Қазақтың қыран қанаты талатын сайын даласы жайқала өскен өсімдік атаулыға ғана емес, сол даланы емін-еркін кезетін тұяқты жануарларға да өлшеусіз бай. Құмды жердің үстінен желдей есетін тұяқтылардың ішінде киік тұқымдас жануарлардың алатын орны бір төбе десек, қателеспеспіз. Ал еліміздің оңтүстігі мен батыстағы Маңғышлақ жартыаралына дейінгі аймақты мекен ететін қарақұйрық – басқа дала еркелерінен өзінің түр-сипатының көркемдігімен ерекшеленетінін көбіміз біле бермесек те, табиғаттың тылсым сиқырымен жаны үйлесімділік табатын кез келген қазақ баласы бұған сөзсіз қанық болар.
Ақбөкеннің шағындау тұрқына келетін қарақұйрықтың аты айтып тұрғандай құйрығы қара, бауыры мен төрт аяғы ақшыл келеді. Әр дала қожайындарының өз ерекшелігі бар десек, біз сөз етіп отырған тұяқты жануардың бір ерекшелігі – суға төзімділігі. Табиғат-ана оны шөлге соншалықты шыдамды етіп жаратыпты. Шөптің ылғалымен, ал жаңбыр жауса, соның суын ішіп жүре беретін қарақұйрықтың табиғат тылсымына етенелігі осыдан-ақ байқалатындай. Бүгінде Алдыңғы, Орта және Орталық Азия өңірінде кеңінен таралған бұл дала еркесі ТМД кеңістігі бойынша тек Қазақстанда ғана емес, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан аймақтарында да тіршілік етеді. Алайда, осы бір әсем де бағалы киік тұқымдас жануарға кезінде аңшылық мылтықтың толассыз кезенуі олардың қынаша қырылуына әкеліп соққанын көпшілік біле бермес. Мәселен, 20-ғасырдың ортасына дейін Қазақстанның жартылай шөлейт және шөлейт жерлерін мекендеген, Каспий теңізі мен Іле ойпатына дейінгі тұтас ареалды жайлаған қарақұйрықтың жалпы саны 200 мыңға жетіп жығылыпты. Кейін Маңғышлақ жартыаралы мен Үстіртті қарқынды өнеркәсіптік тұрғыда игерудің салдарынан бұл тұяқты жануарлардың саны күрт азаяды. Сауыры күнге шағылысқан дала еркесінің сайда саны, құмда ізі жоғалуға айналғандықтан, 1951 жыл қарақұйрыққа аңшылық құрықтың салынуына заң жүзінде тыйым салынған жыл ретінде тарих парағына енгізілген. Десек те, табиғаттың көркем келбетпен жаратқан тұяқты жануарына сұғын қадаған аңшылардың кері әрекеті оның 1978 жылы Қызыл кітапқа енгізілуіне бірден-бір себеп болады.
Ал бүгінде бұл дала еркесін қаншалықты қорғап жүрміз? Мұндай сауалдың туындауына дала жануарына бағытталған сыртқы күштердің күшеюі себеп болып отыр. Жабайы табиғат түрлерінің халықаралық саудасы өте «тартымды бизнеске» айналғаны қашан?! Оның тартымдылығы алуан түрлі флора мен фаунаның басым бөлігінің көптеп тартылатындығынан. Яғни, бизнестің осы бір түрі әлемде жабайы флора мен фаунаның көптеген түрлерінің жоғалып кетуі мен олардың мекен ету аумағының тарылуына әсер ететін маңызды факторлардың біріне айналып үлгерді.
Дүние жүзінің 160-тан астам елінің жануарлары мен өсімдік әлемін сақтау мақсатында Құрып кету қаупі бар табиғи фауна және флора түрлерінің халықаралық саудасы жөніндегі конвенцияға (СИТЕС) қол қойылу тамырын да осындай қажеттілікпен байланыстырып, тарқатқанымыз дұрыс. СИТЕС Конвенциясы негізінен жер бетінен құрып кетуге шақ қалған түрлерді саудалау мен басқа да жануарлар саудасының тиімді жүйесін белгілеуге бағытталған. Бұл Конвенция экспорттаушы елдер мен импорттаушы елдерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Қазақстан СИТЕС-ке 2000 жылдан бері мүше. Ел аумағына түз жануарларының заңсыз келуі мен Қазақстан аймағынан тыс жерлерге жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлерінің заңсыз шығарылуына шектеу қою, осы үдерісті оңтайлы бағытқа бұру үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігімен арнайы ережелер бекітілген. Бұл ережелер Қоршаған ортаны қорғау, Білім және ғылым министрліктерімен және Кедендік бақылау агенттігімен келісілген.
Десек те, Қазақстан фаунасының тек 110 түрі ғана СИТЕС Конвенциясының қосымшасына енгізіліпті. СИТЕС жоғалып кету қаупі төніп тұрған жануарлар саудасы мәселелерінде айрықша рөл атқаратын бірден-бір құжат. Алайда, құжатта көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру оған мүше тараптар үшін ғана емес, жалпы халықаралық қоғамдастық үшін де көптеген қиындықтар тудыруда. Әрине, Конвенцияның пәрменімен өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрлерінің заңсыз саудалануына тосқауыл қойылғанын айтқанымыз жөн. Бұл тиісінше, олардың санының сақталуына әсер еткенін де жасырмаймыз. Мәселен, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-нің мәліметтеріне сенсек, 2005-2010 жылдар аралығында еліміздің барлық аумағындағы қарақұйрықтардың жалпы саны 12150-ден 16200 басқа жете жығылыпты. Алайда, бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш пе?! Жоқ. Себебі, бұл осы бір тұяқты жануар санының көбейгенін білдірмейді. Кепіл де бола алмайды. «Жоғары көрсеткішті деңгеймен» салыстырғанда аз ғана көрсеткіш екенін де мойындауымыз керек. Бұл ретте қарақұйрықты қорғап, олардың санын соншалықты көбейткенімен, соған сәйкес қиындықтар мен кедергілердің туындайтынын да ұмытпауымыз керек. Бір ғана мысал. Егер, ауыл шаруашылығы саласы мамандарының сөзімен сөйлесек, бүгінде тұяқты жануарларды күн-түні қорып, қармағына іліндіргісі келетіндей ниетте жүрген браконьерлермен күрес бақылауда болғанымен, олардың қарақұйрықты ату фактілері толастамай отыр. Сала мамандарының айтуына қарағанда, жаппай браконьерлік іс-әрекеттер еліміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарының аумақтарында орын алып отыр екен. Мәселен, 2009 және 2011 жылдардың алғашқы жартысындағы мәліметтерді сөйлетер болсақ, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы Орман және аңшылық шаруашылығы комитетіне қарасты бөлімшелер 33 қарақұйрықты атып алудың 9 фактісін тіркеген. Бүгінде сол 9 фактінің 6-уы бойынша қолға түскен браконьерлер жазаға тартылса, қалған 3 факті бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Бұлардың сыртында жануарлар әлемін қорғау, тиімді пайдалану жөніндегі заң нормаларын бұзу салдарынан орын алған шығынды қайта қалпына келтіруге бағытталған ел Үкіметінің 2004 жылдың 5 наурызында қабылданған арнайы қаулысы бар. Бұл қаулы бойынша, қарақұйрықты заңсыз аулаған браконьерге 400 айлық есептік көрсеткіш (төменгі есептік көрсеткіш) негізінде айыппұл салынатын көрінеді. 2011 жылы бұл айыппұл сомасы 604800 теңгеге көтеріліпті. Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі негізінде киік тұқымдас жануарларды заңсыз түрде құрықтарына іліктірген браконьерлер 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылады. Оған қоса, қару-жарақтары мен мүліктері тәркіленеді.
Алайда, тұяқтыларды қорғаудың, браконьерлердің аяғына тұсау салудың әдіс-амалы әлі де олқы түсіп тұрғандай көрінеді бізге. Мұны дала еркесі санының күн санап сирей түсуінен байқауға болады.
60-шы жылдары құруға шақ қалған тұяқтыларды сақтауды бірнеше бағытта жүргізу көзделіпті. Солардың бірі – оларды арнайы қорықтарда көбейтуге бағытталған. Ал 70-ші жылдары кеңестік кеңістік бойынша 7 қорықтың негізі қаланса, бүгінгі таңда солардың тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Ол Өзбекстан жеріндегі «Джейран» экоорталығы. Әзірбайжан да қарақұйрықты сақтау, қорғау және оларды өздерінің тарихи өңірлеріне қайта жерсіндіру бағдарламасын қолға алғанға ұқсайды. Мәселен, аталған бағдарлама негізінде Абшерон аймағының шекарасына 150-ге тарта қарақұйрықты жерсіндіру көзделген. Бағдарламаны жүзеге асыру 2010 жылдың соңын ала басталған. 2011 жылы бұл бағыт бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілмек. Түркіменстандағы жағдай да көңілге жылылық ұялатады. Әрине, 90-шы жылдардың басында бұл елде де қарақұйрық жойылып кету қаупін бастан кешірген. Алайда, қазіргі таңда мұндағы дала еркелерінің белгілі бір бөлігі Бадхыз секілді арнайы табиғи қорымдарда қорғалуда. Бұл өзге елдерде қалыптасқан жағдайдан көрініс беретін мысалдар.
Ақын Есенғали Раушановтың:
«Қара-қара түлейден қаптап өріп,
Қарақұйрық су ішкен қаққа келіп.
Қарақұйрық – ғасырлар көше берген,
Қара желін даланы қақтап еміп...» деп келетін өлең жолдары бар. Табиғат тылсымы мен сиқырына жаны құштар сыршыл ақынның да тұяқты жануарды ардақтап, осылайша жырға қосуы осы бір жаратылыстың қасиетін іштей сезініп, түсінгендіктен болар.
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің қолға алуымен 2014 жылға дейінгі «Жасыл даму» салалық бағдарламасы қабылданыпты. Бағдарламаның өзегі – дала еркесін қорғау, есепке алу және бақылауға, сондай-ақ, оларды өздерінің тарихи мекен ету аймағына қайта жерсіндіруге негізделіпті. Ал оның діттеген жерден шығуы уақыт еншісінде дейміз...
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.