. Біздің тәуел­сіздігіміздің тарихы – бұл барлық этностар достығының жыл­на­масы іспетті. Біз осы жылдарда бұрын­ғыдан да ынтымақтасып, татулық тінін бекіте түстік десем, артық айтқандық болмас. Соның нәтижесінде әуелі экономика, содан кейін барып саясат деген Елбасы қағидасының жүзеге асуына қол жеткіздік. Осындай бірлік пен береке ғана бізді биіктерге бастай бермек. Шахбаз ЖАМАЛОВ, «Әзірбайжандар ассоциациясы» РҚБ Ақтөбе қалалық филиалы кеңесінің төрағасы. Ақтөбе облысы.