19 Мамыр, 2011

Парламент пәрмені принципті ме?..

422 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының күн тәртібінде он төрт мәселе қаралса, соның жетеуі заң жобаларына қорытынды әзірлеуге арналды. Спикер алдымен отырысты сөз сөйлеп ашып,  ТМД ПАА мен ЕурАзЭҚ ПАА шеңберінде Қазақстан парламентшілеріне берілген марапаттауларды иелеріне салтанатты жағдайда табыс етті. Палата бұған дейінгі оты­рыс­тарын түске дейін бітіріп тас­тай­тын, ал кешегі жиында талқылау түстен кейін де жалғасты. Жағ­дай­дың бұлай қалып­та­суы соңғы кездегі сыбайлас жемқор­лық әре­кеттерінің көптеп әшкереленуі­мен де байланысты болса керек. Бұл депутаттар тарапынан белгілі бір дең­гейде шаралар қабыл­дан­бауынан да орын алғанға ұқсай­ды. Мұны кейбір депутаттардың өзі де мойындап отыр. Кешегі отырыста әріптесте­рі­не тас­та­ған үндеуінде Ирак Елекеев «Қор­ғас» кеден бекетіндегі жемқорлық жағ­дайдың қайтала­нуы­на аталған мәселе бойынша арнайы пленарлық отырыс­тың өткізілмеуі де себеп болуы ықти­мал деп есептейтіндігімен байла­ныс­­тыр­ды. Депутат пайымынша,  милл­иард­­таған қаржы бюджетке түспеуде. Осы рет­те Ирак Қа­сым­ұлы Парламент тек заңшы­ғару­шылық жұмыспен айна­лы­суы керек деген пікірмен келіспейтіндігін, әр депутаттың кем дегенде 14-ке тарта өкілеттігі бар екенін жеткізді. Егер Парламент пен оның депутаттары принципті болса, онда министр мен орын­ба­сар­лары темір тордың арғы жа­ғын­да отырмас еді, деді депутат. Сол сияқты егер біз принципті болсақ, онда әкімдер қалтасын ақшаға тол­тырып, шет­ел асып кетпеуші еді, деді тағы сө­зін сабақтай түсіп. Ендігі мәселе – қыл­мыстық жазаға тарту емес, жемқорлық қылмыстың ал­дын алу, заңның бұзы­луына жол бермеу. Сөзінің аяғында депутат Мемлекет басшы­сы­ның күшті Пар­ламентті көр­гісі келетінін, мәселе­лер­ді тал­­қылауда мемлекеттік көз­қа­рас пен пар­ламентаризм ру­хының сезіліп тұруы тиіс­тігін ерекше атап көрсет­кеніне тоқталды. Жалпы отырыста бірінші мәселе ретінде еліміз тәуелсіздігінің 20 жылды­ғына орай рақымшылық жа­сауға қатысты заңдық құжатқа қорытынды әзірлеу ұсынылды. Оның қаралу мерзімін үстіміздегі жыл­дың 31 қазаны деп белгілеу туралы шешім депутаттар тарапынан қолдау тапты. Негізінен рақымшылыққа жасөспірімдер, зейнет жа­сындағылар мен әйелдерді қоса алғанда, аса ауыр емес, орташа қылмыс жаса­ғандар ілігетін көрінеді. Олардың қазіргі нақты­лан­ған саны 13 мыңдай. «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заң­намалық актілеріне салық салу мәсе­ле­ле­рі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы бірінші оқы­лым­да талқыға түсті. Заң жобасы бойынша Қар­жы және бюджет коми­те­тінің хатшысы Сансызбай Есілов баяндама жасады.  Осы ретте заң жобасына бір топ Мәжіліс депу­таты  бас­тамашы болғанын айта кету керек.  Заң жобасының мақ­саты халықаралық  прак­ти­каға сәйкес салық салу мә­селелері бойынша халық­ара­лық салық салу және ха­лықаралық шарттарды әкім­шілендіру жүй­е­сін жетілдіру болып табылады. Ғылы­ми-құқықтық және сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы ғы­лыми сараптаманың қоры­тын­ды­лары­нан өткен заң­дық құжат талқылау нә­ти­жесінде бірінші оқылымда мақұлданды. Бірінші оқылымда қол­дау тапқан «Қа­зақ­стан Рес­публикасының кейбір заң­на­ма­лық актілеріне ислам­дық қаржыландыруды ұй­ым­дастыру мәселелері бой­ынша толық­тырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы күн тәртібіне қайта енгізіліп, екінші оқы­лымда қаралды. Қаржы ми­нистрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады. Депутат Бауыржан Смайылов заң жобасын қа­был­дау республикалық бюд­­жет­тің тапшылығын қар­жыландыру үшін инвесторлар қаражатын тартуға мүм­кіндік беретіндігін баса айтты. Бұдан басқа еліміз­дің корпоративтік секторы үшін бағдар белгілеу мақсатында Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығаруы үшін қажетті нормативтік құ­қық­тық базаны қамтамасыз ету көзделіп отыр.  Бұл заң жо­басы екінші оқылымда мақұл­­данды. Жалпы отырыста, соны­мен қатар, Ұй­ым­дасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл  мен  Қылмыстық және қыл­мыстық іс жүргізу заңна­масын жетілдіру мәселелері  бойынша кейбір заңнама­лық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жоба­лары бірінші оқылымда ма­құлданды. Алдыңғы заңдық құжат бойынша баян­да­ма­ны Ішкі істер министрінің орынбасары Александр Кулинич, ал соңғысы бой­ын­ша Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоганн Мер­кель  жасады. Кешегі жалпы отырыс барысында бұдан басқа да барлық мәселелер қолдау тап­қан­дығын айта кету керек. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.