Елбасының Жолдауында атап көрсетілген азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырмасы өңірде ұтымды қолға алынған. Оны Қапшағай қаласының шығысындағы бел-белесті тегістеп, жылыжай салуға кіріскен техникалардың қимылынан көруге болады.
Жаңа технологияға сай жалпы аумағы 5,1 гектар жерге ірі нысан тұрғызуды жоспарлағандар оның көлемін 20 гектарға дейін арттыруды мақсат етуде. Жоба мақсаты – жыл бойы тұтынушыларды экологиялық жағынан таза көкөніс өнімдерімен қамту, қызанақ шырыны мен қиярдың және түрлі салаттардың аудандастырылған нидерландылық «De Ruiter Seeds» гендік таза табиғи түрін өсіру, жылыжайда еңбек ететін кәсіби мамандар қатарын толықтыру.
Қапшағайдағы осы жұмыстармен танысу үшін Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өткен бейсенбіде осы істі бастаған ЖШС басшысы Алмас Дәуітовтен өндірістің дамуына қатысты мәселелерді ортаға салды. Серіктестік жылдың төрт мезгілінде күн сәулесі молынан түсетін оңтайлы осы мекенді таңдағаны әрі үлкен мегаполис қалаға өнімді тасымалдауға қолайлы екендігін сөз етті.
Жылыжайда қала базарларына жөнелтетін көкөніс көлемі – жылына 1400 тонна томат, 2700 тонна қияр және 100 тонна салат өнімдері тұтынушылардың жоғары талғамынан шығатынына күмән жоқ. Серіктестіктің Алматы базарларындағы үлесін тоғыз пайызға жеткізу де алдағы басты міндет ретінде қаралуда. Аталған жобаға 2 млрд. 411 млн. 489 мың теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде серіктестіктің өз қаржысы 361 млн. 723 мың теңгені құраса, 2 млрд. 289 млн. 400 мың теңге Қазагроқаржы арқылы қаржыландырылады.
Жылыжайдың жеке метеостансасы жабдықталып, электронды-климатты бақылау автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істемекші. Жылыжайдың ішкі аумағын жылыту мен салқындату да осы тәсілмен жүзеге аспақ. Өнімді өсіру барысында тыңайтқыш пен минералдар да автоматты түрде енгізіліп, тамшылата суару әдісімен жалғасады. Өнімді сақтауға жоғары қысыммен тұман туындату жүйесі қолданылады деп жоспарланған. Іргелі істердің барлығына қажетті құрал-жабдықтарды Нидерландының «DALSEM» компаниясы жеткізген.
Министр Шеңгелді алабындағы егістік алқаптарын аралап, тамшылата суару тәсілінің нақты нәтижелерімен танысты. Содан соң «Нұр Агро» және «Жетісу Агро» серіктестерінде болып, өндірістің бүгінгі бағытын бағалады.
Облыста ауыл шаруашылығы әлеуетінің жоғары екендігі белгілі. Оның үстіне аймақтың ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысы жыл сайын арта түсуде. Шеңгелдідегі көкөніс сақтайтын қойманың тиімділігін пайдалану негізінде алдағы кезде шырын өндіретін зауыт салынатынын да айтқан жөн.
Халықты таза азық-түлікпен қамту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Әсіресе, егістік алқаптарының тиімділігіне қол жеткізу қолға алынғаны қуантады. Өйткені, елімізде пайдаланылмай жатқан егістік жерлердің, әсіресе суармалы алқаптардың жеткілікті екені жасырын емес. Шаруалар алған жерлерін өңдеп, ел игілігіне ұсынса, құба-құп. Оған осы жолғы жұмыс барысында көз жетті.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы .