Демограф Мақаш ТӘТІМОВ: «Ұлттың саны сапаны көтереді»
Батыстың жиһангерлері көшпелі ел деп келген қазақ бүгінде көшелі елге айналды. Тәңіріге мың қайтара тәубе дейміз! Көшіп-қонып жүрген жұрттың қарасы көбейгені ілкіде біреу. Тым әрі бармай-ақ, тәуелсіздікке тәуекел еткен Алашорда тұсындағы қолдан жасалған зұлматтар, одан беріде астыртын ұйымдастырылған қазақтың қалың ел болмауын көксеген саясат, міне, біз бүгінгі байрағымызды биік желбіреткен күнге көп шығын жұмсап қол жеткіздік. Өткенге деген өксікті басып, келешекке көңілімізді демдеп отырған жайымыз бар. Осы орайда қазақ ұлтының ішкі-сыртқы саны мен сапасын бір түгендеп қою ниетімен Қазақстандағы демография ғылымының негізін салушы, саясаттану ғылымдарының докторы, Орталық Азия университетінің құрметті ректоры Мақаш ТӘТІМОВКЕ төмендегідей сауалдар қойдық.
– Мақаш Байғалиұлы! Шеттегі және елдегі қазақтың ара салмағын, зұлматқа тап болмағанда бүгінгі күні қанша миллионнан әрірек барып табан тірейтін едік, соны қысқаша айтып өтсеңіз?
– Қазақ ұлты таралуы, жайыла қоныстануы жағынан Еуразия алып супер континентінде араб, қытай, орыстардан кейінгі төртінші тұрған ұлт. Ал осы территориядағы көшпелі елдердің арасында қазақ бірінші орында тұр. Халық саны жағынан моңғолдар 9 млн, тибеттер 6 млн, маньчжур халқы 5 миллиондай. Көршілес қырғыздардың өзі әлі 5 миллионға тола алмай отыр. Міне, кешегі көшпелі халықтар ішінде, қаншама қырғынға ұшыраса да, қандай зобалаңды бастан кешсе де біз алдыңғы қатарда тұрмыз. Ахмет Байтұрсыновтың бір сөзі бар. Оны менің әкем Семейдегі Алаш партиясының Шығыс округтік жиналысында өз аузынан естідім дейтін. Сонда Ахаң: «Әлхамдулилла, аз емеспіз, 6 миллион қазақ бармыз», деп айтқан дейді. Енді ол кезде әлгі 6 миллионның ішіне қырғыздар да енген, қарақалпақтар да, өзбектің ішіне сіңіп кеткен (мәселен, қатаған сияқты) құрама аз ұлттар да болған. Ол кезде 6 миллион болу – үлкен көрсеткіш. Оның үстіне көшпелі халық үшін бұл дегеніңіз ауызды қалай толтырып айтсаңыз да жарасарлық нәтиже. Егер қазақ қырғынға ұшырап, 1932 жылғы ашаршылық сияқты зұлматқа тап келмеген болса, бүгінде біз әлем бойынша 30 миллион, өз ішімізде 25 миллион болып отырар едік.
– Сол күнге жетуді нәсіп еткей! Ал енді ұлтымыздың әлемдік ауқымдағы ара салмағы қандай? Нақты цифрларды сөйлетсек?
– Енді қолда бар деректерге сүйеніп сөйлер болсақ, санақ бойынша қазірде әлемді жайлаған қазақтардың саны – 15 миллион 642 мың адам. Соның үштен екісі Қазақстанда тұрады. Бұған дейінгі санаққа сүйеніп, одан бергі екі жарым жыл ішіндегі табиғи өсімді қоса отырып есептегенде, тап қазір Қазақстанда 10 миллион 575 мың қазақ тұрады. Құдайға шүкір, ұлттық ара салмақ бойынша 65 пайызға жақындап келе жатырмыз.
