13 Мамыр, 2011

Алматы – келешегі кемел қала

454 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Осыдан дәл екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының экономикалық-әлеуметтік тұрғыда өсіп, өркендеуіне байланысты есебін тыңдаған болатын. Ол – Ақ Азиаданы қабылдауға қарбалас дайындықтар жүргізіп жатқан кез. Тарихи спорт додасы да өтті. Одан да бөлек айтулы шаралар бір ғана жылдың ішінде шежіреге айна­лып шыға келді. Алайда, мегаполис қалаға артылатын жауапкершілік мұнымен толастамайды. Алматыда алаңда­та­тын, ойласатын, талап етілетін жағдайлар да жеткілікті. Елбасы 7-ші Қысқы Азия ойындарын Алматының абырой­мен атқарып салғанын, мемлекет тарапынан бөлінген қаражат ха­лық­тың игілігіне жұмсалып, кө­ше­лер жөнделіп, көліктер қозға­лы­сы реттеліп, жаңа спорттық нысандар бой көтергенін айта келе, осы істерді де қорытынды­лайтын кез келгенін атап көр­сетті. – Астаналық мәртебесінен айы­рылғанымен, Алматының мә­ні де, маңызы да, барлық жағдайы да еліміз үшін өте жоғары. Сон­дық­тан мен Алматының ахуалына жан-жақты қарап отырамын. Мем­лекеттік бюджетке түсетін салықтың да ең елеулі бөлігін Алматы береді. Бюджеттік түсімі жағынан Алматы – Орталық Азия қалаларының ішіндегі ең ірісі. Шаһар мемлекеттік бюджет кірісінің ширек бөлігін береді. Оның өсуі, өнуі ғылымға да, инновацияға да, экономикаға да өте қажет, – деді Елбасы Алматы ак­тивімен өткізген жиын бары­сында. Мемлекет басшысының ай­ту­ын­ша, Алматы ішкі өнімінің кө­ле­мі жағынан Орталық Азия ғана емес, Ресейдің кейбір аймақ­та­рын да басып озады. Мәселен, Таш­кенттен 4,5 есе, Новосібірден 1,5 есе, Омбы облысынан 2 есе жоғары. Алматыда жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 19 мың долларды құрайды. Бұл Оң­түстік Корея мен Орталық Еуропа елдері деңгейімен бірдей. Ха­лықтың еңбекақысы соңғы 10 жылда 5 есе өсіп, өмір сүру жасы 3 жылға ұзарды. Нәрестелердің тууы 2 есе көбейген. Сарап­шы­лардың айтуынша, қала Детройт, Эдинбург, Манчестер, Санкт-Петербург, Дакар сияқты жа­һан­дық қалалардың қатарына еніп, әлемдік экономиканың орталығы болып отыр. Елбасы Алматы қай кезде де жастар қаласы болып келгенін қаперге сала келіп: – Өткен президенттік сайлауда Алматы халқы, әсіресе, жастар үлкен белсенділік танытты. Ал­ма­ты – жастардың шоғырланған жері. Мұнда студенттер көп. Өткен сайлаудағы белсенділігі үшін барлық алматылықтарға өз ризашылығымды білдіріп, рахметімді айтамын. Қазір бәрімізге сондай ұйымшылдық пен бірлік керек, – деді. Елбасы алқалы жиында Алматының еліміздегі ең ірі қала екенін қайталай отырып, оның өсіп-өркендеуі күллі Қазақстан­ның дамуына үлкен ықпал ететінін жеткізді. Сондықтан бүгінгі басқосуда да қаланың әлеуметтік-экономикалық даму болашағы мен оны туристік ірі орталыққа ай­налдырудың келешегіне ерекше қызығушылық білдіріп отыр­ғанын айтты. Мәселен, былтыр 7-ші Қысқы Азия ойындарын өт­кізуге 40 миллиард теңге бөлін­ген еді. Енді жаңадан салынған және жөндеуден өткен спорт ны­сандары бұдан әрі де ел игілігіне қызмет етуі керек. – Алматыда қазіргі заманғы ин­фрақұрылымның барлық эле­мент­тері жасалды. Алматыда ин­дус­трияландыру бағдарламасы бел­сенді түрде жүзеге асы­ры­луда, – деді осы орайда Мемлекет бас­шысы. – Алматыда 2010 жылы 37 миллиард теңгенің өнер­кәсіп тау­ар­лары өндіріліп, өңдеу өнер­кә­сібіндегі өсім 40 пайызды құра­ды. Бұл – маңызды көрсеткіш. Ғылымды дамыту өз нәтижесін беруде. Президенттің айтуынша, ша­ғын және орта бизнес саласында да жағымды көрсеткіштер бар. Бұл салада 350 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Алайда, бұған тоқмейілсуге бол­майды. Алда әлі де атқарылатын жұмыстар ауқымды. Жергілікті атқарушы орындар мен тұрғын­дар­дың өзара ықпалдастық әре­кеттестігін одан ары тереңдетудің маңызы өте зор. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматы дегенде алдымен ауызға түсетін соңғы табыстарды қысқа қоры­тын­далай келе, бірінші кезекте өзін қаланың экологиясы, Алма­ты облысымен қоса алғанда туризмді толайым дамыту мәселесі қызықтыратынын және осы өңір­дің сейсмикалық ахуалы алаңда­та­тынын айтып, сөз кезегін қала басшысына берді. – Сіздің қатысуыңызбен Ал­ма­ты қаласының әлеуметтік-эко­номикалық дамуына арналған мұн­дай жиын бұдан 2 жыл бұрын өткен болатын. Онда берілген бар­лық тапсырмаларыңыз түгел орындалып, бөлінген қаржы то­лық игерілді. Бүкіл еліміздегі орта және шағын бизнестегі өнер­кәсіп өндірісінің 27 пайызы біз­дің қалаға тиесілі. Негізгі капи­тал­дағы инвестиция көлемі 21 пайызға ұлғайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 10 пай­ызға артты. Екінші деңгейлі банк­тердің несие беруі 41 пайыз­ға өсіп, 600 миллиард теңгеден асты, – деді Ахметжан Сма­ғұлұлы. Алматы – құрылысы қар­қын­ды жүріп тұрған қала. Тұрғын үйлердің қымбаттығы жағынан да ол алдына басқаны салған емес. Бірақ, осыған қарамай, ша­һарда құрылыс жұмыстары тоқ­тау­сыз жүріп жатыр. Тек өткен жылы 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5 мыңға жуық үлескер қоныс тойын тойлады. Сол сияқ­ты халықтың игілігіне мектептер, балабақшалар, емханалар мен ауруханалар берілді. Қала басшысының айтуынша, алғашқы тоқсанда Алматыда инфляция деңгейі 3,5 пайызды құ­раған. Инфляция деңгейін ұстап тұруда бірқатар шаралар жүргі­зіл­ген. Атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан об­лыстарымен тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастыру туралы меморандумдар жасал­ған. Сондай-ақ ауыл шаруа­шы­лығы тауарларын жеткізу жө­нін­де көршілес Қырғызстанмен және Өзбекстанмен келіссөздер жүргізілген. – Жұмыспен қамту орталы­ғы­на алғашқы тоқсанда 2300 адам хабарласты. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Эко­но­ми­калық белсенді халыққа шақ­қан­да тіркелген жұмыссыздық көлемі 0,3 пайыз. Бұл бүкіл қала та­рихындағы ең төменгі көрсет­кіш, – деді Ахметжан Есімов. Қала тіршілігіндегі барлық са­лаға қатысты түйінді есеп берген қала әкімі Алматыда эконо­ми­каның үдемелі дамуын қамта­ма­сыз етуде 3 басым бағыт ай­қындалғанын мәлімдеді. Өнді­ріс­те Алматы қаласының үлесі Қа­зақстанның ішкі жалпы өнімінде 20 пайызға жуық. Қалаға қандай жауапкершілік жүктелетінін ай­қын түсінеміз, деген қала әкімі­нің сөзіне қарағанда, шаһар бой­ынша экономиканың үдемелі да­муын қамтамасыз етуде аймақ­тық ерекшелігі мен әлеуметтік мүмкіндіктерін ескере отырып 3 басым бағыт айқындалған: біріншісі – Алатау ауданында 90 гектар алқапта индустриялық ай­мақ­ты дамыту; екіншісі – Алматы өңірінде туризмді, әсіресе тау шаң­ғысы спортын дамыту; үшіншісі – қаланың барлық көлік жүйесін кешенді дамыту. Қала әкімінің айтуынша, Алатау ауданындағы өнеркәсіптік ай­мақ­та 110 өнеркәсіптік және ком­муналдық кәсіпорындарды орна­лас­тыру жоспарлануда. 7-ші Қыс­қы Азия ойындары кезінде ха­лықаралық деңгейде шаңғымен тұ­ғырдан секіру кешені салынып, «Медеу» мұз айдыны жаңар­ты­лып, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты жетілдірілді. Ондағы трассалар әлемдік стандарттарға толық сәйкес келеді. Тау шаң­ғы­сы курортын дамыту жобасын одан ары жүзеге асыру туризм саласының ІЖӨ-дегі үлесін 10 пайызға дейін ұлғайтуға мүм­кін­дік береді. Ал үшінші бағыттағы жұмыстар көлік жүйесін ғана емес, қаладағы экологиялық мә­се­лелерді шешуге оң ықпалын тигізбек. Қазіргі таңда муници­пал­ды автобус паркі жұмыс жасау­да. Еуропа Қайта құру және даму банкінің кредиті есебінен 200 автобус газ отынына көшірілді. Жыл соңына дейін аталмыш банк­тің кредитіне қазіргі заманғы 200 троллейбус алынбақ. Сондай-ақ қоғамдық көлікті газға ауыс­тыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалай десек те, географиялық орналасу жағдайына, антрополо­гия­лық факторларға қатысты түтінге тұншыққан Алматының ауасы қай кезде де көкейкесті мә­селелер қатарында болып келген. Қала тұрғындары денсаулығынан кері көрініс таба бастаған өзекті мәселені шешу жолында бұл қалада қолға алынған жобалар аз емес. Осыған орай қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов­тың қаланың экологиялық ахуа­лына қатысты ақпарлары оптимистік тұрғыда өрбіді. Оның мәлімдеуінше, Алматы 2012 жылға қарай толық газ­дан­ды­рылып бітеді. Ал ТЭЦ-2 заманауи шаң таза­лай­тын құрыл­ғы­лармен жаб­дықталатын бо­лады. Биылғы жылдың өзінде 18 шақырымға жуық өзен жа­ға­лаулары мен су қоймалары жөнделмек. Әуежай мен Сайран көлі инвесторлар есебінен ретке кел­тірілмек. 60,6 шақырым бо­латын арық­тар мен жаң­быр суы жү­ре­тін кана­ли­за­ция­­лардың құ­рылысы мен олар­ды жөндеу жұмыстары қол­ға алынғалы отыр. Өйткені, жиі жаңбыр жау­а­тын қалада қас пен көздің арасында қала көшелерінде көзі бітелген арық­тардан кө­л­шіктер пайда болып, көшенің келесі бетіне өт­кел бермей тұ­рып алатыны да жасырын емес. Ең бастысы – халқы күн сай­ын көбейіп келе жатқан қа­ланың тұр­мыс­тық қалдық­тар­ды өңдеу үшін Іле ауданында көлемі 245 гек­тарлық полигон салынбақ. Оның айнала­сы­на жасыл желектер отырғызылады. Шор­манов­тың айтуына қарағанда, қаладағы 1 300 000 ағаштың 40 мыңға жу­ы­­ғы кесіп тастауды қажет етеді. Оның ішінде қала тұрғындарына қауіп төндіріп тұрған 4 мыңдай кәрі ағаш биыл қопарылып тас­талмақ. Оның орнына 27 мың түп жас көшет отырғызылып, аумағы 180 мың шаршы метрден астам гүлзарлар қалалықтардың көз қуанышына айналады. Өз кезегі келгенде Алматы қа­ласы ішкі істер департаментінің бастығы Ерлан Тұрғымбаев өт­кен жылдың осы кезеңімен са­лыстырғанда қылмыстық әрекет­тер 7,4 пайызға ұлғайғанын алға тартты. Бұл – қылмыс көбейді деген сөз емес. Мұның мәні жаңа жүйенің енгізілуіне қатысты бо­лып табылады. Қылмыстық оқи­ға­лар мен әрекеттер туралы хабарламалар мен өтінімдерді элек­трондық әдіспен тіркеу, құқық қорғау қызметкер­лері­нің сыртта жүр­гізген белсенді әре­кет­те­рі осын­дай келеңсіз істердің бетін көптеп ашуға себін тигізген. Қысқасы, Елбасына заңға қайшы әрекеттерді ашуда жаңа жүйе нәтиже бере бастағаны мәлім­делді. Мұнан да бөлек, полиция генерал-майоры құқық қорғау қызметкерлері пәтер тонаумен, ұрлық-қарлықпен, әлімжеттікпен, ұйымдасқан қылмыспен, көлік ұрлаумен, есірткі сатумен айна­лы­сып келген 94 қылмыстық топты қолға түсіргенін мәлімдеді. Осы уақытқа дейін Алматыға қатысты дәстүрлі түрде талқы­на­лып келген тақырыптардың біріне ресми түрде қаланың сейс­мо­логиялық жағдайы да қосылып отыр. Жуырда ғана қалалық­тар­ды жылы төсегінен жұлып алып, тәулік бойы сыртта сенделтіп қой­ған жер сілкінісі бұл мәселеге жүрдім-бардым қарауға болмай­ты­нын кезекті рет еске салып кетті. «Сейсмология институты» ЖШС дейтін дүдәмал атауға ие мекеменің директоры Таңатқан Абағанов Алматы қаласының қазіргі сейсмикалық картасы 1983 жылы жасалғанын және оның мүлде кәдеге жарамай қал­ғанын айтады. Есесіне осы ара­лықта шаһар екі есе ұлғайды. Ал жаңа қаланың тектоникалық жа­ры­луға бейім аумақтарының ендіктері, жарылуға бейім жер­лер­дің айналасындағы нысандарға әсері жайлы маңызды сипаттамалар жөніндегі мәліметтер жоқтың қасы. Дегенмен, маманның мә­лім­деуінше, жаңа сейсмикалық картаны жасауға әлі де кеш емес. Өйткені, таяу болашақта Жетісу өңірінде күші 7 баллдан жоғары жер сілкінісі болмайтын көрінеді. Міне, үлкен шаһардың жай-күйі талқыланған алқалы жиынға қатысты әңгіменің бір парасы осындай. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.