Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның мәжілісі өтті.
Отырысты ашқан комиссия төрағасы өз сөзінде «Болашақ» президенттік бағдарламасының көп жылдан бері тәуелсіз Қазақстанға қажетті халықаралық деңгейдегі мамандардың алғашқы буынын дайындауда маңызды міндеттер атқарғанын атап өтті. «Бүгінде Мемлекет басшысының отандық білімнің сапасы мен деңгейін арттыру бағытындағы саясатының арқасында, әсіресе, «Назарбаев Университетінің» ашылуына байланысты «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде бакалаврларды оқыту тоқтатылып, негізгі назар магистрлер мен PhD докторларын даярлауға бағытталатын болады. Бұл тапсырманы Елбасы жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бергені белгілі. Осыған байланысты біз «Болашақ» бағдарламасының 2011-2015 жылдарға арналған даму жоспарын бекітуіміз қажет»,– деді Қанат Саудабаев.
Оның айтуынша, мұндағы басты мақсат – ауқымды мемлекеттік даму бағдарламалары бойынша кадрлық қажеттілікті анықтау, мамандарды мақсатты түрде оқыту және даярланған мамандарды жұмысқа орналастыру. Тағы бір атап өтерлігі, ендігі кезекте мамандардың шетелдердің белді оқу орындарында тәжірибеден өтуі үшін бөлінетін орындардың саны артатын болады.
Бұл күнгі комиссия отырысы аясында магистратура, PhD докторантура бағдарламалары бойынша шетелдердің жетекші оқу орындарында оқу, сондай-ақ, ғылыми тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» президенттік стипендиясын алу құқығына ие үміткерлер санаты анықталды. Бұған қоса, 2011 жылда басымдыққа ие мамандықтардың тізбесі бекітілді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.