Кез келген мемлекет экономикасының көліктік секторы оның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси бағытталуының негізгі компоненті. Көлік мемлекетаралық сауда-экономикалық қатынастардың материалдық базасы рөлін атқарып, дүниежүзілік экономикалық кеңістікті қалыптастырушы фактор ретінде қызмет етеді.
Қазақстанның геосаяси басымдықтары мен Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Еуразия аумағындағы интеграциялық үдерістердегі рөлі контексінде Көлік және коммуникация министрлігі жүзеге асырып жатқан мемлекеттік саясат еліміздің транзиттік әлеуетін толыққанды әрі тиімді пайдалануға, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге және көліктік қызмет түрлерінің сапасын арттыруға бағытталған.
Көліктік ведомство көлік және коммуникация саласында әлемнің 60-тан астам елімен және бірқатар интеграциялық ұйымдар шеңберінде халықаралық құқық нормаларына сәйкес өзара тиімділік пен теңдік негізінде белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Қабылданып жатқан шаралар Қазақстанның өзіндік орны бар дүниежүзілік жүк ағымының жүйесіне қызмет етуге қажет алғышарттар жасауда және тауар айналымын одан әрі арттыруға қажет қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуде. Қазақстандық бастамаларды және шетелдік әріптестермен бірлескен жобаларды іске асыру арқылы еуразиялық көліктік жүйеге ынтымақтасу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қазақстанның Еуразия кіндігіндегі географиялық орналасуы оның құрлықтағы Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу және Орта Шығыс, Орталық Азия, Ресей Федерациясы және Еуроодақ сияқты макроэкономикалық аймақтарға бір мезетте шығуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағы арқылы халықаралық маңызға ие 6 автомобиль, 9 темір жол және 4 әуе дәліздері өтеді. Осы дәліздер Қазақстанның солтүстік – оңтүстік және батыс – шығыс бағыттарда ішкі құрлықтық көліктік тасымалдарды трансқұрлықтық мемлекет ретінде қамтамасыз етудегі рөлін күшейтеді. Қазақстандық автомобиль мен темір жолдардың учаскелері азиялық және еуропалық жолдар желілерінің, халықаралық көліктік дәліздердің құрамдас бөліктеріне айналған.
Қазақстан аумағынан көпжақты бағытта шығуды одан әрі қамтамасыз ету қажеттігіне және ел экономикасы үшін халықаралық көліктік интеграциялық үдерістерге қатысудың маңыздылығына байланысты транзиттік әлеуетті дамыту Қазақстанның көліктік саясатының басым бағыты болып айқындалған. Автомобиль мен темір жолдар желілерінің кешені, ел аумағының үстіндегі әуе жолдары және Каспий теңізіндегі стратегиялық маңызға ие Ақтау порты бар Қазақстан өзінің ұлттық транзиттік мүмкіндіктерін үздіксіз әрі қауіпсіз еуразиялық көліктік қатынастарды қамтамасыз етуде іске асыра алады. Қазіргі уақытта қолданыстағы көліктік дәліздерді жетілдіру және жаңа төте дәліздер ашу арқылы, сондай-ақ, көлік пен логистиканың тиісті инфрақұрылымын дамыту арқылы Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейту бойынша шаралар қабылдануда.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан, Қытай, Ресей және Еуроодақ арасында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізін салу мен қайта құру жобасы, мемлекет басшылары арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қазақстан, Түркіменстан және Иран арасында «Өзен – Гызылгая – Горган» темір жол желісін салу, Қытаймен бірлескен «Қорғас – Жетіген» темір жол желісін ашу жөніндегі жобалар іске асырылуда.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінде жеңілдетілген және жеделдетілген транзитті іске асыру мақсатында заманауи көліктік құралдар, интеллектуалды көліктік жүйелер, тиімді тасымал технологиялары және ұтымды анықталған маршруттар пайдаланылады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» мега-жобасының басты ерекшелігі Қытай – Еуропа бағытында ең төте бағдармен ең қысқа мерзімде жүк тасымалын автомобиль көлігімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруінде.