Тың игеру кезінде қазақтың ара салмағы 27 пайызға дейін төмендеп кеткен. Жер аударылғандар елге толығымен оралмады, соғыстан кейін сырттан өзге ұлттар көптеп көшірілді, елімізде жабық қалалар салынып жатты, соның бәрі қазақтың өсіміне кері әсерін тигізіп отырды. Патша заманындағы 1897 жылғы санақта қазақ өз жерінде 81 пайыз болған. Кейіннен, яғни кеңестік кезеңдегі қолдан жасалған қиыншылықтар мен ұлтқа қарсы ұйымдастырылған зұлматтың салдарынан 27 пайызға құлдырап кеткен.
Сан сапа туғызады. Ұлттың санын көтермей сапаны қайдан аларсың?! Қазақтың саны өз елінде 70 пайызға жетпей, тілін өз тұғырына қондыра алмайды. Тағы да басқа проблемаларын шешу мұң боп қалады. Міне, осы ретте қарамыз көбейіп, сан сапаға ауысқанда барлық мәселе өз-өзінен шешіліп жатқандай болады. Тіпті, тіл мәселесі де өздігінен шешуін табады. Артық айтқаным емес, тіл мәселесін ешбір билік құралы не болмаса заңның күші шешпейді, тілдің проблемасын демография шешеді. Ұлттық басымдық болған жерде тілдік орта қалыптасады. Сол орта мемлекеттік тілді қолданғанда ғана ол тілдің көсегесі көгереді. Содан кейін қазақтың менталитетін көтеру керек. Сонда ұлттың абыройы өседі, беделі артады. Сөйткенде ғана басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде қарым-қатынас жасауға тырысады.
– Сырттағы қандастарымыздың хал-ахуалы, өсімі мен сапалық деңгейі қандай деп ойлайсыз?
– Айтайын. Шет елдегі қазақтардың саны 5 миллионнан асып отыр. Дәлірек айтқанда – 5 миллион 065,5 мың. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бұл дегеніңіз шеттегі қазақтың өзі қырғыз халқынан көп екендігін көрсетеді. Башқұрттардан 3 есе, қарақалпақтардан 10 есе, ал ноғайлармен салыстырғанда 70-80 есе көп. Дүние жүзіндегі қазақтардың орналасу картасына қарасаңыз, жаңағы 5 миллион қазақ Қазақстанды қоршап жатыр. Еділдің төменгі ағысынан бастап, Жайықтың бойымен, Сібір өңірін қамти отырып, Алтайда, Моңғолияның қазақ көп қоныстанған Баян-Өлгейі, одан кейін Қытайдың өзінде 3 қазақ облысы бар. Міне, осы жерлердің бәрінде біздің қандастарымыз шоғырлана орналасқан. Сондай-ақ Орталық Азияда Қырғызстанда, Өзбекстанда, әсіресе, Ташкенттің маңында, Тамды, Кенимех, Заравшан, Үшқұдық сияқты жерлерде қаракөздеріміз көп. Қарақалпақстанда бұрын қазақтар халық саны жөнінен бірінші орынды иеленетін. Одан кейін елімізге ауа көше бастағалы бері екінші орында болды да, қазір онда өзбектер көп. Біз ол жерде үшінші орында тұрмыз. Міне, байқағаныңыздай, қазақ жұрты туған жерінен алысқа ұзай қойған жоқ. Мәскеу, Санкт-Петербург, Ыстамбұл секілді жерлердегі қазақтар диаспора болып есептеледі. Ал Қазақстан маңындағыларды ерредиенттер деп атайды. Мен оларды ерен жұрт деп жүрмін. Ол дегеніңіз өз жерінде отырып, шекара бөлінген кезде арғы бетте қалып қойғандар дегенді білдіреді.
– Атамекенге оралу үдерісінен қай елден келіп жатқан қандастарымыздың қарасы көп?
– Квотаны көтергенімізбен әлі күнге соны дұрыс орындай алмай отырмыз. Соған қарамастан, қазақтар Өзбекстаннан көптеп келіп жатыр. Қытайдан келушілер туралы айтсақ, біз жақтан да, олар жақтан да құжаттау мәселесі өте қиын. Сол себепті Қытай тарабынан ағылған жұрттың нөпіріне тосқауыл бар. Ал Гонконг, Сингапур, Жапония, Германия, Англия, Франциядағы қазақтардың саны соншама көп емес. Айналасы он мыңдай ғана. Және олардың атамекеніне оралғысы жоқ. Неге? Өйткені, олардың жағдайлары сол елдерде жақсы жолға қойылған. Сапалық деңгейін айтар болсақ, білімдері, заман ағымына ілесуі, мамандық таңдауы, әл-ауқаттары айрықша. Бизнестері жүріп жатыр, құқығы жақсы қорғалған деген сияқты мәселелер оларды қазақ жеріне келуге мойын бұрғызбайды. Рас, олар жаңағы аталған мемлекеттерге сіңіп кете қойған жоқ, қайта сол алыс шетелдердегі қазақтар ұлттық дәстүрді, тілді, өнер мен мәдениетті барынша сақтап қалуға тырысады. Менталитеттері қазақы болғанымен, тілдері жергілікті ұлттың тілдік ықпалынан сәл өзгеріске ұшыраған. Түрік, француз акцентімен сөйлейді дегендей. Түпкілікті көшіп келуге ниеті болмаса да, олар Қазақстанды «Атамекенім!» деп біледі. Уақыт тауып турист ретінде болса да келіп-кетіп жүреді.
– Ұлтымыздың сыртқы, ішкі табиғи өсімі қай деңгейде? Демография ғылымы мемлекет азаматтарына санақ жүргізіп қана қоймай, келешектегі өсіп-өну процесіне де болжау жасайтын болар?
– Жалпы шетелдік қазақтар арқылы санымызды көбейтеміз деп сеніп қалмау керек. Шеттегі де, іштегі де қазақтың табиғи өсімі әзірге жақсы. Сырттағы 5 миллион қандастарымыздың табиғи өсімі түптеп келгенде Қазақстанға оралып жатыр. Жат жұртта жүрген бауырларымыздың жылдық табиғи өсімі әрі кетсе 75 мың. Олардың 50 мыңы бізге келіп жатса, соның өзі үлкен олжа.
Ел ішіндегі табиғи өсімге келсек, былтыр 365 мың бала өмірге келіп, 145 мың адам көз жұмды. Сонда 220 мың адамға табиғи өсім бердік. Соның дені өзіміздің қазақтар. Бұйыртса, 2020 жылдары қазақтардың өсім көрсеткіші 75 пайыздық көрсеткішті құрап, 2030 жылдары 80-85 пайызға жетуіміз әбден мүмкін деп болжап отырмыз. Осы қарқынмен басымызды көбейтуді саналы түрде жүргізсек, әрине!..
Қайталап айтамын, шет елден келетін оралмандар санымызды көбейтеді деп айтамыз ғой. Ол дұрыс, алайда олар біздің жалпы санымыздың төрттен бірін ғана бере алады. Негізі ұлтты көбейтетін – өз ішіміздегі табиғи өсім. Бала санын көбейту үшін ата-аналарды ынталандыру керек. «Алтын алқа», «Күміс алқа» деп марапаттап жатырмыз. Жақсы. Алайда ондай атқа ие болып жатқандардың бәрі егде тартқан аналарымыз. Біз бүгін денсаулығы мықты жас аналарға көңіл бөлгеніміз жөн. Құдайға шүкір, қазір екі балалық деңгейден енді ғана көтеріліп келе жатырмыз. Екі балалық деңгейіміздің көрсеткіші – 2,7. Үш балалық деңгейге жетпесек те, соған жақынбыз. Қалалық жерде төртінші бала болса, ауылдық жерде бесінші бала болса, міне сол жақсы деңгей болар еді. Спорттағыдай алтын, күміспен қатар қола медальмен де марапаттау керек жас аналарымызды. Өмірге сәби әкелген келіншектерге жеңілдіктер қарастырып, оларға жағдай жасаған жөн. Бала тапқызған еркектерді де ескерусіз қалдырмаған дұрыс. Сонда біздің халқымыз өседі, өнеді, мемлекеттігімізді ұстап тұратын саны да, сапасы да мықты ұлтқа айналады.
– Қазақ халқының саны мен сапасы хақында жүйелі пікіріңізбен бөліскеніңізге рахмет!
Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, журналист.
Алматы.