«Жетіген – Қорғас» жаңа темір жол желісі Қытаймен шекарадағы екінші шекарадан өту бекеті болып, екі ел арасындағы көліктік қатынастың жаңа бағытын ашады. Нәтижесінде, Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да мемлекеттерінің Қазақстанмен және Орталық Азия өңірімен экономикалық қарым-қатынастарын дамыту мен кеңейтуге мүмкіндік жасалады.
Ұзындығы 146 шақырым болатын Өзен – Түркіменстан шекарасы маршруты бойынша жаңа темір жол қатынасын ашу «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізінің мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Көлік саласындағы ынтымақтастықтың басқа да жетістіктеріне келсек, темір жол машина құрылысында әлемге әйгілі «Дженерал Электрик», «Альстом», «Трансмашхолдинг», «Тальго» сынды халықаралық компаниялармен әріптестік орнатылып, елімізде танымал брендтердің өнімдері пайда бола бастады. Өзара тиімді әріптестік халықаралық қаржы институттарымен де жүзеге асырылуда. Азия даму банкімен бірлесіп, бірнеше ірі инфрақұрылым жобалары іске асты. Мысалы, 2001 жылы «Астана – Алматы» және 2005 жылы «Алматы – Бішкек» автожол учаскелері қайта жаңартылды. Қазіргі уақытта осы халықаралық қаржы институтымен бірлесіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бірқатар учаскелері қаржыландырылып жатса, «Атырау – Ақтау» автожолын салу жоспарда бар. Еуропа қайта құру және даму банкі де көлік саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсенді араласуда. Мұндайлардың қатарына Ақтау портын қайта жаңарту, «Алматы – Бішкек» және «Атырау – Ақтау» автожолдарын қайта жаңарту, қазіргі уақыттағы «Ақтөбе – Мәртөк – Ресеймен шекара» автожолын қайта жаңарту мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың инфрақұрылым мен ескірген жылжымалы құрамды жаңғырту жөніндегі жобаларына қатысуды жатқызамыз.
2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасында Кеден одағының күшіне енуінің бірінші кезеңі басталғаны белгілі. Ал, ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бірыңғай сыртқы сауда саясаты іске аса бастап, 1 шілдеден ішкі кедендік шекаралар жойылады. Кеден одағының құқықтық базасы 83 халықаралық келісім мен Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде қабылданған 13 келісімнен тұрады. Қазіргі уақытта Кеден одағының 42 халықаралық келісімі ратификацияланды. Олардың үшеуі Көлік және коммуникация министрлігі еншісінде. Кеден одағы шеңберіндегі келіссөздерде отандық автомобиль, темір жол және әуе тасымалдаушылары үшін өтпелі кезеңде жылжымалы құрам сатып алған кезде жеңілдетілген шарттар болуына қол жеткізілгенін атап өткен жөн.
Тәжірибе байқатқандай, халықаралық сауда жүйесіндегі көліктің физикалық және физикалық емес кедергілерін жою үдерісі көптеген үкіметтік ұйымдардың белсенді атсалысуын қажет етеді. Аталмыш үдерістің екінші шетінде бюрократиялық процедуралардың барлық түріне тап болатын жеке-меншік сектор бар.
Қорыта келгенде, халықаралық интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі көпжақты, алыс-жақын шетелмен екіжақты ынтымақтастық жүргізуде құқықтық базаны қамтамасыз етуді үйлестіру, кедендік және шекаралық рәсімдерді жеңілдету, салықтық заңнаманы біріздендіру және көлік инфрақұрылымын техникалық әрі технологиялық тұрғыдан жаңарту мен жетілдіру мәселелері басымдық сипатқа ие болып, ол еліміздің көліктік кешенінің тиімді әрі қауіпсіз қызмет етуіне, транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталмақ.
Манат БИБАСОВ, Көлік және коммуникация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры .